Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Р&А рәсімі банк салымшыларына несімен тиімді?

Қазақстанда халықтың банктердегі жинақ ақшаларының сақталуын депозиттерге кепілдік беру жүйесі қамтамасыз етеді. Бұл жүйеге ислам банктерінен басқа банктердің барлығы кіреді. Егер реттеушінің шешімі бойынша қатысушы банктердің бірі лицензиясынан айырылатын болса, ҚДКБҚ мұндай банктердің салымшыларына кепілді өтем төлейді. Депозиттер бойынша өтем төлеу тәртібі мен төлем мерзімі заңнама жүзінде бекітілген.


Дегенмен кепілді өтем төлеу – салымшылар үшін өз қаражаттарын алудың жалғыз жолы емес.


Заңнамада проблемалық банктің міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін (негізінен кепілдік берілген депозиттерді) және активтерін қаржылық ахуалы тұрақты қаржы институтына бір мезгілде беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл операция Р&А (purchase and assumption) деп аталады. Аталмыш механизм проблемалық банкті реттеудің ең тиімді әдістерінің бірі.


Сонымен Р&А операциясының мынадай артықшылықтары бар:


  • проблемалық банктің дәрменсіздігін жөнге келтіруге кететін шығындар қысқарады;
  • нарық жұмысының бұзылуы барынша азайтылады, өйткені активтер басқа банкке өте қысқа уақыт аралығында берілуі мүмкін;
  • жергілікті экономикаға келтірілетін залал да мейлінше азайтылады;
  • салымшылардың қаражаттары сақталады, өйткені жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттері сатып алушы банкке толық көлемде өткізіледі;
  • салымшыларға банктік қызмет көрсету ісі әсіресе шұғыл түрде P&A операциясын жүргізген жағдайда үздіксіз дерлік жалғасып отырады;
  • айталық, мысалы, АҚШ-та проблемалық банктің активтері мен міндеттемелерін басқа, істеп тұрған банкке өткізу демалыс күні жүргізіледі. Соның арқасында халыққа банктік қызмет көрсету ісі үздіксіз жалғасады;
  • салымшыларға ыңғайлы, өйткені сатып алушы банк лицензиясынан айырылған банктің кейбір бөлімшелерін сақтауы мүмкін;
  • лицензиясынан айырылған банктің кейбір бұрынғы жұмыскерлері үшін жұмыс орындары сақталуы ықтимал.


Төлемге қабілетсіз банктер қатарына жатқызылған банкке қатысты P&A операциясын жүргізу туралы шешімді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оны консервациялау кезінде (төлемге қабілетсіз банктің қызметін арнайы басқару режімі) қабылдайды. Банк лицензиясынан айырылған жағдайда мұндай шешімді оның уақытша әкімшілігі Агенттіктің келісімі бойынша 20 жұмыс күні ішінде қабылдайды. Осылайша бұл туралы түпкілікті шешім қабылдау өкілетті органның құзыретіне жатады.


Бұл ретте сатып алушы банк төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін қабылдап қана қоймайды, сонымен қатар оның қызметі тиісті қаржылық талаптарға сай болуы тиіс әрі салымшыларға лайықты қызмет көрсетуі үшін филиалдық желісі жеткілікті болуы керек. Тек сонда ғана оған жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттері толық көлемде өткізіледі.     


Дейтұрғанмен, проблемалық банкті бұлайша жөнге келтіру әдісі барлық елдерде бірдей жүргізіле бермейді. Өйткені нарық жағдаяты әлсіз кезде проблемалық банктің активтерін бағалау және лайықты сатып алушы банкті іздеу оңай емес. Одан басқа, Р&А операциясын жүргізу рәсімі заң жүзінде барлық елдерде бірдей егжей-тегжейлі пысықталмаған және тәжірибелі, білікті мамандар жетісе бермейді.


Р&А рәсімі «ерікті және мәжбүрлі» тәртіпте жүргізілуі мүмкін. Қазақстанда банк жүйесі іске қосылғалы бері бірнеше Р&A операциясы жүзеге асырылды. Тек солардың біреуі ғана «мәжбүрлі» түрде болды («Қазинвестбанк» АҚ лицензиясынан айырылған соң, оның активтері мен міндеттемелерінің бір бөлігі «Альфа банк» ЕБ АҚ-қа өткізілді). Р&А ерікті рәсімі бірнеше себеп бойынша жүргізілуі мүмкін. Мысалы, банк ерікті түрде таратылғанда немесе банктің жеке тұлғалардың депозиттеріне қызығушылығы төмендегенде қолданылады. Мұндай жағдайда банк сатып алушы банкті өз бетімен іздеп, тауып, Р&А шарты аясында оған өзінің активтері мен міндеттемелерін өткізеді. Сатып алушы банк үшін P&A операциясының тартымдылығы сол, егер банкротқа ұшыраған қаржы мекемесі активтерінің сапасы нашар болса, олар айтарлықтай жеңілдікпен сатып алынуы мүмкін. Тіпті алатын активтерінің мөлшері міндеттемелерге қарағанда аз болған күннің өзінде сатып алушы банк P&A операциясын жасауға мүдделі. Неге десеңіз, әдетте сатып алушы банк банкортқа ұшыраған банктің белгілі бір активтеріне, клиенттік базасына қызығады немесе жаңа өңірде қызмет атқаруға ұмтылады. «Қазинвестбанк» АҚ және «Альфа Банк» ЕБ АҚ-қа қатысты айтар болсақ, активтер міндеттемелерге қарағанда 5%-ға көп алынды.


Егер лицензиясынан айырылған банкте кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелерді сатып алушы банкке өткізу үшін өтімді активтер жетіспей жатса, жетіспеген бөлігін ҚДКБҚ заң бойынша өзінің арнайы резервінің қаражаты есебінен өтейді. Бұл ретте мына талаптар сақталуы тиіс:


  • айырма сома кепілді өтем ретінде төленетін сомадан асып кетпеуі керек (әйтпесе Р&А операциясын жүргізудің түкке пайдасы жоқ);
  • Қор өзінің өтеген айырма сомасын мәжбүрлі түрде таратылатан банктен талап етеді. Ал ол белгіленген кезектілік тәртібі бойынша банктің активтерін сатудан түскен қаражат есебінен қанағаттандырылады.


Салымшылар үшін P&A операциясын жүргізудің артықшылықтары бар болғанымен, банктің дәрменсіздігін жөнге келтіруге арналған мұндай әдіс Қазақстанда танымал бола қойған жоқ.    


Мұның негізгі себептері – проблемалық банктердің активтерінің тартымдылығының төмендігі, сатып алуға қызығушылық білдіретін банктердің жоқтығы, салымшылардың өз ақшаларына қол жеткізу мерзімінің айқынсыздығы.


Алайда Қазақстан Р&А операциясын жүргізу бойынша тәжірибелік дағдыларды біртіндеп нығайтып жатыр. Соған қарап, болашақта дәрменсіздікті жөнге келтірудің бұл әдісі (экономикалық шығындар азайтылып) автоматтылық деңгейге жеткізіледі және Қазақстанның жағдайында анағұрлым тиімді әдіске айналады деп күтуге болады.    


Қорытындылай келе айтарымыз, P&A операциясын жүргізбеу туралы шешім қабылданған жағдайда ҚДКБҚ банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде оның салымшыларына заң жүзінде бекітілген максималды кепілдік сомасы шегінде өтем төлейді. Бұл туралы толығырақ мына жерден оқып білуге болады.