Кепілді өтемді төлеу – қадамдап орындау парағы

Қатысушы банк барлық банктік операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айырылған жағдайда ҚДКБҚ депозиторларға (салымшыларға және ағымдағы шоттар мен карточкалық шоттардың иелері – жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар және кәсіби медиаторларға) кепілді өтем төлеуді жүзеге асырады. Төлем тәртібі Кепілді өтемді төлеу қағидаларымен белгіленген.

Өтем төлеу банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 35 жұмыс күні ішінде басталады

БАНК ЛИЦЕНЗИЯСЫНАН АЙЫРЫЛҒАН КҮН

Банкті барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айыру

Банкті лицензиясынан айыру туралы ақпарат Агенттік пен ҚДКБҚ сайттарында, сондай-ақ БАҚ беттерінде жарияланады. Банк операцияларына қатысты барлық сұрақтар бойынша банктің уақытша әкімшілігіне хабарласу қажет.

20 ЖҰМЫС КҮНІ ІШІНДЕ

Депозиттерді басқа банкке беру туралы шешім

Банкті лицензиясынан айырған күннен бастап, 20 жұмыс күні ішінде депозиторлардың өз қаражаттарын қалай алатындығы шешіледі:

  • бірінші нұсқа – депозиторлардың депозиттерін басқа, қолданыстағы банкке өткізу;
  • екінші нұсқа – ҚДКБҚ-ның кепілдік шегінде ақша төлеуі.

Банктің уақытша әкімшілігі депозиторардың депозиттерін басқа банкке өткізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, депозиторлар қаражаттарын қолма-қол ақшаға айналдыруға, өздерінің банк шоттарына аударуға мүмкіндік алады немесе осы операция жүзеге асырылған соң, сол сатып алушы банктің клиенті атана алады. Егер активтер мен міндеттемелерді басқа банкке беру туралы шешім қабылданбаған жағдайда, ҚДКБҚ салымшыларға кепілдіктер шегінде өтем төлеуді жүзеге асырады.

30 ЖҰМЫС КҮНІ ІШІНДЕ

КҮН
30

Кепілді өтемді төлеуді бастау күні туралы хабарландыру

Банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 25 жұмыс күні ішінде ҚДКБҚ оның уақытша әкімшілігінен депозиторлардың кепілді өтем есептелген тізілімін алады, сондай-ақ төлемдерді қамтамасыз ету үшін ұйымдық шаралар өткізеді (мысалы, төлемдерді жүзеге асыру үшін агент банкті таңдайды).

Банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 30 жұмыс күні ішінде ҚДКБҚ төлемдерді жүзеге асыратын агент банктердің тізімін, өтем төлеу кезеңі мен өтем төлеу орындарын көрсете отырып, төлемдерді бастау күні туралы республикалық баспасөз басылымдарында және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру жариялайды. Сонымен қатар бұл ақпарат Агенттіктің, ҚДКБҚ және агент банктің сайттарында орналастырылады.

«Агент банк – бұл лицензиясынан айырылған банктің депозиторларынан өтініш қабылдауға және оларға өтем төлеуге уәкілетті, істеп тұрған банк».

35 ЖҰМЫС КҮНІ ІШІНДЕ

КҮН
35

Кепілді өтемді төлеуге өтініш қабылдаудың басталуы

Кепілді өтемді төлеу ҚДКБҚ төлемдердің басталғаны туралы хабарламаны жариялағаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде басталады.

1 ЖЫЛ ІШІНДЕ

КҮН
365

Кепілді өтемді төлеу кезеңі

Төлем басталған күннен бастап 1 жыл барысында агент банктер өтініштер қабылдау және өтем төлеу шараларын жүзеге асырады.

Кепілдік өтемақыны төлеу туралы өтінішті салымшы немесе оның өкілі агент банктің бөлімшелерінде қағаз жеткізгіште ұсынады.

Өтінішті агент банкке тапсырушының қолында жеке басын куәландыратын құжаты (жеке куәлігі немесе паспорты) болуы керек. Жекелеген жағдайларда, мысалы, ақшаны сенім білдірілген тұлға, кәмелетке толмаған балалардың салымдары бойынша ата-аналар, мұрагерлер, немесе тегін, азаматтығын ауыстырған жағдайда қосымша құжаттар талап етіледі. Кепілді өтемді алу үшін құжаттардың тізбесін қарап шығыңыз.

Агент банкте депозиторға немесе оның заңды өкіліне өтем алудың екі әдісі ұсынылады:

  • ақшаны кассадан алу;
  • ақшаны агент банктегі шотқа немесе кез келген басқа банкке аудару.
  • Агент банктер депозитордың өтініші мен растаушы құжаттарын алған күннен бастап, 5 жұмыс күнінен кешіктірмей кепілді өтемді төлейді.

    ТӨЛЕМ МЕРЗІМІ АЯҚТАЛҒАННАН КЕЙІН 30 КҮН ІШІНДЕ

    Талап етілмеген кепілді өтем сомаларын БЖЗҚ-ға аудару

    Төлем мерзімі аяқталған соң, ҚДКБҚ салымшылардың талап етпеген кепілдік сомаларын күнтізбелік 30 күн ішінде олардың БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шоттарына аударады.

    Ақша аудару мына жағдайларда:

  • салымшының ҚДКБҚ-дағы деректері (ЖСН, ТАӘ) оның БЖЗҚ базасындағы деректерімен сәйкес келгенде;
  • салымшының жеке басын куәландыратын, қолданыстағы құжаты болса;
  • салымшының БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар жеке зейнетақы шоты болғанда жүзеге асырылады.
  • Депозитордың талап етпеген кепілді өтем сомасы оның БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шотына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады және салық салудан босатылады. Аударылған қаражатқа инвестициялық табыс есептеліп отырады.

    Талап етілмеген кепілді өтем сомаларының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына келіп түскендігін «электрондық үкімет» порталы немесе БЖЗҚ сайты не болмаса оның мобильді қосымшасы арқылы үзінді көшірмені сұрату жолымен тексеруге болады.

    Бұл жағдайда депозитор ақшасын Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде көзделген тәртіпте және мерзімде алады.

    БАНК ТҮПКІЛІКТІ ТАРАТЫЛҒАНҒА ДЕЙІН НЕМЕСЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІН АЛУ ҚҰҚЫҒЫ ТУЫНДАҒАНҒА ДЕЙІН

    Төлем мерзімі аяқталған соң, дәлелді себептер бойынша өтініштер қабылдау

    Төлем басталған күннен бастап, 1 жыл ішінде кепілді өтем ақшаларын дәлелді себептерге байланысты ала алмаған депозиторлар, тіпті олардың ақшалары БЖЗҚ-ға аударылып кеткен күннің өзінде ҚДКБҚ-ға өтінішпен жүгіне алады.

    «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңымен белгіленген дәлелді себептер қатарына мына мән-жайлар кіреді:

  • депозитордың әскери қызметке орналасуы

    Растаушы құжаттарға мыналар жатады: ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери басқарма органдары берген, әскери есепке алу құжаттары немесе әскери борышты өтегендігін растайтын растаушы мәліметтер;

  • депозитордың Қазақстан аумағынан тыс жерде болуы

    Растаушы құжаттарға мыналар жатады: шекарадан өткені туралы белгі соғылған төлқұжат және (немесе) төлем мерзімі барысында шетелде болғандығын растайтын өзге де құжаттар;

  • депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер

    Растаушы құжаттарға мыналар жатады: салымшының қайтыс болғаны туралы куәлік, заң/өсиетнама бойынша Мұраға құқық туралы куәлік және (немесе) мұраны ашу немесе қабылдауды растаушы, оның ішінде сот актілері бар өзге де құжаттар;

  • депозитордың бас бостандығынан айыру орындарында болуы

    Растаушы құжаттарға мыналар жатады: заңды күшіне енген сот үкімі, бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтегені немесе жазасын өтеуден босап шыққаны жайында құжат;

  • сот анықтаған өзге де мән-жайлар

    Растаушы құжаттарға мыналар жатады: өтем төлеу мерзімі барысында кепілді өтемді алуға өтініш беруге кедергі келтірген мән-жайларды анықтайтын сот шешімі.

  • Дәлелді себеп бойынша төлемге өтініштер ҚДКБҚ Алматы қ. бас кеңсесінде және оның Астана қаласындағы өкілдігінде тікелей қағаз жеткізгіште қабылданады:

  • Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би к., 67, 3-қабат
  • Астана қ., Z01А5АF2, Мәлік Ғабдуллин көшесі, 18, 1-қабат, №5 кеңсесі
  • Сонымен қатар құжаттарды пошта бойынша жоғарыда аталған мекенжайларға жолдауға болады. Бұл жағдайда депозитордың немесе өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ оның өтініштегі қолы нотариалды куәландырылады.

    Дәлелді себептерге байланысты кепілді өтемді алуға өтінішті ҚДКБҚ-ға мына мерзім ішінде беруге болады, яғни:

  • Банк түпкілікті таратылғанға дейін (яғни банкті мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген күнге дейін);
  • Әлеуметтік кодекске сәйкес депозитордың ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейін (ақша сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда).
  • ҚДКБҚ өтініш пен растаушы құжаттарды алған күннен бастап, оларды 5 жұмыс күні ішінде қарайды және осы мерзім ішінде өтемді депозитордың банк шотына аударады немесе себебін көрсете отырып, өтем төлеуден бас тартады.

    Кепілді өтемді төлеу заңнамада белгіленген максималды сома шегінде жүзеге асырылады. Егер Сіздің жинақ ақшаңыз максималды кепілдік сомасынан асатын болса, банктің тарату комиссиясына жүгінуіңізді сұраймыз.

    Document