Мерзімді депозит
Негізгі мақсат
Мерзімдері мен мөлшерлемелері
Мерзімінен бұрын алу
ҚДКБҚ – депозиттердің қорғаны

Мерзімді салымдар – бұл мерзімсіз және жинақ салымның арасындағы үйлесімді нұсқа: мерзімді салымның жинақ салыммен салыстырғанда ұтқырлығы, ал мерзімсіз салыммен салыстырғанда табыстылығы едәуір жоғары.

Бұл салым сыйақыны ішінара жоғалта отырып, ақшаны толығымен немесе ішінара алуға мүмкіндік береді. Егер Сіз ақшаңызды осы депозитте мерзімі аяқталғанша сақтайтын болсаңыз, көтеріңкі сыйақы мөлшерлемесі осы шектеулердің орнын толтырады.

Мерзімді салымды таңдай отырып, Сіз көтеріңкі мөлшерлеменің арқасында ақшаны тезірек жинайсыз және аса қажет болған жағдайда осы салымдағы ақшаны пайдалана аласыз.

Толықтыруға болатын және болмайтын мерзімді салымдарды бір айдан жоғары мерзімге, сондай-ақ едәуір ұзақ мерзімге ашуға болады.

Мерзімді салымға ақша инвестициялауға дайын болған кезіңізде өзіңізге мына негіздерді айқындап алыңыз:

1 Ақшаны қай мерзімге саласыз?

2 Салымыңызды толықтырып тұрасыз ба?

Сыйақы мөлшерлемесі осы сұрақтардың жауабына тікелей байланысты:

1 Мерзімді салымдардың мерзімділігіне қарай сыйақы мөлшерлемесі де әрқалай болады;

2 Толықтырылмайтын салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері жоғары.

Мерзімді салымдағы ақшаны мерзімінен бұрын алудың еш жөні жоқ. Өйткені ақшаңызды мерзімінен бұрын алар болсаңыз, оның банкте жатқан мерзімі үшін есептелген табыс тек жартылай ғана сақталады. Яғни, сыйақы мөлшерлемесі елеулі түрде азаюы мүмкін. Депозит ашар алдында осы жағына көңіл бөліңіз.

Банк өзінің депозиттік өнімдері бойынша мөлшерлемелерді қайта қарау туралы шешімді ішкі депозиттік саясатына және банкті қаржыландыру қажеттілігіне қарай өз бетімен қабылдайды. Дегенмен банк бұл ретте банк салымы шартының талаптары бойынша салымның сыйақысын көбейту немесе салым мерзімін ұзарту жағдайларын қоспағанда, салым бойынша сыйақы мөлшерін біржақты ретпен өзгертуге құқылы емес.

Салым мерзімі мен толықтыру шарттарын өзіңізге ыңғайлы етіп таңдаңыз.

Жаңа мөлшерлемелер тек жаңадан ашылатын депозиттерге қолданылады. Бұрын ашылған депозиттер бойынша шарттар пролонгацияға немесе жабылуға дейін өзгермейді.

Мерзімді салым аса қажет жағдайларда ішінара және толық көлемде ақша алуға мүмкіндік береді:

1 Салымнан мерзімінен бұрын ішінара және толық көлемде ақша алуға рұқсат етілген;

2 Мерзімінен бұрын ақша алатыныңыз туралы хабардар еткен соң, банк Сізге 7 күннен кешіктірмей ақша беруге міндетті;

3 Мерзімінен бұрын ақша алу барысында салымның банкте жатқан бүкіл кезеңі бойынша есептелген сыйақы мөлшерлемесі азайтылады. Қаншалықты? Бұл, банк салымының шартына байланысты.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мерзімді салымдағы ақшаның және оған жинақталған сыйақының сақталуын қамтамасыз етеді.

Максималды кепілдік сомасы – 10 миллион теңге.

1 10 миллион теңгеге дейінгі салым (жинақталған сыйақыны ескере отырып) толығымен қорғалған;

2 Дәл 10 миллион теңгені құрайтын салым да толығымен қорғалған. Бірақ оның сыйақысы кепілдік берілген ең жоғары сомадан тыс есептеледі;

3 Салымның көлемі 10 миллион теңгеден жоғары – мысалы, 11 миллион теңге болуы мүмкін. Бірақ сақталуына кепілдік берілген ең жоғары сома – бәрібір 10 миллион теңге. Бұл жерде 1 миллион теңге – кепілдік берілген ақшадан артық сома. ҚДКБҚ оның сақталуына және төленуіне кепілдік бере алмайды.

Салымшы 10 миллион теңгеден асатын қалдық ақшаны «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген кезектілік тәртібімен алуға құқылы.

Ақшаңыздың бөлігін басқа банкке орналастыруды қарастырыңыз: әртүрлі банктердегі депозиттерге кепілдік жеке-жеке, әрқайсысында кепілдік сомасының шегінде беріледі.

Document