КФГД - Казахстанский фонд гарантирования депозитов
Онлайн түрінде ашылған депозиттерге қандай сомада кепілдік беріледі? ҚДКБҚ еске салады
Онлайн түрінде ашылған депозиттерге қандай сомада кепілдік беріледі? ҚДКБҚ еске салады
Депозитті ашу барысында салымшыларға толық көлемде ақпарат беріледі
Банктердің көрсететін қызметтері тек бөлімшелерінде ғана емес, олардың ресми мобильді қосымшалары арқылы да қолжетімді. Жаңа салымды ашу да солардың қатарында. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) тікелей банк бөлімшелерінде ашылған салымдарға қандай сомада және тәртіпте кепілдік берілсе, онлайн түрінде ашылған банк салымдарына да сондай сомада және тәртіпте кепілдік берілетіндігін еске салады.
Қазақстандық банктерде кепілдік сомасы депозиттердің түрі мен валютасына тікелей байланысты: теңгелік жинақ салымдарға – 20 миллион теңгеге дейін, сол жинақ салымдардан басқа, теңгедегі өзге салымдарға, шоттарға және карточкаларға – 10 миллион теңгеге дейін, валюталық шоттарға – 5 миллион теңгеге дейін кепілдік беріледі. Қордың кепілдіктері әрбір қатысушы банк бойынша бөлек төленеді.
Салымшылар депозитті ашу барысында оның қандай маңызды талаптарын бар екендігін біліп қана қоймай, қандай сомаға кепілдендірілгені туралы ақпарат алу үшін, Қор банк клиенттері үшін жаңа мәлімдеме нысанын әзірлеп, қолданысқа енгізді. Енді әрбір салымшы Қордың жинақ ақшаны қалай қорғайтындығы (өтем төлейтіндігі) туралы ғана емес, кепілдік сомасын қалай дұрыс есептеу керектігін де алдын ала біледі. Салымшылар депозитті онлайн ашу барысында да тиісті ақпаратты ала алады: банктер әдетте нысанға қатысты сілтемені онлайн-сервистерде және ресми қосымшаларда орналастырады немесе ақпаратты депозит бойынша кешенді шартқа қосады.
Қосымша ретінде депозиттің нақты түрі бойынша негізгі ақпаратты көрсету банктер үшін міндетті болып саналады. Мысалы, жинақ немесе мерзімді салым бойынша негізгі мәліметтер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) қаулысында заң жүзінде бекітілген.
«Біріншіден, банктің клиенті енді Қор кепілдіктерінің максималды сомаларын депозитті ашу барысында көреді. Екіншіден, сыйақы төлеу, ақшаны мерзімінен бұрын алу және депозиттің мерзімін ұзарту талаптары және басқа да маңызды ақпараттар алдын ала жазылуы тиіс. Бұл клиентке депозиттің өзіне қолайлы түрін таңдауға көмектеседі. Банк бұл маңызды мәліметтерді клиент банк шоты немесе салымы шартын жасасу барысында қол қоятын өтініштің немесе жекелеген құжаттың бірінші (негізгі, бастапқы) бетінен бастап көрсетеді (бұл құжаттар депозитті онлайн ашу барысында да қолжетімді). ҚНРДА қолдау көрсеткен ҚДКБҚ жаңа бастамасы қазақстандық салымшыларға байыпты қаржылық шешім қабылдауға және барынша артықшылық алуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді өз сөзінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы Әділ Өтембаев.
Егер депозит ашқан болсаңыз және ол қолданыста болса, Қорың ресми сайтында кепілдіктерді есептеуге арналған калькуляторды пайдалануға болады. Сонымен қатар депозиттер бойынша кепілдіктер туралы ақыл-кеңестер Қордың байланыс орталығының 1460 (қоңырау шалу тегін) қысқа нөмірі бойынша қолжетімді.
2024 жылдың 23 қыркүйегі, Алматы