Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жыл ортасының қорытындысын шығарып, Қазақстанда қаржы нарығының ағымдағы жаңалықтарының салымдардың қорғалуына әсерін бағалады.
Банктер туралы жаңа заңның ережелері мен депозиттерге кепілдік беру туралы заңнамаға енгізілген ілеспе өзгерістер салымшылардың құқықтарын қорғауды күшейтті. Ең басты жаңалық — банк лицензиясынан айырылған кезде ҚДКБҚ резервінен төлемдерді бастаудың шекті мерзімі қысқарды. Ол бұрынғы 35 жұмыс күнінің орнына 20 жұмыс күні болып белгіленді.
Бұл өзгерістер — заңнаманы дәйекті дамытудың бір бөлігі. Олар қалыптасқан тәжірибені бекітеді. ҚДКБҚ бұған дейін де кепілді өтемді белгіленген мерзімнен әлдеқайда тез төлеп келді. Мысалы, Tengri Bank, «АзияКредит Банк» және Capital Bank Kazakhstan салымшылары төлемге небәрі 6–8 жұмыс күні ішінде өтініш бере алды. Осы банктердің салымшыларына төленген жалпы сома 38 миллиард теңгеден асты.
Төлемдерді бастауды жеделдету — жинақ ақшаға кепілдік беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі. ҚДКБҚ бұл бағыттағы жұмысты бұдан кейін де кезең-кезеңмен жалғастырады. Қордың қаржылық негізі жеткілікті деңгейде қалыптасқан: арнайы резерв 1,7 триллион теңгеден асты. Ол заңда белгіленген нысаналы мөлшерден тұрақты түрде жоғары.
Еске саламыз, төлем карточкаларындағы ақша да банк салымдары мен шоттар сияқты депозиттерге кепілдік беру арқылы қорғалған. Төлемнің жаңа немесе бұрыннан таныс тәсілдері карточкадағы ақшаның заңнамалық қорғанысына әсер етпейді. Банк клиенттері түрлі тәсілмен төлем жасай алады: бірыңғай QR-кодты пайдалану, терминалда смартфонмен немесе смарт-сағатпен төлеу, соның ішінде Apple Pay мен Google Pay қызметтерін қолдану, «физикалық» картамен немесе өзге де тәсілмен есеп айырысу.
ҚДКБҚ бұрынғыша әрбір қазақстандық салымшының әрбір банктегі жинақ ақшаларының заңнамалық қорғанысын қамтамасыз етеді:
20 миллион теңге – теңгедегі жинақ салымдар бойынша (мерзімінен бұрын алуға болмайтын депозиттер);
10 миллион теңге – теңгедегі басқа салымдар, сондай-ақ теңгедегі ағымдағы шоттар мен төлем карточкалары бойынша;
5 миллион теңге – доллар, еуро және басқа да шетелдік валютадағы кез келген салымдар, шоттар және карточкалар бойынша.
Қазіргі уақытта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік лицензияларды қайта рәсімдеп, екінші деңгейдегі банктерге кезең-кезеңмен әмбебап банктік лицензияларды беруде. Лицензиялау процесі қазақстандық банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуларына әсер етпейді.
Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімінде әдеттегідей 21 банк бар. Бұл ретте ислам банктерінен басқа банктердің барлығы осы жүйеге қатысуға міндетті.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры – Қазақстанның Ұлттық Банкінің ұйымы. Ол өз қызметінде депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңды басшылыққа алады және елімізде қаржы тұрақтылығына қолдау көрсетуге қатысады. Бұған дейін Қор егер жинақ ақша ірі немесе әртүрлі банктерде орналастырылған болса, кепілдік сомасы қалай есептелетіндігін еске салған болатын. Ұйымның ресми сайтында бір банкте орналастырылған бір немесе бірнеше депозиттер бойынша кепілдік сомасын тез есептеуге арналған онлайн-сервис қолжетімді: kdif.kz/kz/calculator
Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы көбірек біліңіз:
www.kdif.kz
Байланыс орталығы: 1460