Баспасөз орталығы


Артқа

Салымшының тәуекелдер картасы: Қазақстанда депозитті қалай қауіпсіз орналастыруға болады? 3 бөлім – депозит бойынша кепілдік мөлшері қалай есептеледі

Telegram WhatsApp Facebook X (Twitter) LinkedIn
Для Google Docs: скачай .html -> загрузи в Google Drive -> "Открыть с помощью Google Docs".

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) салымшылар банк депозитінің «өмірлік циклі» барысында ұшырасатын ықтимал оқиғалар ішінде қазіргі кездегі ең өзекті тәуекелдерді, сондай-ақ ең сирек кездесетін тәуекелдерді белгіледі.

 

Үшінші және қорытынды бөлімде ҚДКБҚ сарапшылары салымдарды орналастыруға байланысты тәуекелдерді талдайды және жинақ ақшаларды, оның ішінде ірі салымдарды кепілдікпен қалай қорғау керектігін еске салады. 

 

Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі жұмыс істеп келе жатқан 26 жыл ішінде 11 банк лицензиясынан айырылды. ҚДКБҚ өз кезегінде 420 мыңнан астам салымшыға кепілді өтем төледі.  

 

Қазіргі сәтте жеке тұлғалардың отандық банктердегі шоттарының 99,8%-ы депозиттер бойынша кепілдіктермен толық көлемде қорғалған. Қалған 0,2%-ы – кепілдік мөлшерінен асатын ірі салымдар.  

 

 

Салымдардың әр түріне қалай кепілдік беріледі?

 

ҚДКБҚ жеке тұлғалардың банктердегі барлық депозиттерін қорғайды. Бірақ кепілдік сомасы шектеулі. Оның сомасы депозиттің түрі мен қай валютада ашылғандығына тікелей байланысты:   

 

20 миллион теңге – теңгедегі жинақ салымдар бойынша (мерзімінен бұрын алуға болмайтын депозиттер);

 

10 миллион теңге – теңгедегі басқа салымдар, сондай-ақ ағымдағы шоттар мен төлем карточкалары;

 

5 миллион теңге – доллар, еуро немесе басқа да шетел валютасындағы кез келген салымдар, банк шоттары және төлем карталары бойынша.

 

Егер салым осы жоғарыда аталған максималды кепілдік сомалары шегінде болса, заңнамалық қорғаныс толық көлемде деген сөз. Депозиттің көлемі заңнамада бекітілген кепілдік шегінен асатын болса, салымшының тәуекелі туындайды. 

 

Мысалы, салымшының мерзімді салымында 2 млн теңгесі бар делік. Банк лицензиясынан айырылған жағдайда, салымшы Қор тарапынан өз ақшасын есептелген пайызымен бірге толық көлемде алады. Ал егер мерзімді салымында 12 млн теңгесі бар болса, онда Қор салымшы алдында тек 10 млн теңге көлемінде өтем төлеуге міндеттеме алады.

 

 

Егер салымшыда депозиттің бірнеше түрі бар болса, кепілдік басқаша тәртіппен есептеледі  

 

Бір банкте бірнеше салым бар болса, кепілдік сомасын есептеу тәртібі басқашалау болады.

 

Қордың максималды кепілдік сомасы бір салымшы үшін бір банкте 20 млн теңгені құрайды. Бірақ бұл үшін салымшыға тиесілі салымдардың ішінде теңгелік жинақ салымы да болуы керек. Бұл салымға (немесе жиынтығында бірнеше салымға) 20 млн теңгеге дейін кепілдік беріледі. Ал қалған салымдар бойынша соларға тиесілі шекті кепілдік сомалары: теңгелік салымдар бойынша – 10 млн теңге, валюталық салымдар бойынша – 5 млн теңге екендігі ескеріледі. Жалпы төлем – максимум 20 миллион теңге.

 

Жинақ салымы жоқ болса, оның орнына теңгелік мерзімді, мерзімсіз немесе басқа салымы, дәл осы банкте шетел валютасындағы жинақтары да орналастырылған болса, Қор теңгелік салымдар бойынша – 10 млн теңгеге дейін, валюталық салымдар бойынша – теңгелік баламада 5 млн теңгеге дейін кепілдік береді. Жалпы төлем сомасы – максимум 15 млн теңге.

 

Сонымен жинақ салымдардан басқа, барлық теңгелік салымдарға 10 млн теңгеге дейін ең жоғары кепілдік беріледі. Ал валюталық салымдардың барлық түрі бойынша берілетін ең жоғары кепілдік мөлшері – теңгелік баламада 5 млн теңге.  

 

Осы мысалдардан көрініп тұрғанындай, заңнамада әртүрлі кепілдік сомаларын бір-біріне қоса салу, мысалы, 35 млн теңгеге жеткізу қарастырылмаған. Бір салымшының бір банктегі барлық депозиттері бойынша ҚДКБҚ беретін максималды кепілдік сомасы 20 млн теңгені құрайды.   

 

ҚДКБҚ сайтында бір банкте бір немесе бірнеше депозит бойынша кепілдік сомасын тез есептеуге арналған онлайн-сервис қолжетімді: kdif.kz/kz/calculator

 

 

Кепілдік шегінен асатын сомалардың тағдыры не болады?

 

Егер банк лицензиясынан айырылса, ҚДКБҚ жеке тұлғаларға (депозитор, карточка иелері) кепілдік берілген максималды сома шегінде өтем төлейді. Қор өтем төлеуді сол күннен бастап, 20 жұмыс күні ішінде бастайды. ҚДКБҚ лимитінен асатын қалдық ақшалар – таратылатын банктің міндеттемелеріне жатады. Сондықтан банкті тарату үдерісі аясында кредиторлардың талаптарын орындау барысында салымшы төртінші кезек бойынша өтем алуға құқылы. Төлемдерді осы банктің тарату комиссиясы оның активтерін сатудан түсетін қаражат есебінен жүзеге асырады. Яғни, төлем активтердің көлемі мен сатылуына байланысты.

 

 

Қорытынды: салымшылар ірі салымдарының қорғанысын өз бетімен қалай арттыра алады

 

Жеке тұлға жылжымайтын мүлкін 35 млн теңгеге сатты делік. Түскен ақшаны банкке орналастыруды ұйғарды. Енді салымшы сол ақшасының толық көлемде қорғалуын қамтамасыз етуі үшін не істеуі керек?

Базалық есеп: 20 млн теңгесін депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің бірінде жинақ салымға, 10 млн теңгесін келесі бір банкке теңгедегі мерзімді немесе мерзімсіз салымға және қалған 5 млн теңгесін тағы бір банкке орналастыратын болса, салған ақшаларының қорғалуын толығымен қамтамасыз етеді. Өйткені салған ақшалары максималды кепілдік сомасынан аспайды.

Нақты есеп: іс жүзінде ҚДКБҚ депозитке ақша салу барысында алдағы уақытта оған есептелетін пайыздарды есепке алуға кеңес береді. Егер салымға есептелген сыйақы сол салым бойынша кепілдік берілген максималды сомадан асып кетпейтін болса, онда кепілдік сыйақыларға да қолданылады.      

 

Сонымен ҚДКБҚ ірі соманы әртүрлі банкке бөліп орналастыруды ұсынады. Сонда жинақ ақшаның толық көлемде қорғалуын қамтамасыз етіп, тәуекелдерді барынша азайтуға болады. Елімізде жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банк шоттарын ашу және жүргізу құқығы бар банктік лицензия алған банктердің барлығы депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысады. Бүгінде олардың саны – 21.

 

Тәжірибеден алынған соңғы мысалдар: AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan салымшыларына өтем есептеу барысында бір банктегі төлемдер екінші банктегі төлемдерге кері әсер еткен жоқ. Бұл ретте өтем шұғыл түрде жүзеге асырылды: еліміз бойынша салымшылармен есеп айырысу банктер лицензиясынан айырылған күннен бастап, 6-8 жұмыс күні ішінде – яғни, заңда белгіленген мерзімнен әлдеқайда ерте басталды.       

 

ҚДКБҚ – Қазақстанның Ұлттық Банкінің ұйымы. Ол өз қызметін депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңды басшылыққа ала отырып жүзеге асырады және елімізде қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге белсене қатысады. Егер банк лицензиясынан айырылса, ҚДКБҚ өзінің арнайы резервінің есебінен салымшылармен есеп айырысады. 2026 жылдың 1 маусымына қарай, Қордың арнайы резервінің көлемі 1,675 трлн теңгені құрады.

 

 

 

Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы көбірек біліңіз:

www.kdif.kz

Байланыс орталығы: 1460 (қоңырау шалу тегін)



16-06-2026
Document