Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Астана қ., Z01А5АF2, Малика Габдуллина көшесі, 18, №5-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Сіздің депозитіңіз бойынша кепілдік мөлшерін қалай анықтауға болады?

Депозиттер – ақша жинау бойынша дәстүрлі түрде ең сенімді қаржы құралдарының бірі. Олар жинақ ақшаның қауіпсіздігін ғана емес, ақылға қонымды табыстылықпен де қамтамасыз етеді. Алайда әрбір адам банкте жатқан қаражатының шынымен де толығымен сақталатындығына сенімді болғысы келеді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) қашанда азаматтардың салымдары қалай қорғалатындығын түсіндіруге дайын.  


Біздің елімізде депозиттерге кепілдік беру жүйесі (ДКЖ) былайша құрылған: банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшылардың шоттарында, депозиттерінде, төлем карточкаларында жатқан қаражаттары иелеріне қайтарылып беріледі. Бұл ретте ислам банктерін қоспағанда, банктердің барлығы (оның ішінде шетелдік банктердің қазақстандық филиалдары да) ДКЖ қатысушылары болып табылады.


Заңнамада бекітілген лимиттер шегіндегі сомалар бойынша кепілді өтем төленетіндігін білген жөн:    


·        теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 20 млн теңге;

·        теңгедегі басқа депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша – 10 млн теңге;

·        шетел валютасындағы барлық депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша – 5 млн теңге.


Өтемді есептеу барысында банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақы да ескеріледі.


Депозитте кепілдік берілген максималды өтем сомасынан асатын қалдық ақшаға келер болсақ, салымшылар оны банктің тарату комиссиясынан банк заңнамасында бекітілген кезектілік тәртібі бойынша алуға құқылы. 

   

Бір емес, бірнеше банктегі шоттарда жатқан ақшалар туралы айтар болсақ, бұл жерде әрбір банк бойынша жеке-жеке кепілдік берілетіндігі ҚДКБҚ-да атап өтілді. Қор дәл осы себепке байланысты салымшыларға қаражаттарын әртүрлі банктерде сақтауға кеңес береді.


«Депозитордың бір банкте бірнеше депозиті, мысалы теңгеде және шетел валютасында ашылған делік. Сонымен қатар ағымдағы және карточкалық шоттарында да ақшасы бар. Мұндай кезде сақтандыру жағдайы туындаған шақта кепілдік берілген өтем сомасы банк лицензиясынан айырылған күнге қарай депозитордың барлық шоттарындағы қалдық сомаларға есептеледі. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша кепілдік мөлшері (5,10 немесе 20 млн) ескеріледі. Жиынтығында жалпы төлем сомасы 20 млн теңгеден аспайды. Бірақ бұл үшін салымдардың құрамында ұлттық валютада жинақ депозиті болуы шарт», - дейді ҚДКБҚ Автоматтандырылған есепті талдау және төлем басқармасының бастығы Алуа Нұртөлеуова.


Мысалдар келтіреміз:


Бірінші жағдай:


Салымшының жинақ депозитінде 12 млн теңге, ағымдағы теңгелік шотында 11 млн теңге және ағымдағы валюталық шотында 15 мың доллар жинақталған. Бұл жағдайда жинақ депозиттегі сома толығымен өтеледі, себебі ол осы салым бойынша бекітілген 20 млн теңгелік максималды өтем сомасынан аспайды ғой. Ағымдағы теңгелік шоттағы сомаға 10 млн теңге шегінде, ал долларлық шоттағы ақшаға 5 млн теңге шегінде кепілдік беріледі. Кепілдік берілген жалпы өтем сомасы 20 млн теңгені құрайды.


Екінші жағдай:


Салымшының жинақ депозитінде 11 млн теңге, ағымдағы теңгелік шотында 9 млн теңгесі бар. Бұл жағдайда кепілдік берілген жалпы өтем сомасы да 20 млн теңгені құрайды.


Ескеретін маңызды жайт – кепілдік берілген өтем сомасы өзгеруі мүмкін. Бұған сақтандыру жағдайы туындаған күнге қарай банктің клиентке қояр қарсы талабының (бар болса) есепке алынуы себеп болады (мысалы, банкте өтелмеген кредит, қарыз бойынша пайыздық мөлшерлеме).


Айталық, депозитордың банктегі барлық шоттары бойынша төленетін жиынтық кепілді өтем мөлшері есептелген сыйақыны ескере отырып, 12,5 млн теңгені құрады. Бірақ бұл клиенттің осы банкте кредиті де рәсімделген екен. Банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген қарыз ақшасы пайыздарымен қоса 1,5 млн теңгеге жетіпті. Демек бұл жағдайда банктің клиентке қояр қарсы талабын шегере отырып, оның қолына берілетін қорытынды өтем сомасы 11 млн теңге болады.   


Сонымен қатар депозиттер бойынша кепілдік берілген өтем сомасы теңгемен төленетіндігін ескеру қажет. Сондықтан шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтем сомасын есептеу үшін банк лицензиясынан айырылған күнге қарай белгіленген валюта айырбастау бағамы қолданылады.


Халыққа ыңғайлы болуы үшін депозит бойынша кепілді өтемді Қордың сайтында есептеуге болады. Калькулятор сайттың «Депозиттер және кепілдіктер» бөлімінде орналастырылған. Салымшы мына сілтеме бойынша өтіп, жинақ ақшасы бойынша өтем сомасын есептей алады.  


Банкті лицензиясынан айырған жағдайда өтем ҚДКБҚ арнайы резервінен төленеді. Резерв депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің жарналары есебінен қалыптасады. Сонымен қатар Қордың меншікті активтері мен арнайы резервінің активтерін инвестициялаудан түсетін табыстардың және банктердің тарату комиссияларынан түсетін ақшалар есебінен қосымша толығып отырады.  


ҚДКБҚ қажет жағдайда өтем төлеу мақсатына өзінің жарғылық капиталының 70%-ына дейін пайдалана алады. Айта кетелік, Қордың арнайы резервінде қазіргі уақытта 972,8 млрд теңге жинақталған.


ҚДКБҚ кепілдіктері салымшылардың шоттарының басым бөлігін – 99,8%-ын толық көлемде өтейді. Халықаралық стандарттар бойынша депозиттерді қорғау жүйелерінің резервтері банктердің бүкіл депозиттік базасын өтеуге емес, қатысушы банк дефолтқа (төлем қабілетінен айырылу) ұшыраған жағдайда салымшыларға төленетін болжамды өтем сомасының деңгейіне сәйкес келуі керек. Бұл туралы толығырақ мына сілтеме бойынша оқып шығуға болады.


Қосымша еске саламыз, банк лицензиясынан айырылған жағдайда кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібі туралы толыққанды ақпаратпен ҚДКБҚ сайтынан (www.kdif.kz) танысып шығуға мүмкіндік бар.


Одан басқа, Сіз кез келген қатысушы банкте шот немесе депозит ашатын болсаңыз, банк Сізге банк лицензиясынан айырылған жағдайда кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібі мен мерзімі туралы ақпарат беруге міндетті.


Сондай-ақ депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы ақпаратты 1460 тегін қысқа нөміріне хабарласып немесе info@kdif.kz электронды поштасына не болмаса @kdif_ask telegram-чатына сауал жолдау арқылы білуге болады.