КФГД - Казахстанский фонд гарантирования депозитов
Салымшының орнына өтем ақша алу: мұрагерлер және өтем алу құқығына ие басқа да тұлғалар
Салымшының орнына өтем ақша алу: мұрагерлер және өтем алу құқығына ие басқа да тұлғалар
Жазмыштан озмыш жоқ. Болашақты дәл болжау мүмкін емес. Өмірде әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Сондай сәттерде адамдар үйде болсын, жұмыста болсын, көп жағдайда көмекке мұқтаж болып қалады. Әрине, ондай кезде туған-туыстарға, достарға, тіпті әртүрлі қызметтерге хабарласатыны белгілі. Ал егер мысалы, банк лицензиясынан айырылып, салымшы өзіне тиесілі ақшасын әртүрлі себептерге байланысты алуға мүмкіндігі болмай қалса не істеуі керек? Толығырақ Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) кезекті материалында.
Сақтандыру жағдайы туындаған кезде ҚДКБҚ салымшыларға (жеке тұлғаларға және дара кәсіпкерлерге) банктағы шоттарда, салымдарда және төлем карточкаларында жатқан ақшаларын қайтарады. Қор кепілді өтемді ұлттық валютада және заңнамада белгіленген шекті мөлшерде төлейді: салымның түрі мен валютасына қарай 5, 10 және 20 млн теңге.
Өтем ҚДКБҚ арнайы резервінен төленеді. Өтем төлеу банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде төленеді және ол бір жыл бойы жүргізіледі.
Сақтандыру жағдайларының тарихына үңілсек, депозитордың өтем алуға әркез өзі жүгінуіне мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан депозиттерге кепілдік беру жүйесінде мұндай жағдайларда өтініш берудің белгілі бір тәртібі қарастырылған.
Өтем алу үшін алымшының орнына мына тұлғалар жүгінуі мүмкін:
-
салымшының сенімхат бойынша өкілдері;
-
салымшының заңды өкілі;
-
салымшының мұрагері (мұрагерлері);
-
кепілді өтемді алуға құқығы бар өзге де тұлғалар.
Бұл тұлғалар өтініштен басқа, арнайы әзірленген нысан бойынша мынадай құжаттар ұсынады:
Салымшының сенімхат бойынша өкілдері жеке басты куәландыратын құжат пен нотариус куәландырған сенімхат ұсынады. Егер сенімхат шет тілінде рәсімделген болса, онда оның мемлекеттік тілге немесе орыс тіліне аударылған және нотариус арқылы куәландырылған аудармасы да ұсынылады. Қажет жағдайларда мұндай сенімхаттарға апостиль қою немесе консулдық заңдастыру талап етілуі мүмкін.
Салымшының заңды өкілі ретінде оның ата-анасы, бала асырап алушысы, қорғаншысы немесе қамқоршысы жүгінуі мүмкін.
Кәмелетке толмаған, жасы 14-ке жетпеген салымшының атынан өтем алу үшін оның ата-анасының бірі жүгінеді. Бұл жағдайда ата-ана баланың туу туралы куәлігін және өзінің жеке басын куәландыратын құжатты (жеке куәлігін) ұсынады. Кәмелетке толмаған, 14 жастағы салымшы жүгінген жағдайда ол өз атына ашылған депозит бойынша өтемді ата-анасының немесе ата-анасының бірінің жазбаша рұқсатымен ғана ала алады.
Кәмелетке толмаған жасөспірімнің қорғаншысы және қамқоршысы жүгінген жағдайда олардың қолдарында өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаты, бала асырап алғаны немесе қыз асырап алғаны туралы құжаттар, патронат бойынша қамқорлық көрсету жағдайында баланы патронаттық тәрбиеге беру туралы шарт, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы органы берген қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы куәлік болуы керек.
Салымшының мұрагерлері жүгінген жағдайда олар мұра алу құқықтарын растайтын құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариус куәландырған көшірмелерін (мұраға құқық туралы куәлікті) және мұрагердің жеке басын куәландырушы құжатты ұсынулары қажет.
Салымшының депозиті бойынша кепілді өтемді алу құқығына ие өзге де тұлғалар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты және кепілді өтемді алу құқығын растайтын құжаттарды (мысалы, сот шешімі) ұсынады.
Толығырақ мына мақаланы оқыңыз: Банк лицензиясынан айырылса не істеу керек? Кепілдік алу тәртібі туралы маңызды мағлұматтар
Кепілді өтемді төлеу тәртібі туралы кез келген сұрақ бойынша info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Тelegram-чатына сауал жолдауыңызға болады немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ-ның байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндігіңіз бар.