Баспасөз орталығы


Артқа

ҚДКБҚ салымдар бойынша талапшарттарды ашып көрсетудің жаңа қағидалары туралы еске салып, шілденің қорытындысын шығарды

Telegram WhatsApp Facebook X (Twitter) LinkedIn
Для Google Docs: скачай .html -> загрузи в Google Drive -> "Открыть с помощью Google Docs".

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) сарапшылары Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) банктің қызмет көрсету талапшарттарына қойылатын жаңартылған талаптарының шілдеден бастап күшіне енгендігін еске салады.

 

Нормативтік құқықтық акт ауыстырылғанымен депозитор – жеке тұлғаларға ақпарат беруге қатысты қойылатын талаптарда елеулі өзгерістер орын алған жоқ. ҚРҰБ 2017 жылғы қағидалары күшін жойды, алайда маңызды талаптар ҚНРДА-ның жаңартылған құжатында да сақталды. 

 

Банк әлі де салымдар мен шоттардың маңызды талапшарттарын салымшы банк салымы шартын жасау барысында қол қоятын өтініштің немесе басқа құжаттың бірінші бетінен бастап, көрнекі кестелік нысанда көрсетуге міндетті.

Салымдар үшін барлығы 14, ал карталар мен шоттар үшін 5 міндетті пункт қарастырылған. Бұл ретте шарт банк бөлімшесінде немесе онлайн түрінде жасалуы мүмкін – қағида барлығына ортақ.

 

Сонымен салымды рәсімдеу барысында банк міндетті тәртіпте клиентке шарттың маңызды талаптары туралы ақпарат береді:

1 – салымның атауы (банк өнімі),

2 – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес салымның түрі,

3 – салымның осы түрі бойынша ҚДКБҚ максималды кепілдік сомасы,

4 – салымның валютасы,

5 – салымның минималды сомасы немесе азайтылмайтын қалдық,

6 – салымның мерзімі,

7 – сыйақы мөлшерлемесі,

8 – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі,

9 – салым бойынша сыйақы төлеу талаптары,

10 – салымды мерзімінен бұрын толық/ішінара алу мүмкіндігі,

11 – салымды мерзімінен бұрын толық немесе ішінара алу барысындағы пайыздық мөлшерлеме, оны есептеу тәртібі,

12 – салымды толықтыру мүмкіндігі, толықтыру бойынша шектеулер,

13 – салымның мерзімін ұзарту талапшарты (салымды пролонгациялау),

14 – өзге де маңызды талаптар (банктің қалауы бойынша).

 

Банк шотын немесе карточкасын ашу барысында ақпаратты ашып көрсетуге қатысты ҚНРДА талабы да сақталды. Бес маңызды талап міндетті түрде көрсетілуге жатады:

1 – банк шотының түрі,

2 – шоттың осы түрі бойынша ҚДКБҚ максималды кепілдік сомасы,

3 – шоттың валютасы,

4 – банк шотына қызмет көрсетілгені үшін комиссия (банктің толыққанды ақпарат орналастырылатын ресми сайты немесе мобильді қосымшасына сілтеме көрсетуге рұқсат етіледі),

5 – өзге де маңызды талаптар (банктің қалауы бойынша).

 

Шілденің қорытындысы: теңгелік салымдарға деген сұраныс

 

Соңғы деректер бойынша 2026 жылдың шілдесінде жеке тұлғалардың кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі депозиттерінің көлемі 1,3%-ға өсті. ҚДКБҚ деректері бойынша,  жаңа депозиттерде орналастырылған қаражаттың 94,5%-ы теңгемен, ал 5,5%-ы шетел валютасында ашылған (пролонгацияны, салымдардан ақша алуды немесе оларды жабуды есепке алмаған жағдайда). 

 

Теңгемен орналастырылған қаражаттардың 83,8%-ы салымдарға салынса, тек 16,2%-ы ғана банктік шоттарды ашуға, банктік карточкаларды шығаруға,  сондай-ақ талап етілгенге дейінгі салымдарға орналастыруға жұмсалған.   

 

Теңгелік салымдар ішінде ең сұранысқа ие құралдар – талапшарттары едәуір қатал және табыстылығы жоғары жинақ және мерзімді салымдар –  74%. Орташа өлшемді тарту мөлшерлемелері (пролонгацияны немесе қолданыстағы шарттар бойынша талапшарттардың өзгеруін есепке алмағанда) шілде айында мерзімді салымдар бойынша жылдық 19,2%-ға және жинақ салымдар бойынша 20,1%-ға жетті (3-6 айға дейінгі салымдар бойынша).

 

Орналастырылған қаражаттың төрттен бірі мерзімсіз салымдарға бағытталды –  24%, ал орташа өлшемді мөлшерлеме жылдық 15,4%-ды құрады. Мұндай депозиттер салымшылар үшін өзінің талапшарттарының барынша икемділігімен және салымның мерзімі барысында азайтылмайтын қалдықтан асатын ақшаны емін-еркін игеру мүмкіндігімен тартымды.       

 

Жаңа теңгелік салымдарға тартылған қаражаттың жалпы көлемінің 1,5%-ын – мөлшерлемесі құбылмалы депозиттер (шілдеде табыстылық мөлшерлемесі 16,5%-ға жетті), ал  0,5%-ын – тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіндегі және мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіндегі «мақсатты» салымдар құрады.

 

Қазіргі сәтте жинақ салымдар жоғары табыстылығымен, мерзімдерді кеңінен таңдау мүмкіндігімен және максималды қорғанысымен ерекшеленеді. ҚДКБҚ кепілдігі мұндай салымдарды бір банктегі бір клиент бойынша 20 млн теңгеге дейін өтейді. Салыстырар болсақ, мерзімді, мерзімсіз, «мақсатты», оның ішінде білім беру салымдары, теңгедегі шоттар мен карточкалар бойынша максималды кепілдік сомалары 10 млн теңгені, ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгені құрайды.

   

 

 

 

Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы көбірек біліңіз:

www.kdif.kz

Байланыс орталығы: 1460

 



09-09-2026
Document