КФГД - Казахстанский фонд гарантирования депозитов
Салым мен депозит: айырмашылығы неде?
Салым мен депозит: айырмашылығы неде?
Салым және депозит – бір-біріне жақын ұғымдар. Күнделікті өмірде бірінің орнына бірі жиі қолданылады. Алайда шын мәнісінде әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Ендеше соларды айқындап көрелік.
Ең алдымен мынаны есте сақтаған жөн: салым – бұл әрқашанда депозит, ал депозит әр кез салым болып санала бермейді. Неге?
Салым дегеніміз не?
Салым – бұл клиенттің банкте орналастырған ақшасы. Мақсаты – сақтау және есептелген пайыздық сыйақылар есебінен молайту. Яғни салымшы жинақ ақшасы үшін сыйақы алады. Банктер де өз кезегінде бұл ақшаны табыс алу мақсатында басқа клиенттерге кредит беруге және инвестициялауға пайдаланады.
Салымдардың түрі әрқалай болуы мүмкін, мысалы, пайыздық мөлшерлемесі тиянақты бекітілген немесе құбылмалы салымдар, мерзімінен бұрын алуға болатын және болмайтын, белгілі бір шектеулері бар салымдар болуы ықтимал.
Қазақстанда ҚДКБҚ әдіснамасы бойынша салымдар былайша жіктелген:
· мерзімсіз;
· мерзімді, үстінен ақша салуға болатын және болмайтын түрлері бар;
· жинақ, үстінен ақша салуға болатын және болмайтын түрлері бар.
Олардан басқа, банктер сондай-ақ шартты және талап етілмелі салымдарды да ұсынады.
Салымның табыстылығы пайыздық мөлшерлемесі бойынша анықталады. Ал ол салымның қандай талаптарға сәйкес ашылғандығына тығыз байланысты.
Әрбір салымның көздеген мақсаты әрқалай. Оларға қатысты шектеулер және артықшылықтармен ҚДКБҚ www.kdif.kz/kz ресми сайтында «Қаржылық сауаттылық» - «Салымды қалай таңдауға болады?» бөлімінен танысып шығуға болады.
Салымыңыз бойынша нақты ақпарат банкпен арада жасалған шартта нақты көрсетілген. Салымның түрі, валютасы, қаражатты мерзімінен бұрын алу талаптары және максималды кепілдік сомасы секілді маңызды талаптарды банктер бөлек құжатта көрсетеді. Оған салымшылар банк шоты/салымы шартын жасау барысында (онлайн түрінде – банктің мобильді қосымшасы/сайты арқылы, жазбаша түрде – оның бөлімшелерінде) қол қояды.
Толығырақ мына жерден танысып шығуға болады.
Депозит – кең ұғымды түсінік. Ол салым түсінігін де қамтиды. Бұл банк салымына ғана емес, банк шотына да салынған ақшалар. Яғни ағымдағы (карточкалық) шоттар да депозитке жатады. Шоттар әдетте кез келген азаматта болады және олар қызметтер көрсеткен жабдықтаушылармен есеп айырысу үшін, жалақы есептеу және басқа да операциялар жүргізуге қолданылады.
Ал салым бойынша ақшалай қаражаттың табыс алу үшін қандай да бір мерзімге орналастырылғанын білдіреді. Депозит бойынша табыс алу міндетті емес. Мысалы, ағымдағы (карточкалық) шоттар бойынша сыйақы есептеу қарастырылмаған және белгілі бір мерзім белгіленбеген. Ағымдағы (карточкалық) шоттағы ақшаны салымшы кез келген уақытта ала алады.
Салымдар және депозиттер бойынша кепілдіктер
Еске сала кетелік, ҚДКБҚ кепілдігі банк шотын ашу немесе банк салымы шартын жасау сәтінен бастап іске қосылады және салымдардың барлық түріне, сондай-ақ олар бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыларға да қолданылады. Ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшалар да ҚДКБҚ қорғауында болады.
Банкіңіз лицензиясынан айырылған жағдайда, сіз кепілдік берілген максималды сома шегінде кепілді өтем ала аласыз. Бұл сома:
– ұлттық валютадағы жинақ салымдар бойынша – 20 млн теңгені;
– шоттар, карточкалар және теңгедегі өзге салымдар бойынша – 10 млн теңгені;
– валюталық шоттар, карточкалар және салымдар бойынша – 5 млн теңгені құрайды.
Егер сіздің бір банкте түрі мен валютасына қарай бірнеше депозитіңіз (салымыңыз) бар болса, барлық депозиттер бойынша жиынтық қалдық сомаға кепілдік беріледі. Бірақ әрбір депозит түрі бойынша максималды кепілдік сомасы ескеріле отырып, салымшыға төленетін максималды ортақ кепілдік сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды.
ҚДКБҚ тарапынан кепілдік берілмейтін қаржы құралдары:
· ислам банктеріндегі, оның ішінде шетелдік ислам банктерінің Қазақстан аумағында ашылған филиалдарындағы депозиттер;
· депозиттік сертификаттар;
· жеке тұлғалардың металл шоттары;
· банк ұяшықтарында сақталуда жатқан ақшалар мен құнды заттар;
· заңды тұлғалардың депозиттері.
Сұрақтар туындаған жағдайда 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына жүгінуге мүмкіндік бар немесе сұрақтарды info@kdif.kz поштасына не @kdif_ask Telegram-чатына жолдауға болады.