Баспасөз орталығы


Артқа

KDIF Guide: мерзімін өткізіп алған депозиторлар өтемді қалай ала алады

Telegram WhatsApp Facebook X (Twitter) LinkedIn
Для Google Docs: скачай .html -> загрузи в Google Drive -> "Открыть с помощью Google Docs".

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) төлем мерзімі аяқталған соң да, таратылатын банктердің депозиторларына, егер олар дәлелді себептерге байланысты уақтылы өтініш бере алмаса, кепілді өтем төлеуді жалғастыруда. Қор мамандары бұл шара қандай жағдайда жүзеге асатындығын, қандай құжаттар талап етілетіндігін және қайда жүгіну керектігі жайында түсіндіріп берді.

 

ҚДКБҚ қазір кепілді өтемді кімдерге төлейді?

Бүгінде тарату үдерісі жүргізіліп жатқан мына 9 банк бойынша өтем төлеу мерзімі 2022 жылы аяқталған: Валют-Транзит Банк, Қазинвестбанк, Эксимбанк Қазақстан, Qazaq Banki, Delta Bank, Астана Банкі, Tengri Bank, AsiaCredit Bank, Capital Bank Kazakhstan. Алайда аталған банктердің депозиторларына, егер олар төлем мерзімі барысында қандай да бір мән-жайлардың (дәлелді себептердің) кедергі келтіруіне байланысты өтініш бере алмаған болса, ҚДКБҚ қазір де оларға өтем төлеуді жалғастыруда.

 

Төлем мерзімі аяқталған соң, депозиттердің тағдыры не болады?

Заң бойынша лицензиясынан айырылған банктің салымшылары төлем басталған күннен бастап, 1 (бір) жыл ішінде кепілді өтем алуға өтініш беруге құқылы. Осы мерзім аяқталған соң, талап етілмеген ақшалар депозиторлардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады.

Мұндай аударым автоматты түрде жүзеге асырылады және салымшылар тарапынан өтініш беру талап етілмейді. Бұл ретте қаражаттың БЖЗҚ-ға аударылуы депозиторды дәлелді себептері болған жағдайда өтем алу үшін ҚДКБҚ-ға тікелей өтініш беру құқығынан айырмайды.

 

Кейін кепілді өтемді қандай жағдайда алуға болады?

Егер депозитор дәлелді себептерге байланысты уақтылы өтініш бере алмаса, заң бойынша төлем мерзімі аяқталған соң да кепілді өтемді алу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай себептерге мына мән-жайлар жатады:

  • әскери қызметке кіру;
  • Қазақстан аумағынан тыс жерде болу;
  • мұраны қабылдау немесе рәсімдеу;
  • бас бостандығынан айыру орындарында болу;
  • сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

Бұл себептердің әрқайсысы құжат жүзінде расталуы тиіс.

 

Қандай құжаттарды ұсыну қажет

Депозитор (немесе өтініш беруші) өтем төлеуге өтініш беруден басқа (нысанын kdif.kz сайтынан көшіруге немесе Қордың кеңсесінен алуға болады) мына құжаттарды ұсынуы қажет:

  • әскери қызметке орналасқан жағдайда – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери басқарма органдары берген, әскери есепке алу құжаттары немесе әскери борышты өтегендігін растайтын растаушы мәліметтер;
  • Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болған жағдайда – төлем мерзімі кезінде шекарадан өткені туралы белгі соғылған төлқұжат және (немесе) шетелде болғандығын растайтын өзге құжаттар;
  • мұраны қабылдау және мұраны ашу немесе қабылдауға байланысты басқа да себептер болғанда – салымшының қайтыс болғаны туралы куәлік, заң және (немесе) өсиетнама бойынша Мұраға құқық туралы куәлік немесе мұраны ашу немесе қабылдауды растаушы, оның ішінде сот актілері бар өзге де құжаттар;
  • бас бостандығынан айыру орындарында болған жағдайда – сот шешімі және бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтегені немесе жазасын өтеуден босап шыққаны жайында құжат;
  • сот анықтаған өзге де мән-жайлар болған жағдайда – өтем төлеу мерзімі барысында кепілді өтемді алуға өтініш беруге кедергі болған мән-жайлар келтірілген және заңды күшіне енген сот шешімі. Мұндай шешімді алу үшін салымшы төлем мерзімі кезінде өтем алу үшін өтініш беруге кедергі болған мән-жайды айқындауды талап етіп, сотқа жүгінуі керек.

 

Төлем алу үшін қайда жүгіну керек

Жазбаша өтінішті және дәлелді себепті растайтын құжаттарды Қордың мына төмендегі мекенжайларда орналасқан кеңселеріне тікелей әкеліп тапсыруға болады:

  • Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би көшесі, 67;
  • Астана қ., Z01А5F2, М. Ғабдуллин көшесі, 18.

 

Өтінішті пошта арқылы қалай жолдауға болады?

Сонымен қатар құжаттарды Қордың Алматы мен Астана қалаларындағы кеңселерінің пошталық мекенжайларына жолдауға болады. Бұл жағдайда салымшының немесе өтініш берушінің жеке басын растайтын құжатының көшірмесі, өтініштегі қолы, сондай-ақ растаушы құжаттардың көшірмелері нотариалды жолмен куәландырылуы тиіс.

ҚДКБҚ өтінішті және растаушы құжаттар топтамасын олар келіп түскен күннен бастап, 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды. Оң шешім қабылданған жағдайда, кепілді өтем сомасы салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударылады. Өтем төлеуден бас тартылған жағдайда, өтініш берушіге бас тарту себебі және оларды жою жолдары көрсетіліп, хабарландыру жолданады.  

Дәлелді себептер бойынша төлемдер статистикасы

Таратылатын барлық 9 банк бойынша кепілді өтем төлеу аяқталған сәттен бастап (2022 жылдың мамырынан қазіргі уақытқа дейін – 8 банк бойынша, 2022 жылдың шілдесінен қазіргі уақытқа дейін – Capital Bank Kazakhstan бойынша), ҚДКБҚ дәлелді себептер бойынша 40 депозиторға (өтініш берушілерге) жалпы сомасы шамамен 60,2 млн теңгеге кепілді өтем төлеуді жүзеге асырды.

Кепілді өтем мына тарату үдерісіндегі банктер бойынша төленді:

  • Валют-Транзит Банк – 1 депозитор, сомасы шамамен 0,4 млн теңге;
  • Астана Банкі – 2 депозитор, сомасы 9,7 млн теңге;
  • Tengri Bank – 6 депозитор, сомасы 26,3 млн теңге;
  • AsiaCredit Bank – 31 депозитор, сомасы 23,8 млн теңге.

 

Депозиторлардың (өтініш берушілердің) кепілді өтем алуға уақтылы жүгінбеулерінің негізгі себептері:

- мұраны қабылдау және мұраны ашу немесе қабылдауға байланысты басқа да себептер – 80%;

- салымшының Қазақстан Республикасынан тыс жерде болуы – 15%;

- сот белгілеген өзге де мән-жайлар – 5%.

Қор дәлелді себептер бойынша өтініштерді мына мерзімдерге дейін қабылдайды: 

1) банк бойынша тарату үдерісі толығымен аяқталғанға дейін;

2) ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес (қаражат салымшының зейнетақы шотына аударылған жағдайда) салымшының зейнетақы қорынан ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы басталғанға дейін.



30-04-2026
Document