Кепілдік берілген депозиттердің көлемі Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесімен құрылған сәтпен салыстырғанда 460 есеге артып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 24 триллион теңгені құрады. 1 қыркүйекке қарай бұл көрсеткіш 26 триллион теңгеге жетті, ал долларлану тарихи минимумда – 22,7%
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) 2024 жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы есеп берді. Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесінің 25 жылдық мерейтойы – жылдық есептің негізгі тақырыптарының біріне айналды. ҚДКБҚ депозиттерге тиесілі кепілдіктер мен депозит нарығы бойынша негізгі көрсеткіштердің «бастапқы» кезде қандай болғандығын және қазір қандай екендігін салыстырып қарады.
1. Жеке тұлғаларға тиесілі депозиттердің өсімі: 1999-дағы 53 миллиард теңгеден 24 триллион теңгеге дейін
Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі құрылған 1999 жылдан бері жеке тұлғалардың депозиттерінің көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 460 есеге өсті.
Бұл ретте ҚДКБҚ сарапшылары депозит нарығының сапалы түрде дамып жатқандығын да атап өтті. 2018 жылы Азаматтық кодекс деңгейінде салымдардың жаңа түрлері – жинақ салымы, сондай-ақ ҚДКБҚ жіктелімі бойынша мерзімді салымдар енгізілді. Олар бойынша көтеріңкі сыйақылар қарастырылған. Нәтижесінде қоғам тарапынан едәуір күрделі банктік қаржы өнімдеріне деген қызығушылық тұрақты түрде өсуде.
«2024 жылы ең жоғары өсімді мерзімді және жинақ салымдар көрсетті – 27,8% және 67,5%, сәйкесінше бұл салымшылар тарапынан табыстылығы жоғары, анағұрлым күрделі депозиттік өнімдерге деген сұраныстың артқандығын растайды», – дейді ҚДКБҚ сарапшылары. Бұл ретте депозиттердің долларлануы тарихи минимумдарға жақын маңайда тұрақтады, 2024 қорытындысы бойынша – 24,7%.
2025 жылдың 1 қыркүйегіне қарай, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі депозиттердің көлемі 26 триллион теңгені, долларлану – 22,7%-ды құрады.
2. Депозиттер бойынша кепілдік сомасының өсуі: 200 мың теңгеден 20 миллион теңгеге дейін
Депозиттерге кепілдік беру жүйесі жұмыс істеп тұрған уақыт ішінде максималды кепілдік сомасы 100 есеге өсті.
1999 жылы ҚДКБҚ депозиттерге толық көлемде 200 мың теңгеге дейін кепілдік берді.
2003–2004 жылдары – 400 мың теңге.
2007–2009 жылдары максималды кепілдік сомасы 700 мың теңгеге, кейін миллион теңгеге, одан әрі – 5 миллион теңгеге дейін артты.
2015 жыл – ұлттық валютадағы депозиттер бойынша максималды кепілдік сомасы 10 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды, ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңге көлемінде сақталды.
2018 жылы 15 миллион теңгеге дейін көтеріңкі кепілдігі бар жинақ салымдар пайда болды. 2022 жылы бұл сома 20 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
ҚДКБҚ максималды кепілдік сомасы экономикада және халықаралық стандарттар бойынша орын алған өзгерістерге сай 6 есеге дейін көтерілді. Бұл халық тарапынан ұзақ мерзімді тұрақты жинақ ақшаларға деген қызығушылықтың артуына септігін тигізді және банктерге тұрақты ақшалай қор жинау базасын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Бүгінде ҚДКБҚ кепілдіктері:
теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңгені,
теңгедегі басқа салымдар, сондай-ақ карточкалар мен шоттардағы қалдық ақшалар бойынша – 10 миллион теңгені,
шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңгені құрайды.
Депозиттердің әрбір жекелеген түрлері бойынша кепілдіктер шоттардың басым бөлігін қамтуға мүмкіндік береді – 2025 жылдың 1 қыркүйегіне қарасты деректер бойынша – 99,8%.
3. Төлемдерді тездету: банктің таратылуын күтуден бастап – лицензия қайтарып алынғаннан кейін 6 жұмыс күні ішінде
ҚДКБҚ негізгі функциясы – банк лицензиясынан айырылған жағдайда, жеке тұлғаларға депозиттері бойынша кепілдендірілген сомалардың қайтарылуын қамтамасыз ету.
Соңғы төлемдер кезінде ҚДКБҚ Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan салымшыларына кепілді өтемді тездетілген мерзімде – банктер барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған күннен бастап, 6-8 жұмыс күндері ішінде бастады. Бұл мерзімдер халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Бұған ҚДКБҚ-ның бірқатар бастамаларының арқасында қол жеткізілді.
2020 жылға дейін салымшылардың банкті тарату туралы сот шешімін бірнеше ай күтулеріне тура келетін – Қор өтем төлеуді бастау мерзімін банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күніне дейін қысқарту туралы бастама көтерді. Енді сот процестерінің аяқталуын күтудің қажеті жоқ. Сонымен қатар Қор агент банктердің алдын ала тізімін қалыптастыра бастады. Бұл төлемдерді шұғыл түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қор сондай-ақ банктердегі кепілдік берілген депозиттердің түрі мен кепілдік берілген сомаларды есепке алу сапасын бақылау үшін шешімдерді жүйелі түрде енгізді.
4. Резервтердің өсімі – 1 400 есе
25 жыл ішінде Қор өтем төлеуге арналған арнайы резервтің мөлшерін 1 400 есеге – 1 млрд теңгеден 1,4 триллион теңгеге дейін көтерді. Депозиттік базаның қарқынды өсуі жағдайында арнайы резервтің деңгейі жеткілікті деңгейде сақталуда.
Резервтерді қалыптастыру моделі банктерді бағалауға арналған, кезінде Қордың өзі әзірлеген моделіне негізделген. Қор сарапшылары оны және активтерді инвестициялауды үздіксіз дамыту үстінде.
5. Заңнамалық жаңартылымдар және даму
«Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2007 жылы күшіне енді және үздіксіз жетілдірілуде. Салымшылардың талап етпеген кепілді өтем сомаларын олардың зейнетақы шоттарына аудару және салымшылардың төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған жағдайда өтем сомаларын алу мүмкіндігіне қатысты өтем төлеудің жаңа тәртібі – соңғы үлкен жаңа заңнамалық енгізілімге айналды.
Қазіргі уақытта банктер туралы жаңа заңның әзірленуіне байланысты және халықаралық стандарттарды енгізу аясында депозиттерге кепілдік беру туралы заңға да депозиттерді қорғауды күшейтуге, бірінші кезекте – өтем төлеуді бастаудың жеделдетілген мерзімдерін заңнамалық деңгейде бекітуге бағытталған бірқатар жаңартылымдарды енгізу күтілуде. Сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде ҚДКБҚ рөлі тағы да күшейтілмек.
Жылдық есептің негізгі тарихи даму кезеңдері кең көлемде қамтылған толық нұсқасы ҚДКБҚ сайтында қолжетімді.