Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) өзінің 2024 жылы атқарған қызметтерінің нәтижелері туралы есебін жариялады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде орналастырылған депозиттері 20,3%-ға өсіп, 24,5 трлн теңгеге жетті. 2024 жылы теңгелік депозиттердің көлемі 23,8%-ға жоғарылап, 18,5 трлн теңгені құрады. Долларлану деңгейі 24,7%-ға дейін төмендеді.
Қорда 2024 жылы депозиттердің барлық түрлеріне қазақстандықтардың сұранысы артқандығы атап өтілді. Бұл бір жағы салымшылардың қаржылық сауаттылығының артқандығын білдіреді, дейді мамандар. Банктердің клиенттері өздерінің қаражаттарын инвестициялау мақсатына қарай әртараптандырды. Ең үлкен өсімді мерзімді және жинақ салымдары көрсетті – сәйкесінше 27,8% және 67,5%. Өз тарапынан банктер депозиттік желіні кеңейтеді, ал бұл нарықтың дамуына серпін береді.
Депозиттік базаның өсу жағдайында депозиттерге кепілдік беру жүйесінің резервтері жеткілікті деңгейде сақталды. 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қордың арнайы резервінің мөлшері 1,16 трлн теңгеге жетті. Мұнда арнайы резервтегі қаражаттың едәуір үлесі – 42,9%-ы қатысушы банктердің жарналары есебінен жинақталған.
Директорлар кеңесі сондай-ақ ҚДКБҚ Инвестициялық саясатын жаңа редакцияда бекітті. Онда Қордың активтерін Қазақстанның Ұлттық Банкімен қатар жеке басқарушылардың басқаруына беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл кезеңде нарықтың 6 кәсіби қатысушылары өз басқаруына 200 млрд теңге көлемінде болатын арнайы резерв портфелінің активтерін алды. Сенімгер басқарушылардың табыстылығы активтерді басқаруға берген сәттен бастап, 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін (толық емес 6 айдың қорытындысы бойынша) орта есеппен 10,43%-ды құрады. Бұл ретте эталондық портфельдің – KASE MBM Index композиттік индексінің табыстылығы 9,78% деңгейінде болды.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Инвестициялық саясаты сақтампаздық сипатта қалыптасты. Арнайы резерв активтерінің портфеліне тәуекел дәрежесі төмен, өтімді активтер сатып алынуы мүмкін. Ал бұл Қордың басты мақсатына сәйкес келеді. Яғни егер банк лицензиясынан айырылған жағдайда, салымшылармен есеп айырысуды шұғыл және толық көлемде қамтамасыз ету.
Есепті жылы бірде-бір банк лицензиясынан айырылған жоқ және төлем мерзімін «дәлелді себептерге» байланысты өткізіп алған салымшылардың өтем алуға өтініш беретін жағдайларын қоспағанда, Қор кепілді өтем төлеген жоқ. Бірақ Қор болашақта салымшылармен есеп айырысудың шұғылдылығын арттыруға және заңнама тұрғысында белгіленген өтем төлеуді бастау мерзімін азайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жүргізді. Қазіргі уақытта өтем төлеуді бастау мерзімі – банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 35 жұмыс күнін құрайды. Ал іс жүзінде ҚДКБҚ AsiaCredit Bank, Capital Bank Kazakhstan және Tengri Bank салымшыларына кепілді өтем төлеуді 6–8 жұмыс күні ішінде бастады. Осылайша Қор енді алдына өтем төлеуді бастау мерзімін заңнамалы деңгейде кезең-кезеңмен төмендету міндетін қойып отыр.
Бұл бастама Директорлар кеңесінің 2024 жылы бекіткен, Қорды 2024–2026 жылдарға арналған дамыту жоспарында көзделген басымды бағыттардың қатарына енді. Осы стратегиялық құжатқа сәйкес отандық депозиттерге кепілдік беру жүйесі орта мерзімді келешекте мына келесі 5 басымды бағыттар бойынша дамитын болады:
1 – таратылатын банктердің салымшыларына өтем төлеуді жетілдіру және тездету,
2 – өтем төлеу үшін арнайы резервтің жеткіліктілігін қамтамасыз ету,
3 – депозиттерге кепілдік беру жүйесіне деген сенімді нығайту,
4 – операциялық орнықтылықты және институционалдық тиімділікті нығайту,
5 – жеке тұлғалардың депозит нарығындағы сыйақы мөлшерлемелерін реттеуге Қордың қатысуы.
Атап айтар болсақ, 2024 жылы Қор жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу механизмдерін ырықтандыруға бағытталған кең көлемді әдіснамалық жұмыстарды жүргізді. 2024 жылдың басынан бастап, көптеген банктер үшін шекті мөлшерлемелер жойылды. Ол тек капиталдануы жақсыдан төменірек деп белгіленген санаулы банктер үшін ғана сақталды. Сонымен қатар мөлшерлемелердің күрт өсуін және депозит нарығында салымдардың бір банктен екінші банкке жаппай ағылуын болдырмау мақсатында барлық банктер бойынша жүйелік тәуекел үшін төленетін жарна енгізілді. Нәтижесінде, 2024 жылы барлық банктер баға белгіленіміне анағұрлым саналы және байсалды тұрғыда қарай бастады және мөлшерлемелердің «шегі» алынып тасталғанымен, нарықтық деңгейден ауытқымады. Бұл ретте Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі мен нарықтық мөлшерлемелер банктердің депозиттік саясаттары үшін негізгі бағыт-бағдар қызметін атқарды. Тағы да еске саламыз, 2025 жылдың наурызынан бастап, барлық банктер үшін шекті мөлшерлемелер алынып тасталды. Бірақ тәуекелдерді тежеу мақсатында жүйелік тәуекелдер үшін төленетін жарналар мен көтеріңкі жарналар секілді механизмдер сақталды.
Қаржылық нәтижелерге келер болсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қордың активтері 1,6 трлн теңгені құрады. Депозиттерге кепілдік беру қоры 2024 жыл бойынша 173 млрд теңге мөлшерінде таза табыс алды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға жоғары. Жылдың қорытындысы бойынша бұл қаражат арнайы резервке орналастырылады. Банк дәрменсіз болған жағдайда, ҚДКБҚ қаражатын пайдалану тәртібі есепті жылы заңнамалық деңгейде күшейтілді.
Бұдан басқа, 2024 жыл – мерейтойлық жыл болды, яғни Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесінің жұмыс істегеніне 25 жыл толды. Сондықтан Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жылдық есебінде 25 жыл ішіндегі маңызды даму кезеңдері көрсетілді. Айталық, бастапқыда 1999 жылы депозиттерге кепілдік беру жүйесінің резервтері 1 млрд теңгені (ҚДКБҚ жарғылық капиталы), ал қазақстандық банктердің депозиттік базасы – 53 млрд теңгені құрады. 25 жыл ішінде ҚДКБҚ кепілдігінің сомасы 100 есеге артып, мандаты Paybox+ -ке дейін кеңейтілді. Осылайша Аргентина, Бельгия, Бразилия, Греция, Венгрия, Литва, Финляндия, Португалия және Испания секілді елдердегі салымдарды сақтандыру ұйымдарының мандаттырмен деңгейлесті. Мұндай мандат бойынша депозиттерге кепілдік беру ұйымының қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысуы көзделеді.
Жылдық есеп Қордың ресми сайтында қолжетімді. Құжатта Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесінің негізгі тарихи даму кезеңдері сипатталған. 2024 жылғы маңызды оқиғалар, қол жеткізілген нәтижелер және жақын келешекке арналған, қызметтің басымды бағыттары туралы ақпараттар берілген.