2026 жылғы 6 қазанда Алматыда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының төрағасы Әділ Өтембаев «Нархоз» университетінің Экономика және менеджмент мектебі студенттеріне қонақ дәрісін оқыды. Кездесу тақырыбы — «11 банк, миллиардтаған теңге және жүздеген мың салымшы: Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі қалай жұмыс істейді?». Дәріс ҚДКБҚ-ның ақпарат беру-түсіндіру қызметінің бағдарламасы аясында өтті. Бағдарлама қаржылық сауаттылықты және депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған.
Әділ Өтембаев Қазақстанда депозиттерге кепілдік берудің қалай жұмыс істейтініндігін: кім қандай қызметтерді атқаратындығын (Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және ҚДКБҚ), қандай өнімдерге кепілдік берілетіндігін, қайсысына берілмейтіндігін, «20-10-5» лимит ережесі қалай қолданылатындығын және өтем қалай есептелетіндігін қарапайым тілмен түсіндірді. Қор басшысы болашақ экономистерге, қаржыгерлерге және менеджерлерге жүйенің қаржылық моделін — салымшыларға төлемдер қандай қаражат есебінен қамтамасыз етілетіндігін де талдап берді. Сондай-ақ ол «салымдардың жаппай алыну» (bank run) табиғатын 2008 жылғы әлемдік банк дағдарысы мен 2023 жылғы Silicon Valley Bank күйреуі мысалы негізінде түсіндірді. Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (IADI) Атқарушы кеңесінің мүшесі ретінде ол Қазақстанның салымдарды қорғаудың әлемдік стандарттарын қолданып қана қоймай, оларды қалыптастыруға да қатысатынын атап өтті.
Қор басшысы қазақстандық депозит нарығының ерекшеліктеріне жеке тоқталды. Ол қазақстандықтардың банк жүйесіне сенімінің артып келе жатқанын айқын көрсететін деректер келтірді:
кепілдік берілген депозиттердің көлемі бес жылда 2,3 есеге өсті — 13,4 трлн теңгеден 30,5 трлн теңгеге дейін;
валюталық салымдардың үлесі екі есеге жуық азайды — 34,6%-дан 19,2%-ға дейін: салымшылар теңгені жиі таңдауда;
салымшылар шоттарының саны екі еседен астам көбейді, бұл ретте барлық шоттардың 99,8%-ы кепілдікпен толық көлемде қорғалған;
Қордың арнайы резерві 1,75 трлн теңгеге жетті.
Қор басшысы төлемдер тәжірибесі туралы да айтты: жүйе жұмыс істеген 26 жыл ішінде сақтандыру жағдайы 11 рет туындады. Таратылу сатысында тұрған тоғыз банк бойынша 418 мыңнан астам салымшы 114 млрд теңгеден астам сомаға өтем алды.
Кездесу соңында студенттер сұрақ қойып, Қор басшысынан тікелей жауаптар алды. Олар төлем тәртібінің ерекшеліктерін және соңғы жылдардағы сақтандыру кейстерін талқылады, жинақ ақшаны орналастыру кезінде банк пен салымды таңдау өлшемдерін, Қор жұмысы туралы кең тараған дақпырттарды, сондай-ақ Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесінің даму болашағын қарастырды.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қонақ дәрісін ұйымдастырғаны үшін Экономика және менеджмент мектебі басшылығына — Угур Чобан мырза мен Динара Сәрсеноваға, сондай-ақ Narxoz Business School деканы Гүлнара Күренкееваға алғыс білдіреді. Қор болашақ мамандардың депозиттерді қорғау туралы білімін арттыру мақсатында елдің басқа да оқу орындарымен сараптамалық ынтымақтастықты одан әрі жалғастыратын болады.