Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) салымшылар банк депозитінің «өмірлік циклі» барысында ұшырасатын ықтимал оқиғалар ішінде қазіргі кездегі ең өзекті тәуекелдерді, сондай-ақ ең сирек кездесетін тәуекелдерді белгіледі.
Екінші бөлімде бүгін ҚДКБҚ сарапшылары салымның мерзімін таңдау және оның келесі мерзімге автоматты түрде ұзартылуына қатысты тәуекелдерді талдайды.
Автопролонгация – егер бұл салым шартында қарастырылған болса, бұл салым шартының салымшының қатысуынсыз келесі мерзімге автоматты түрде ұзартылуы. Салымның мерзімі аяқталған соң, салым шарты:
– осы банкте осы депозиттік өнім бойынша қолданыстағы пайыздық мөлшерлемемен сол мерзімге тағы да ұзартылуы мүмкін. Жаңа мөлшерлеме бұрынғысына қарағанда жоғары немесе төмен болуы ықтимал;
– талап етілмелі салымның талабы мен мөлшерлемесіне сай немесе жылдық 0,1%-бен ұзартылады. Мұндай талап салымды автоматты түрде ұзарту қарастырылмаған жағдайда не болмаса салымның мерзімі шартта қанша рет көрсетілсе, сонша рет ұзартылып қойылған болса жүзеге асуы мүмкін. Сондықтан Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының сарапшылары салымшыларға банк салымы шартының келесі талаптарына назар аударуға кеңес береді:
1 – автопролонгацияның болуы,
2 – автопролонгация саны және
3 – жаңа мерзімге ұзартылған соң, сыйақы мөлшерлемесінің өзгеру мүмкіндігі.
Банктер осы салымдардың мерзімін автоматты түрде ұзарту барысында сыйақы мөлшерлемелерін салымшы үшін тиімсіз жағына қарай қайта қарауы мүмкін. Бұл бірінші кезекте банктің депозиттік өнімдері қатарынан біртіндеп шығарылып жатқан, алдағы уақытта клиенттерге қайта ұсынылмайтын депозиттерге қатысты жасалуы ықтимал. Ескі салымды жауып, ондағы ақшаны осы банкте қазір қолданыстағы жаңа немесе акциялық депозиттік өнімдерге орналастыру – нақты табыстылықты түгел алмау тәуекелдерін айтарлықтай азайтуы мүмкін.
Қазіргі уақытта қазақстандық банктерде мерзімі 3 немесе 6 ай болатын жинақ және мерзімді салымдар жылдық 20–20,5 пайызға дейінгі тартымды мөлшерлемемен қолжетімді болуда. Егер салған ақшаңызды салымның мерзімі аяқталған соң алатын болсаңыз, онда мерзімі автоматты түрде ұзартылмайтын салымды таңдаңыз немесе көрсетілетін осы қызметті қалай алып тастау керектігін банк менеджерінен сұрап, пысықтаңыз. Салымның мерзімі аяқталуға жақындаған кезде, банктің бөлімшесіне бару немесе банктің мобильді қосымшасынан пролонгацияны ерте бастан жою қажеттілігі туындауы мүмкін. Егер жинақ салым келесі мерзімге ұзартылатын болса, ондағы ақша салымның мерзімі аяқталғанға дейін алынатын жағдайда салымшы ақшасына кемінде 30 күннен кейін ғана қол жеткізе алады.
Уақыт өте келе, депозиттер бойынша мөлшерлемелер біртіндеп төмендеуі мүмкін. Сондықтан салымшылардың қазір осы қолданыстағы талаптар бойынша жаңадан салым ашуға немесе бұған дейін ашылған салымдарын толықтыруға мүмкіндіктері бар. Бұл тиімді сыйақы мөлшерлемесін бірнеше ай немесе тіпті жыл бойы тұрақты сақтауға, сәйкесінше тұрақты табыс алып тұруға мүмкіндік береді.
Ал ұзақ мерзімге, мысалы, 2 жыл және одан да жоғары мерзімге ашылған салымдардың жағдайы басқаша болуы мүмкін. Ұлттық Банктің инфляция бойынша таргеті – орта мерзімді келешекте – 5% деңгейінде тұрақтандыру. Егер ұзақ мерзімді депозиттің мөлшерлемесі осы таргеттік мәнге жақын болса, нақты табыстылық тіпті кезеңнің соңына қарай да салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін. Бүгінде банктер арасындағы бағалық бәсекелестік көп жағдайда қысқа мерзімді салымдарда шоғырланған. Қазіргі уақытта ұзақ мерзімді жинақ ақшаларды басқару салымшылардан едәуір белсенді тәсіл қолдануды талап етеді.