Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) салымшылар банк депозитінің «өмірлік циклі» барысында ұшырасатын ықтимал оқиғалар ішінде қазіргі кездегі ең өзекті тәуекелдерді және ең сирек кездесетін тәуекелдерді белгіледі.
ҚДКБҚ сарапшылары бүгін бірінші бөлімде депозитті таңдауға байланысты тәуекелдерді талдайды.
Шын мәнісінде салымның артында не тұр – сараптамалық көзқарас
Банктер өздерінің депозиттік өнімдерін «нөлден» бастап әзірлейді.
Кез келген банктік өнімнің базалық талаптары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде бекітілген.
Қалған талаптар: толықтыру мүмкіндігі, мерзімдер (3, 6, 12 ай және одан да жоғары), мерзімді ұзарту – банктің қарауына қалдырылады.
Мысалы, салымшылар мерзімсіз және мерзімді салымдар бойынша ақшаларын мерзімінен бұрын алғандары үшін банктер айыппұл санкцияларын өз бетімен белгілейді. Іс жүзінде салымшылардың үйреншікті мерзімсіз немесе мобильді депозит бойынша азайтылмайтын қалдық шегінде шығыс операцияларын жасағандары үшін банктер сыйақыны сирек азайтады немесе мүлдем азайтпайды. Бұл депозиттер қазіргі уақытта жылдық 13–16%-бен ашылып жатқаны белгілі. Мерзімді салым бойынша ақша мерзімінен бұрын алынған жағдайда, сыйақы мөлшері шын мәнісінде көп жағдайда жылдық 1%-дан да төмендеуі мүмкін. Ақшаның салымда мерзімі аяқталғанша сақталуы жылдық 18–20%-ға дейін болатын көтеріңкі табыстылықпен өтеледі.
Жинақ салымдар бойынша банктер салымның мерзімі және толықтыру құқығы секілді талаптарды өз бетімен белгілейді. Қазіргі уақытта Қазақстандық 18 банкте мерзімі бір 1 айдан 36 айға дейін баратын, толықтыруға болатын және болмайтын 100 шақты депозиттік өнім салымшыларға қолжетімді.
Өз кезегінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының теңгелік жинақ салым бойынша бір банкте бір салымшыға беретін максималды кепілдік сомасы 20 млн теңгеге дейін барады. Салыстыратын болсақ, теңгедегі мерзімді және мерзімсіз салымдарды, банк шоты және төлем карточкаларын қосқанда, ҚДКБҚ-ның ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша беретін максималды кепілдік мөлшері 10 млн теңгені құрайды.
Хабардар болуға арналған бүкіл ақпарат – бастапқы бетте
2024 жылдың 7 тамызынан бастап, банк салымы және банк шоты шартының мазмұнына және рәсімделуіне қатысты ерекше талаптар іске қосылды.
Енді банктер шартқа қол қою кезінде салымшыларды маңызды талаптар туралы хабардар етеді. Салымшыларға қолайлы болуы үшін және хабардар ету жүйесін жақсартуға арналған бұл жаңа енгізілім туралы бастаманы ҚДКБҚ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып көтерген болатын.
Банк салымы шартын, оның ішінде электронды түрде жасау барысында клиент қол қоятын өтініш нысаны немесе басқа да құжат маңызды деп саналатын 14 талапты қамтиды:
1 – салымның атауы,
2 – Азаматтық кодекске сәйкес салымның түрі,
3 – ҚДКБҚ максималды кепілдік сомасы,
4 – валюта,
5 – салымның минималды сомасы немесе азайтылмайтын қалдық,
6 – мерзім,
7 – сыйақы мөлшерлемесі,
8 – ЖТСМ, немесе жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі,
9 – салым бойынша сыйақы төлеу талаптары,
10 – ақшаны мерзімінен бұрын толық/ішінара алу мүмкіндігі,
11 – ақшаны мерзімінен бұрын толық немесе ішінара алу барысындағы пайыздық мөлшерлеме (пайыздық мөлшерлемелер) немесе оны (оларды) белгілеу тәртібі,
12 – салымды толықтыру мүмкіндігі, толықтыру бойынша шектеулер,
13 – мерзімді ұзарту немесе пролонгациялау талабы,
14 – банктің қарауындағы өзге де маңызды талаптар.
Әсіресе салымды онлайн түрінде, банк бөлімшесінде берілетін кәсіби ақыл-кеңессіз орналастырған жағдайда, ақшаны мерзімінен бұрын алуға мәжбүр болған кезде және хабардарлық шешім қабылдау үшін, сондай-ақ ықтимал тәуекелдерді реттеу мақсатында 2- және 10- тармақтарға көңіл бөліңіз, сондай-ақ 3-тармақ – осы салым бойынша ҚДКБҚ-ның беретін кепілдігі де маңызды.
ҚДКБҚ ұсынған нарық үрдістері: соңғы деректер
ҚДКБҚ мамандарының мәлімдеуінше, кепілдігі жоғары теңгелік жинақ салымдар – танымал банктік өнім болып табылады. Оның үлесі жеке тұлғаларға тиесілі депозиттер көлемінің 9,3%-ын құрайды (шетел валютасындағы салымдарды, шоттарды және карточкаларды қосқанда 28,4 трлн теңге). 1 мамырға қарай, ұлттық валютадағы жинақ салымдарда 2,6 трлн теңге орналастырылған.
Теңгедегі мерзімді салымдардың соңғы бір жыл ішінде нақты 10 есеге өскендігі олардың барған сайын танымал болып жатқандығын білдіреді. Теңгедегі мерзімді салымдардың көлемі 4,7 трлн теңгені құрайды, ал алар үлесі – жеке тұлғаларға тиесілі депозиттердің 16,6%-ына тең. Теңгедегі мерзімсіз салымдар өзінің бірқалыпты тұрақты үлесін сақтауда және жеке тұлғаларға тиесілі депозиттер көлемінің 33,2%-ын немесе 9,4 трлн теңгені құрайды.
Негізгі үлес ұлттық валютадағы «мақсатты» жинақ ақшаларға, оның ішінде білім беру салымдарына және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі салымдарға тиесілі – 11,4%. Мөлшерлемесі құбылмалы депозиттерге 1,1% сәйкес келеді. Теңгедегі шоттар, карточкалар және талап етілмелі салымдар – 8,1%. Валюталық салымдардың алар үлесі кезекті рет тарихи минимумды жаңартты және 1 мамырға қарай 20,3%-ды құрады.