Ағымдағы жылдың үшінші тоқсаны қаржы нарығында әртүрлі уақиғаларға толы болды – инфляциялық үдерістердің бәсеңдеуі және кейін соған байланысты ақша нарығында мөлшерлемелердің төмендеуі, тұтынушылық кредиттерге шектеу қою және тауарлардың бағасын бөліп төлеу мәселелеріне жіті көңіл бөлінуі, сондай-ақ теңгенің айырбас бағамының құбылмалылығы. Соңғысы қазақстандықтардың көпшілігінің жүйкесін жұқартты. Алайда АҚШ долларының жайғасымы нығайып, ұлттық валютаның уақытша әлсірегеніне қарамастан, бұл кезеңде салымшылардың іс-қимылы, ұстанымы таңданыс тудырды – халық бұл кезеңде өздерінің теңгелік жинақ ақшаларын валюталық депозиттерге аударған жоқ, керісінше ұлттық валютадағы депозиттерінің көлемін арттыра түсті. Бұл азаматтарымыздың ішкі валютаға деген адалдығы мен сенімін және ой-санасының өзгеріп жатқандығын білдіреді.
Нәтижесінде есепті тоқсанда жеке тұлғалардың депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі жинақ ақшалары 628 млрд теңгеге артып (+3,5%), 2023 жылдың 01 қазанына қарай 18,6 трлн теңгеге жетті. Өсім жылдық есепте 27,0%-ды құрады. Депозиттердің көлемінің ұлғаюын бір жағынан халықтың атаулы табыстарының (2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2023 жылдың 8 айында +16%[1]) өскендігіне, екінші жағынан салымдарға қатысты ағымдағы тартымды мөлшерлемелер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің есептелуімен түсіндіруге болады.
1-сурет. Халық депозиттері тұрақты өсуін жалғастыруда


Сонымен қатар депозиттердің жалпы құрылымында бұқаралық сегменттің үлесі төмендеп жатса, орта және ірі сегменттің үлестері керісінше арта түсуде. Сегменттердің бұлайша қалыптасуына тұтынушылық инфляция аясында халықтың әртүрлі топтарына тиесілі табыстардың өсу қарқынындағы ерекшеліктер себеп болуда. Айталық, ұдайы сұраныстағы тауарларға кететін шығындар халық табысының едәуір бөлігін ала бастады. Ал бұл табысы төмен қазақстандықтар үшін үлкен салмақ. Нәтижесінде олардың ақша жинау қабілеті төмендеуде. Соның салдарынан III-тоқсанның қорытындысы бойынша сомасы 3 млн теңгеге дейін болатын депозиттердің көлемі 2,4%-ға қысқарды. Ал қалған секторларда өсу байқалады – анағұрлым жоғары көрсеткіштер орта және ірі сегменттердегі депозиттер бойынша (6,4%-дан 8,9%-ға дейін) тіркелді.
3-сурет. Орта және ірі сегменттерге қарағанда бұқаралық сегменттің көлемі қысқаруда
Годовое изменение - Жылдық өзгеріс; Изменение за 3 кв. 2023г. – 2023ж. 3-тқс. өзгеріс; Всего – Барлығы; Массовый – Бұқаралық; Средний - Орта; Крупный - Ірі
Қысқа мерзімді депозиттер бойынша инфляциялық қысымның одан әрі төмендеуі нәтижесінде салымдардың нақты табыстылығы да өсе түсуде. ҚР Ұлттық Банкінің тиімді шаралары және сыртқы нарықтарда инфляцияның бәсеңдеуі Қазақстанда 2023 жылдың қыркүйегінде жылдық инфляцияны (маусымдағы 14,6%-бен салыстырғанда)[3] 11,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ мерзімсіз салымдар бойынша нарықтық мөлшерлемелер 15,3%-ды құраса, мерзімді депозиттер бойынша 16,1%-ға, ал жинақ салымдар бойынша 17,5%-ға жетті. Соның арқасында 3-ші тоқсанда мерзімсіз және қысқа мерзімді депозиттер бойынша орташа нақты табыстылық 3,3 п.т. деңгейінде қалыптасты. Бұл ақша жинау құралы ретінде депозиттердің тартымдылығын арттыра түседі. Айта кетелік, бұған дейінгі тоқсанда 0,3 п.т. болған еді.
ҚР Ұлттық Банкінің ресми мәлімдемесіне сәйкес «нақты инфляция мен оның орнықты бөлігі одан әрі бәсеңдейтін болса, базалық мөлшерлеменің де бірқалыпты төмендеуі жалғасады»[4]. Демек банктердің депозиттер бойынша ұсынатын сыйақы мөлшерлемесі де төмендеуі әбден мүмкін деген сөз. Сондықтан қазір ҚДКБҚ[5] кепілдігінің арқасында депозиттер бойынша минималды кредиттік тәуекелдерді ескерсек, ағымдағы тартымды мөлшерлемелер бойынша жоғары табыстылықты сақтап қалу мақсатында ақшаны банк салымдарына салуға өте қолайлы уақыт туындап тұр.
Жаңалықтарымызды жіберіп алмаңыз – жылды аяқтау қорытындысы бойынша ҚДКБҚ Сізге жеке тұлғалардың депозиттері нарығындағы үрдістер жайлы ақпарат беретін болады.
[3] Өңірлердегі инфляциялық үрдістер, www.nationalbank.kz
[4] ҚР Ұлттық Банкінің «Базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін төмендету туралы» 2023 жылғы 25 тамыздағы баспасөз релизі