КФГД - Казахстанский фонд гарантирования депозитов
Кепілді өтем төлеу үшін салымшылардың тізілімі қалай қалыптастырылады?
Кепілді өтем төлеу үшін салымшылардың тізілімі қалай қалыптастырылады?
Өздеріңіз білетіндей, банк лицензиясынан айырылған жағдайда ҚДКБҚ салымшыларға кепілдік берілген депозиттері бойынша өтем төлейді. Салымшылар көп жағдайда бұл үшін қайда жүгіну керектігін, өтем төлеу үшін деректер қалай жиналатындығын және әрбір депозитор бойынша кепілді өтем қалай есептелетіндігін біле бермейді. Сол үшін осы жолы депозиторлардың кепілді өтем төлеуге арналған тізілімі дегеніміз не екендігін және ол қалай қалыптастырылатындығы туралы әңгімелейміз.
Қазақстанның ислам банктерінен басқа, барлық екінші деңгейдегі банктері депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады және өз клиенттерінің (жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер) салымдарда, ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшалай қаражаттарының автоматтандырылған есебін жүргізуге міндетті.
Банктердің кепілдік берілген депозиттердің автоматтандырылған есебін жүргізу талабын ҚДКБҚ белгілеген. Сонымен қатар ҚДКБҚ бұл талаптардың сақталуын тұрақты негізде қашықтан және тікелей банктердің өзінде тексеріп, қадағалайды.
Азаматтардың депозиттері салымшылар банк шоты немесе банк салымы шартын жасасқан сәттен бастап, ҚДКБҚ кепілдіктерімен қорғалатындықтан, банктер салымшылардың қаражаттарын автоматтандырылған (орталықтандырылған) күнделікті негізде есепке алуға міндетті және депозиторлардың кепілді өтемі есептелген тізілімін кез келген күнге қалыптастыра алатындай мүмкіндігі болуы керек.
Бұл тізілімді банк салымшыларының тізімі деуге болады және онда сәйкестендіруші деректерден басқа, мынадай деректер қамтылған:
салымшылардың ұлттық және шетелдік валютадағы шоттары/салымдары бойынша ақша қалдықтары (егер салымшының бір банкте бірнеше шоттары/салымдары бар болса, онда олар топтастырылады);
салымдар бойынша есептелген сыйақылар;
салымшылардың банк алдындағы берешектері (мысалы, кредиттер, тұрақсыздық айыптары, (айыппұлдар) бойынша);
шоттың/салымның түрі мен валютасына қарай Депозиттерге кепілдік беру туралы заңда белгіленген максималды кепілдік мөлшері шегінде қорытынды (жиынтық) кепілді өтем сомаларының есебі.
Атап өту керек, мұндай тізілімді жасауға салымшылардың қатысуы талап етілмейді. Клиент және оның депозиттері бойынша барлық өзгерістерді банк клиенттердің банктік көрсететін қызметтері бойынша жүгінгеніне қарай автоматты түрде есепке алады.
Банк лицензиясынан айырылған жағдайда таратылатын банктің уақытша әкімшілігі депозиторлардың тізілімін 25 жұмыс күні ішінде қалыптастырады және кепілді өтем төлеу үшін оны ҚДКБҚ-ға тапсырады.
Өтем төлеуге берілетін депозиторлар тізіліміндегі барлық ақпарат банк лицензиясынан айырылған күнге қарай қалыптастырылады.
Мысалы, шетел валютасындағы шоттар/салымдар бойынша кепілді өтем банк лицензиясынан айырылған күнге қарай айқындалған нарықтық валюта айырбастау бағамы бойынша есептеледі, тіркеледі және бұдан кейін өзгертуге жатпайды.
Маңызды: егер лицензиясынан айырылған банктің салымшысы депозитімен бірге банк алдында мысалы, кредиті бойынша берешегі де бар болатын болса, кепілді өтем сомасы банктің салымшыға қатысты қарсы талабын ескере отырып, есептеледі, яғни өтем сомасынан кредит сомасы шегеріліп тасталады. Мұны банктің уақытша әкімшілігі жасайды.
Егер сіз сақтандыру жағдайы күніне қарай (мысалдармен) кепілді өтемді есептеу ерекшеліктері туралы білгіңіз келсе, мына сілтеме бойынша өтіп, оқып шығуыңызға болады. Одан басқа, ҚДКБҚ сайтындағы калькуляторды пайдалана аласыз. Соның көмегімен есептелген пайыздарды, салымның түрі мен валютасын және банкте салымшының кредиті бар/жоғын есепке ала отырып, депозит бойынша кепілді өтемді оңай есептеуге болады.
Осылайша депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің салымшылары үшін банк лицензиясынан айырылған жағдайда қаражаттарын қайтару туралы уайымдаудың қажеті жоқ. Сақтандыру жағдайы туындаған кезде салымшыларға кепілді өтемді дер кезінде төлеуді қамтамасыз ету үшін ҚДКБҚ-да барлық қажетті ақпараттар болады. ҚДКБҚ халықты өтем төлеу тәртібі, кезеңі және төлем орындары, сонымен қатар әрбір сақтандыру жағдайы және төлемнің әрбір кезеңі барысында: төлем басталғанға дейін, төлем барысында және өтем төлеу аяқталған соң өтініш беру әдістері, сондай-ақ талап етілмеген сомаларды БЖЗҚ-ға аудару туралы міндетті түрде хабарлайды.
Жалпы депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы толыққанды ақпаратты 1460 тегін нөмірі арқылы және ҚДКБҚ-ның мына ресми сайтынан алуға болады: www.kdif.kz, сондай-ақ сауалдарды info@kdif.kz поштасына немесе @kdif_ask telegram-чат жолдауға мүмкіндік бар.