Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша банктердегі жеке тұлғалардың депозиттері 7%-ға өсіп, 30 триллион теңгеден асып түсті
2026 жылдың алғашқы алты айында депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі жеке тұлғалардың депозиттері рекордтық 30 триллион теңгеден асты. Ұлттық валютадағы жинақ ақша 9,5%-ға өсті. Ал шетел валютасындағы қаражат 3,4%-ға азайды.
Теңгедегі депозиттердің ішінде жарты жылда ең жоғары өсімді толықтырылатын мерзімді салымдар көрсетті – екі жарым еседен астам (167%-ға). Толықтырылатын жинақ салымдар 159%-ға өсті. «Нысаналы» жинақ ақша – тұрғын үй және білім беру депозиттері 12%-ға, толықтырылмайтын мерзімді салымдар 6%-ға артты. Ал толықтырылмайтын жинақ салымдар мен мерзімсіз салымдар азайды.
Осындай жағдайда жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру жүйесі орнықтылығын сақтап отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында депозиттік базаның жалпы өсімі 6,7% болды. Осы кезеңде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) арнайы резервін 10%-ға – 1,73 триллион теңгеге дейін ұлғайтты.
ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев түсініктеме береді
– Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры резервте 1,73 триллион теңге жинақтады. Бұл – халық депозиттерінің 30 триллион теңгесінің шамамен 6%-ы. Осы қаражат салымшыларды сенімді қорғауға жеткілікті ме?
– Арнайы резервтің қазіргі көлемі заң талаптарына және халықаралық стандарттарға толық сай келеді. Заң бойынша резерв кепілдік берілген депозиттер көлемінің кемінде 5%-ын құрауы тиіс. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5,8%-ға жетті.
Айта кетейін, елімізде депозиттерге кепілдік беру жүйесі құрылғаннан бері 11 банк қызметін тоқтатты. Мысалы, Tengri Bank салымшылары алдындағы қордың міндеттемелері 17,8 миллиард теңге болды, ал ол кездегі резерв – 604 миллиард теңге. Capital Bank Kazakhstan жағдайында міндеттемелер 1,7 миллиард теңге, резерв 650 миллиард теңге еді.
Заң деңгейінде қаржыландырудың кемінде тағы үш қосымша көзі қарастырылған. Алайда іс жүзінде жүйе төлемдерді өз бетінше қамтамасыз етіп келді. Олардың ешқайсысы мемлекеттік бюджеттің қатысуын көздемейді.
– Қордың арнайы резерві қандай көздерден құралады және оның сенімділігі қалай қамтамасыз етіледі?
– Депозиттерді қорғау заң деңгейінде бекітілген, бірақ қордың қаржылық моделі толық дербес. ҚДКБҚ-ның арнайы резерві нысаналы сипатта. Ол банк секторының қаражаты есебінен қаржыландырылады. Осылайша резерв мемлекеттік бюджетке немесе ағымдағы макроэкономикалық реформаларға тәуелді емес.
Резерв тәуелсіз көздерден құралады. Оның 37%-ы – қатысушы банктердің тұрақты күнтізбелік жарналары, 62%-ы – инвестициялық кіріс есебінен. Қалған үлесі заңда көзделген өзге көздерге тиесілі. Бұл активтер жоғары өтімді құралдарға орналастырылған. Оның 56%-ы – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, 11%-ы – АҚШ Қазынашылығының облигацияларына салынған. Қалған бөлігі ақша нарығының құралдары, квазимемлекеттік сектордың және халықаралық даму институттарының облигациялары арасында бөлінген.
Осылайша, салымшылар алдындағы міндеттемелер нақты әрі жинақталған резервтермен қамтамасыз етілген. Сақтандыру жағдайы туындағанда олар төлемдерге дереу жұмсалады.
– Қарапайым азамат қорғанысының сенімді екенін неден біледі? Ол қанша өтем ала алады?
– Кез келген салымшы үшін қорғалудың басты өлшемі – оның жинақ ақшасының белгіленген шектерге сәйкес келуі. Еске салайын, бір банктегі бір салымшыға төленетін ең жоғары өтем сомасы ұлттық валютадағы жинақ салымдар бойынша 20 миллион теңге. Теңгедегі басқа депозиттер бойынша, оның ішінде ағымдағы шоттар мен төлем карточкалары бойынша, төлемнің шекті сомасы 10 миллион теңге. Шетел валютасындағы шоттар бойынша ең жоғары кепілдік 5 миллион теңге (баламасында) болып белгіленген. Бір банкте бірнеше түрлі салым болса, ҚДКБҚ төлейтін жиынтық өтем 20 миллион теңгеден аспайды. Осы шектерді ескергенде, ҚДКБҚ бүгінде қазақстандықтардың барлық депозиттік шоттарының, оның ішінде карточкалардың 99,8%-ын толық сомада қорғайды.