Баспасөз орталығы


Артқа

ҚДКБҚ депозиттерді кепілдендіру жүйесі туралы банк қызметкерлерінің білімін арттыру бойынша жалпыұлттық бастаманы қолға алмақ

Telegram WhatsApp Facebook X (Twitter) LinkedIn
Для Google Docs: скачай .html -> загрузи в Google Drive -> "Открыть с помощью Google Docs".

Миллиондаған қазақстандық салымшылар KDIF Academy Certified стандарты бойынша дайындалған мамандардан ақыл-кеңестер ала алады

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) KDIF Academy атты банк қызметкерлерінің халық депозиттерін қорғау туралы білім деңгейін көтеруге арналған кешенді ақпарат беру-түсіндіру бағдарламасын іске қосады.

KDIF Academy-ді іске қосудағы мақсат – банктердің салымшылармен тікелей жұмыс жасайтын, ең алдыңғы шептегі қызметкерлерінің санасында депозиттерге кепілдік беру жүйесі (ДКБЖ, Жүйе) туралы бірыңғай, қарапайым, қолданбалы ұғым қалыптастыру. Салымшы әрбір сәтте: банктің байланыс орталығына телефон шалудан бастап, әлеуметтік желідегі түсініктемелеріне дейін байланысқа шыққан сәтте оны жинақ ақшасын қалай қорғау туралы толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ету.

Сынамалы жоба нысанында қолға алынған бұл бастамаға қосылуға дайындығын білдірген алғашқы банк – Банк ЦентрКредит. ҚДКБҚ мен БЦК ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, бірлескен бастаманы кезең-кезеңмен жүзеге асыруға кірісіп кетті.    

KDIF Academy бағдарламасына қатысу – біз үшін клиенттік сервистің сапасын арттыруға жұмсалған инвестиция. Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің мән-мағынасын терең түсінетін банк қызметкері салымшылардың сұрақтарына қашанда байсалды, толыққанды жауап беретін болады. Ал бұл өз кезегінде банкке және бүкіл қаржы жүйесіне деген сенімді одан әрі нығайта түседі. Қазақстанда салымдарды қорғау мәселелері бойынша маман дайындаудың жаңа стандартын енгізуде бірінші болу – біз үшін маңызды.

Елена Воронова, «Банк ЦентрКредит» АҚ Қызметкерлер құрамын басқару орталығының атқарушы директоры  

ҚДКБҚ 2024 жылы өткізген, халықтың ДКБЖ туралы хабардарлығын зерттеу деректеріне сүйенсек, депозиттердің кепілдігі туралы басты ақпарат көзі – банк менеджерлері болған. Сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші респондент (4000 адамның  35%-ы) осылай жауап берген. Демек банк мамандарының ақыл-кеңесі – халықтың қаржы жүйесіне деген сенімінің басты факторларының бірі.

Цифрландыру дәуірінде салымшылардың сенімі көп жағдайда олардың банктен алатын мәліметтерінің сапасына қарай қалыптасады. Халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын дәл осы алдыңғы шептегі білікті мамандар клиенттердің үрейін сейілтіп, банк жүйесіне деген сенімін нығайтып, жинақ ақшаларының қорғау механизмдерін жан-жақты түсіндіріп бере алады. KDIF Academy депозиттерді кепілдендіру жүйесіне деген сенімді абстрактық түсініктен банк қызметкерінің нақты кәсіби дағдысына айналдырады.

Әділ Өтембаев, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы

 

KDIF Academy бағдарламасы қалай жұмыс істейді

KDIF Academy әртүрлі тәсілдерді біріктіреді: онлайн-курс, бетпе-бет тренингтер, қашықтан оқытулар және алған білімді тестілеу арқылы бекіту, сондай-ақ KDIF Academy Certified стандарты бойынша сертификаттау.

Миллиондаған салымшылардың әрқайсысына ақпарат беру оңай емес.  KDIF Academy – осы түйткілге берілген стратегиялық жауап: Қор бірыңғай білім беру стандартын қалыптастырса, банктер оны іс жүзінде қолдану жағын қамтамасыз етеді. 2031 жылға қарай біз депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы барлық банктерді кезең-кезеңмен қамтуды жоспарлап отырмыз. Осылайша менеджерлер депозиттерді қорғау туралы білім елшілеріне айналады.

Алима Пардашева, KDIF Academy тәлімгері, ҚДКБҚ Ақпараттық саясат секторының стратегиялық коммуникациялар бойынша менеджері

 

Бағдарлама Қазақстанда және әлем бойынша депозиттерге кепілдік берудің маңызды мәселелерін қамтиды және бұл жерде халықаралық стандарттар және елімізде таратылып жатқан банктердің тарихынан тәжірибелік кейстер негізге алынады. Қатысушылар депозиттерге кепілдік беру жүйесінің құрылымын, кепілдік берілетін, кепілдік берілмейтін банк өнімдерін, шекті кепілдік сомаларын есептеуді, өтем төлеу тәртібін, сондай-ақ қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуде Қордың атқаратын рөлін зерделейтін болады.       

Депозиттердің түрлеріне, қандай валютада ашылғандығына, шоттардың үйлесіміне және қолданыстағы шекті өтем сомаларына қарай кепілдік берілген өтем сомаларын есептеудің күрделі тәжірибелік кейстерін талдауға уақыт бөлінеді.

Арнайы модульдер проблемалық банктердің белгілеріне, мәжбүрлеп тарату рәсімдеріне және дағдарыстық коммуникацияларға, оның ішінде салымшылардың жаппай ақша алу (bank run) сценарийлерінің алдын алуға арналған.

Стандарттарды айқындаушы алғашқы банк

Банк ЦентрКредит – депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы банк қызметкерлерінің білімін арттыру бойынша KDIF Academy – ҚДКБҚ жалпыұлттық бағдарламасында алғашқы жол салушы мәртебесіне ие болады.

Сынамалы жоба аясында ең алдымен тестілеу және оқытудан салымшылармен тікелей қарым-қатынас жасайтын қызметкерлер – бөлімшелердің менеджерлері, байланыс орталық және клиенттік қолдау мамандары, сондай-ақ депозиттік бейін жетекшілері өтеді.     

Банк ЦентрКредитпен арадағы сынамалы жоба 2026 жылдың аяғына қарай аяқталады. Соның нәтижесінде қол жеткізілген тәжірибені негізге ала отырып, бағдарламаны пайдалану аясы одан әрі кеңейтіледі: 2027 жылдан бастап, ҚДКБҚ басқа да қатысушы банктерге шығып, оларды коммерциялық емес талаптармен KDIF Academy бағдарламасына қосылуға шақыра бастайды. Мақсат – бүкіл еліміз бойынша және барша жұртшылықтың мүддесі үшін салымшыларды хабардар етудің бірыңғай стандартын қалыптастыру.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры туралы анықтама

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін 1999 жылдан бері қорғап келеді. Қор лицензиясынан айырылған 9 банктің 418 000 астам салымшысына жалпы сомасы 114 млрд теңгеден астам өтем төледі. Бүгінде отандық депозиттерге кепілдік беру жүйесіне 21 банк қатысады. Ал халықтың осы банктердегі кепілдік берілген салымдарының жалпы мөлшері 27 трлн теңгеден асады. Олардың  99,8%-ы Қор кепілдігімен толық көлемде қамтылған.

Банк ЦентрКредит туралы анықтама

«Банк ЦентрКредит» АҚ – Қазақстанның ірі және көне коммерциялық банктерінің бірі, 1988 жылы құрылған. Банк депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушылардың тізіліміне кіреді және бүкіл еліміз бойынша 150-ден астам бөлімшелер желісі арқылы 3 млн астам клиентке қызметтер көрсетеді. Банк көпжылдық сараптамаларды және заманауи цифрлық шешімдерді үйлестіре отырып, жеке және заңды тұлғаларға қаржылық қызметтердің толық спектрін ұсынады.         

 

Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы көбірек біліңіз: www.kdif.kz

Байланыс орталығы: 1460 (қоңырау шалу тегін)



29-06-2026
Document