Депозиттерге кепілдік беру туралы заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енді

Депозиттерге кепілдік беру туралы заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енді

Жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру туралы заңнаманың жекелеген ережелерін жетілдіруге бағытталған заңнамалық түзетулер күшіне енді.


Бірінші – депозитор ұғымы заңнамалық деңгейде енгізіледі. Жеке тұлғалар – қазақстандық банктердің салымшылары бұрынғыша банктердегі жинақ ақшаларының заңнамалық тұрғыда қорғалу құқығына ие, оны Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) жүзеге асырады. Түзетулерге байланысты «депозитор» ұғымына сондай-ақ дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар: қорғаушылар, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары және кәсіпқой медиаторлар енгізілді.


Екінші – депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктің дәрменсіздігі жағдайында ҚДКБҚ-ның қаражаттарын есепке алу және қолдану тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Айталық, Қор міндеттемелерін орындау үшін әдеттегідей өзінің арнайы резервіне қосымша ретінде өзінің меншікті активтерін де пайдалануға құқылы. Бұл ретте ҚДКБҚ жарғылық капиталының бір бөлігі (70% шегінде) енді арнайы резервтің құрымында есепке алынбайды. Бұл Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келеді. Алайда ҚДКБҚ жалғыз акционері – Қазақстанның Ұлттық Банкінің шешімі бойынша өтем төлеуге жұмсалуы мүмкін. Оған қоса жарғылық капиталдың бұған дейін көзделген 70%-ынан асыруға рұқсат етіледі. ҚДКБҚ бұрынғысынша депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерге қосымша жарналар есептеуге және қарыз алу үшін Ұлттық Банкке жүгінуге құқылы. Ал бұл қарыз кейін банктердің төтенше жарналары есебінен өтеледі.      


Осы заңнамалық жаңа енгізілімдер ҚДКБҚ-ның қаржылық орнықтылығын күшейтеді және іс жүзінде шешімдер қабылдау мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді және сындарлы сценарийлер кезінде міндеттемелерді ойдағыдай орындауға септігін тигізеді. Базалық тұрғыдан алғанда, Қордың өзіне тиесілі функцияларын орындауы бұрынғысынша арнайы резервпен өтеледі. Қазіргі сәтте жинақталған резервтің көлемі 1 трлн теңгеден асады. Жеткіліктілік деңгейі заңнмада белгіленген коэффициентке – кепілдік берілген депозиттер көлемінің 5%-ына сәйкес келеді.


Түзетулердің үшінші пулы банк құпиясына қатысты. Қаржы реттеушісі депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне немесе елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіретін, қаржылық ахуалы орнықсыз банктер, сондай-ақ төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызған банктен ҚДКБҚ оның активтері мен міндеттемелері туралы ақпарат алуға құқылы. Бұл Қорға заңнамада қарастырылған барлық атқарымдарды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.      


Түзетулердің төртінші пулы депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімін жүргізуге және куәліктерді беру үдерісін оңтайландыруға қатысты. Атап айтсақ, құжат айналымын оңтайландыру үшін Қор тарапынан қатысушы банктерге құжатты куәліктер беру жойылады – ҚДКБҚ тізіліміне тиісті ақпарат енгізілген күннен батап, банк депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушысы атанады.


Барлық түзетулер қазақстандық банктердің салымшылары – жеке тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қаржы тұрақтылығы саласындағы институционалдық тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда кезекті маңызды кезеңге айналды.       

  

Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша максималды кепілдік мөлшерлері мына сомаларды құрайды:


  • теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 20 млн теңге;

  • теңгедегі мерзімсіз, мерзімді және басқа да депозиттер, сондай-ақ төлем карточкалары мен ағымдағы шоттар бойынша – 10 млн теңге;

  • шетел валютасындағы барлық депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша – 5 млн теңге.


Егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы бар болса, Қор банк лицензиясынан айырылған күнге қарай барлық шоттардағы қалдық ақшаларға, әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып, өтем сомасын есептейді, бірақ салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды. Кепілді өтем әрбір банк бойынша төлек төленеді. Ислам банктерін қоспағанда, жеке тұлғалардан депозиттер қабылдайтын барлық банктер міндетті түрде депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысады.  


Еске саламыз, арнайы резервтің қаражатын жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету – Қордың таяудағы үш жыл ішінде атқаратын жұмыстарының басым бағыттарының қатарына кіретіндігі жайлы ҚДКБҚ бұған дейін хабарлаған болатын. Қазіргі уақытта активтерді инвестициялық басқару саласында бірқатар бастамалар жүзеге асырылып жатыр, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің жарналарын есептеудің тәуекелге бағдарланған моделі қолданылуда және осы бағыттарды кезең-кезеңмен дамыту жоспарланған.


2024 жылғы 5 желтоқсан