Алматы қ., A25D6H8, Достық даңғылы, 136, 8-қабат

Нұр-Сұлтан қ., Z00T6E0, Иманов көшесі, 11, 104-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A25D6H8, Достық даңғылы, 136, 8-қабат

Нұр-Сұлтан қ., Z00T6E0, Иманов көшесі, 11, 104-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

ҚДКБҚ құқықтық мәртебесі

Егер банк банктік операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшыларға өтемақы төлейді. Осылайша, ҚДКБҚ қаржылық тұрақтылыққа септігін тигізіп, азаматтардың қазақстандық банк секторына деген сенімді қолдайды.

Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер

2020 жылғы 1 ақпан жағдайы бойынша тізімі

206.22
KB


Заңдардағы депозиттерді қорғау

Қазақстан Республикасында салымшыларды қорғау мәселесі екі заңмен реттеледі:


  1. Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы
  2. Қазақстан Республикасындағы депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы

Банктер және банктік қызмет туралы Заң салымшылардың жинақтарды қорғауға берілетін құқықтарын бекітіп, жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдайтын барлық банктердің депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысуын талап етеді. Жалғыз ерекшелік – ислам банктері.


Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің негізгі қағидалары

  1. Банктердің қатысу міндеттілігі.
  2. Айқындық.
  3. Тәуекелдерді азайту.
  4. Өтемақы төлеуге арналған арнайы резервті қалыптастырудың жинақтаушы сипаты.


Депозиттерге кепілдік беру туралы заң – бұл негізгі заң.

Бұл заң салымшылардың құқықтарын қорғауға бағытталып, депозиттерге кепілдік беру жүйесі жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін белгілейді: ҚДКБҚ-ның қызмет ету, теңгедегі, шетел валютасындағы депозиттер бойынша максималды төлем сомалары, төлемнің басталу күні және төлем тәртібі.


Жеке тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің депозиттері қорғалған. «Депозит» ұғымы салымдарды, банктік шоттардағы және төлем карталарындағы ақшаны қамтиды.


Салымды, шотты немесе банктік картаны аша отырып, банк салымшылары арнайы коммерциялық емес ұйым болып табылатын ҚДКБҚ-дан ақшаны қорғауға берілетін заңды құқықты иемденеді.
Жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлер қорғалады


Жинақтарды қорғауға берілетін құқық заңмен әрбір салымшыға шаққанда ескерілген, бірақ сомасы бойынша шектелген. Максималды төлем сомасы депозит түрі мен валютасына байланысты.


  • Шетел валютасындағы депозиттер– 5 миллион теңге.
  • Теңгедегі депозиттер: салымдар, банктік шоттар, төлем карталарындағы ақша – 10 миллион теңге.
  • Теңгедегі жинақ салымдары– 15 миллион теңге.
  • Егер бір банкте түрі мен валютасы бойынша әртүрлі бірнеше депозит болса, – 15 миллион теңге

Банк салымшыларының басым көпшілігінің депозиттері қорғалған кезде, кепілдік тиімді болады
ҚДКБҚ барлық депозиттерді қорғайды, ал банктердегі депозиттік шоттардың 99%-нан астамы толық сомаға қорғалған



Қазақстан Ұлттық Банкінің рөлі

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Ұлттық Банкке стратегиялық даму, жоспарлау және күнделікті қызмет мәселелері бойынша есеп береді.
Ұлттық Банк мемлекет атынан ҚДКБҚ құрылтайшысы әрі жалғыз акционері ретінде капиталға қатысады.



Төлемдерді қаржыландыру

Салымшыларға өтемақы төлеудің жалғыз көзі ҚДКБҚ-ның арнайы резерві болып табылады.

Жалпы, арнайы резервті жинақтаудың және жиі толықтырудың 7 көзі қарастырылған.


  1. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің жарналары арнайы резервтің негізгі көзі болып табылады.
  2. ҚДКБҚ жарғылық капиталының 70%. Қордың жарғылық капиталын құрылтайшысы әрі жалғыз акционері болып табылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қалыптастырады.
  3. ҚДКБҚ арнайы резервінің активтерін орналастырудан түскен инвестициялық кіріс. Ақша депозиттер, ноталар мен ең жоғары инвестициялық сападағы облигациялар сияқты қаржы құралдарының барынша консервативті портфелінде орналастырылған. Негізгі қағидасы – максималды өтімділік (қор нарығында құнды қағаздарды тез сату мүмкіндігі) және минималды кредиттік тәуекел.
  4. ҚДКБҚ-ның меншікті активтерін орналастырудан түскен инвестициялық кіріс.
  5. Мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің төленген (төленетін) өтемақы сомалары бойынша ҚДКБҚ-ның талаптарын қанағаттандыру тәртібімен алынған ақша.
  6. Уәкілетті органның қатысушы банктің барлық банктік операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешімінің күші жойылған жағдайда, қатысушы банктен төленген өтемақы сомасы мөлшеріндегі ақша.
  7. Қосылу шарты бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қатысушы банктерге қатысты қолданылатын тұрақсыздық  төлемі.

2020 жылдың басында ҚДКБҚ-ның арнайы резервінде 500,7 миллиард теңге жиналды, жарғылық капиталдың үлесі – 165 миллиард теңге. Барлығы – 610 миллиард теңге.


Мақсатты көрсеткіш – депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі депозиттер көлемінің 5%-н құрайды


ҚДКБҚ жинақталған резервті депозиттерді қорғау мақсатында ғана пайдалануға құқылы: не лицензиядан айырылған банктің салымшыларына өтемақыны тікелей төлеу түрінде, не кепілдік берілген депозиттерді қызмет ететін банкке табыстау үшін лицензиясынан айырылған банктің активтері мен міндеттемелері арасындағы айырманы толтыру түрінде.



Депозиттерді іс жүзінде қорғау

Әр түрлі уақытта Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Астана Банкін, Qazaq Banki және Валют-Транзит Банкін қосқанда, жеті банктің салымшыларына өтемақы төледі. Өтініштердің келіп түсуіне қарай, салымшыларға жүргізілетін төлемдер жалғасуда. Орындалған міндеттемелердің жалпы сомасы 77 миллиард теңгені құрайды.


Астана Банкі және Qazaq Banki банктерінде 286 мың кепілдендірілген салымдардың ішінде 99,3% кепілдікпен толықтай қорғалып, салымшылар жинақталған сыйақысы бар депозиттің толық сомасына өтемақы алды



Қордың құқықтары мен міндеттері

ҚДКБҚ мақсаты – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Егер депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылса, ҚДКБҚ салымшыларға өтемақы төлеу арқылы азаматтардың банк жүйесіне деген сенімін қолдайды


Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры функцияларының, құқықтары мен міндеттерінің толық тізбесі Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңда бекітілген.


Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры келесі функцияларды орындайды:

  • банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған жағдайда, салымшыларға өтемақы төлейді
  • заңмен көзделген жағдайда банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке бір мезгілде беру жөніндегі операциясыны жүргізуге қатысады
  • арнайы резерв қалыптастырады
  • активтерді инвестициялайды
  • депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімін жүргізеді
  • Директорлар кеңесі айқындаған тәртіппен салымшыларға ақша төлеу үшін конкурстық негізде агент банкті таңдайды
  • депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушы банкті консервациялау кезінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің құрамына қатысады
  • банкті банк операцияларынжүргізуге арналған лицензиясынан айыру кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің құрамына қатысады
  • тарату комиссиясы тарапынан төленген (төленетін) өтемақы сомасы бойынша берешекті өтеген кезге дейін мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясының құрамына қатысады
  • тарату комиссиясы тарапынан төленген (төленетін) өтемақы сомасы бойынша берешекті өтеген кезге дейін мәжбүрлеп таратылатын банктің кредиторлар комитетінің құрамына қатысады.

ҚДКБҚ құқылы:

  • депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерден жарналар төлеуін талап етуге
  • депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің Қосылу шартының талаптарын тиісінше орындауын талап етуге
  • өз депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін орнықсыз қаржылық жағдайы бар банк санатына жатқызылған және (немесе) төлеуге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған қатысушы банктен, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктен (банкті уақытша басқарушыдан) жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мәліметтерді, сондай-ақ кредитор мен борышкер бір тұлға болған жағдайда олардың міндеттемелері жөніндегі, оның ішінде банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді сұратуға;
  • Заңның 8–1-бабына сәйкес Ұлттық Банктен депозиттерге кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты алуға
  • Заңның 9-бабына сәйкес Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен қатысушы банктердің қаржылық жай-күйі туралы ақпаратты қоса алғанда, депозиттерге кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты алуға
  • Заңның 23-бабында көзделген жағдайда қарыз алуды жүзеге асыруға
  • уәкілетті органның қатысушы банкті барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешімінің күші жойылған жағдайда, барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған қатысушы банктен осы банктің депозиторларына төленген кепілдік берілген өтем сомасын қайтаруды талап етуге
  • қатысушы банкті банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айыру кезеңінде тағайындалған уақытша әкімшіліктен және қатысушы банктің тарату комиссиясынан кепілдік берілген депозиттер бойынша депозиторлар тізімін және кепілдік өтемақының есеп айырысуын уақтылы ұсынуды талап ету
  • қатысушы банк Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алдында оған ықпал ету шаралары мен санкциялар қолдану туралы өтініш беруге.

Қор міндетті:

  • лицензиясынан айырылған банктің салымшыларына өтемақы төлеуге
  • Қосылу шартының талаптарын айқындауға
  • депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің жарналарды толық әрі уақтылы төлеуіне бақылау жасауға
  • банк мүлкінің мөлшері мен басқа банкке (басқа банктерге) берілетін кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелердің мөлшері арасындағы айырманы толтыруға
  • өзінің функцияларын жүзеге асыру процесінде мәлім болған қатысушы банктер және олардың клиенттері туралы ақпаратты тек қызметтік мақсаттарда ғана пайдалануға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қатысушы банктердің Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңнамасын бұзу фактілері туралы хабарлауға
  • Заңның 8–1-бабына сәйкес Ұлттық Банкке депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты беруге
  • Заңның 9-бабына сәйкес Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты беруге
  • депозиторларға өтемақы төлеу тәртібі туралы ақпарат беруге, ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуге
  • арнайы резерв активтердің және меншікті активтердің бөлек бухгалтерлік есебін жүргізуге
  • заңға сәйкес алынған мәліметтерді жария етпеуге .


Банктермен өзара қатынас

Егер қордың салымшылармен қарым-қатынасы заңмен реттелсе, онда банктермен қарым-катынасты Қосылу шарты реттейді. Бұл – банктің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылу шарты, оның талаптары жүйеге кіретін барлық банктер үшін стандартты болып табылады.


Банктің Қосылу шартына қосылуы оның депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысуының міндетті шарты болып табылады


Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер төлейтін жарналардың үш түрі бар.


  • Міндетті күнтізбелік жарналар – тоқсан сайынғы төлемдер. Қатысушы банктің міндетті күнтізбелік жарнасының мөлшері есеп берілген тоқсаннан кейінгі айдың бірі күнгі жағдай бойынша қатысушы банктің кепілдік берілетін депозиттер сомасының 0,5%-ынан аспауы тиіс.
  • Қосымша жарналар – өтемақы төлеу үшін Қордың арнайы резерві жеткіліксіз болған жағдайда төленетін бір жолғы төлемдер. Қатысушы банктің қосымша жарнасының мөлшері өткен тоқсан үшін қатысушы банктің Қорға төлеген міндетті күнтізбелік жарнасының екі еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
  • Төтенше жарналар – заңның 23-бабында белгіленген тәртіппен Қор алған қарыз сомасын және ол бойынша есептелген сыйақыны толық өтеуге арналған төлемдер. Қатысушы банктің төтенше жарнасының жылдық мөлшері аталған қатысушы банктің тоқсан сайын төлейтін міндетті күнтізбелік жарнасының жылдық мөлшерінен аспауы керек.

Жарналарды төлеу тәртібі мен мөлшерін ҚДКБҚ-ның Директорлар кеңесі айқындайды.



Ынтымақтастық 

ҚДКБҚ – Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қауымдастырылған мүшесі.

ҚДКБҚ – IADI, Депозиттерге кепілдік беру жүйелерінің халықаралық қауымдастығының мүшесі және қауымдастық жұмысына белсенді қатысады: халықаралық тәжірибені қабылдап, ең үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, қазақстандық депозиттерге кепілдік беру жүйесін дамытады.

IADI Халықаралық есеп айырысу банкі жанында орналасқан.


ҚДКБҚ қауымдастықтың екі халықаралық марапатына ие.


  • «Депозиттерге кепілдік беру жүйесін жан-жақты дамыту саласындағы жетістіктері үшін» (2014)
  • «Банктердің төлем қабілетсіздігін реттеу және салымшыларға өтемақы төлеу саласындағы жетістіктері үшін» (2015)