Алматы қ., A25D6H8, Достық даңғылы, 136, 8-қабат

Нұр-Сұлтан қ., Z00T6E0, Иманов көшесі, 11, 104-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A25D6H8, Достық даңғылы, 136, 8-қабат

Нұр-Сұлтан қ., Z00T6E0, Иманов көшесі, 11, 104-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Қазақстандағы депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тұрақтылығы

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесі пайда болған кезеңнен бастап өзінің сенімділігін растады.


Депозиттерге кепілдік беру жүйесі әлемнің 140 елінде бар. Біздің елімізде екінші деңгейдегі банктер салымшыларының тыныштығы үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жауап береді

«ҚДКБҚ миссиясы: қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде және Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері депозиторларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда тиімді қатысушы болу»


Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры IADI Депозиттерді сақтандыру жүйелерінің халықаралық қауымдастығына кіреді. Бұл ұйым 2002 жылы үздік әлемдік тәжірибені көрсететін әдіснаманы әзірлеу және жылжыту әрі халықаралық кәсіби қоғамдастық шеңберінде ынтымақтастықты дамыту арқылы бүкіл әлем бойынша депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тиімділігін арттыру үшін құрылды. Бүгінде ол депозиттерді сақтандырудың 110 ұйымын, орталық банктер мен халықаралық қаржы ұйымдарын біріктіреді. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа елдері, Азия-Тынық мұхиты аймағы, Латын Америкасы бар.


ҚДКБҚ IADI қауымдастығының екі беделді марапатына ие болды. Бұл сарапшылардың, яғни шетелдік депозиттерге кепілдік беру қорларының басшыларының, қазақстандықтардың депозиттері халықаралық стандарттар бойынша сақтандырылғанын мойындайтыныдығын білдіреді.


Кепілдік төлеуге арналған арнайы резерв

ҚДКБҚ-ға төлемдерді қамтамасыз ету үшін депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тоқсан сайынғы жарналары есебінен жинақтаушы негізде арнайы резерв қалыптастырылады. Бұдан басқа, қажет болған жағдайда кепілдік берілген өтемді төлеуді жүзеге асыру үшін жинақталған резервтердің ең жоғары сақталуы мен құнын жоғалтудың ең төмен тәуекелі қағидаты бойынша инвестицияланатын Қордың меншікті қаражаты пайдаланылуы мүмкін.

«2019 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қордың арнайы резервінде 495 млрд теңге, ал ҚДКБҚ-ның меншікті капиталын есепке алғанда, халық депозиттерінің шамамен 7%-ын жабатын 604 млрд теңге жинақталған»

Халықаралық стандарттарға сәйкес депозиторларды қорғау жүйесінің резервтері бүкіл қаржы жүйесінің депозиттік базасын жаппай, күтілетін шығындардың деңгейіне сәйкес келуі тиіс екендігін есте сақтаған жөн.

Өтемді төлеуге арналған резервтің сақталуын қамтамасыз ету үшін ҚДКБҚ ақша қаражаттарын өтімділігі жоғары және ең төмен тәуекелі бар қаржы құралдарына инвестициялайды. ҚДКБҚ активтерін сенімгерлік басқарушы болып Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі табылады. Қатысушы банктердің жарналары Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарға (≈23%), ҚРҰБ қысқа мерзімді ноталарына (≈26,7%), Еуропа қайта құру және даму банкінің «AAA» рейтингімен еуро облигацияларына (≈15%), квазимемлекеттік сектор субъектілерінің «BB+» рейтингімен корпоративтік облигацияларына (≈1,3%) және АҚШ Үкіметінің қазынашылық облигацияларына (≈29%) инвестицияланады. Инвестициялық портфельдің қалған бөлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде теңгемен орналастырылған.

Осылайша, ҚДКБҚ арнайы резерв қаражатын инвестициялау саясаты резервтің 100% сақталуын қамтамасыз етеді, егер банк барлық банк опреацияларын жүргізуге лицензиядан айырылса, бұл ақшаны Қор салымшыларға кепілдік берілген өтемді төлеуге жібереді.


Қаражаттың жеткіліктілігі

Бүгінде ҚДКБҚ резерві жеке тұлғалардың барлық депозиттері бойынша кепілдік берілген өтемді төлеу үшін жеткілікті. Осылайша, шоттардың 99,7%-ына толық көлемде кепілдік беріледі, бұл Қазақстандағы депозиттерді қорғау жүйесін Канадамен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақ елдерімен, Кореямен және Жапониямен бір деңгейге қояды.

«Естеріңізге сала кетейік, ҚДКБҚ келесі кепілдік берілген өтем шегінде депозиттерді төлейді: жинақ депозиттері бойынша 15 млн теңге және ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша 10 млн теңге, шетел валютасында– 5 млн теңге»

Халықаралық зерттеулерге сәйкес көптеген елдерде депозиттер бойынша кепілдік сомасы елдің жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің екі еселенген қатынасынан аспайды. Қазақстанда теңгедегі жинақ депозиттері бойынша кепілдік сомасы жан басына шаққандағы ЖІӨ-нен 4,7 есе, ал ұлттық валютадағы салымдардың басқа түрлері бойынша – 3 есе, шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 1,5 есе артық. Салыстыру үшін 2017 жылғы деректер бойынша Кореяда бұл коэффициент 1,6, Канадада — 1,7, Ресей Федерациясында — 2,3, Жапонияда — 2,4, Еуропалық Одақта — 3, АҚШ-та – 4,2 құрайды.

Қажет болған жағдайда ҚДКБҚ төлемдерді жүзеге асыру үшін қарыз алуға Қазақстанның Ұлттық Банкіне жүгінуге құқылы. Оған қоса, жекелеген жағдайларда мемлекет тарапынан қаржылық қолдау рәсімдері қарастырылуы мүмкін – мысалы, «проблемалы» банктің активтері мен міндеттемелерін «кінәратсыз» жүйеге қатысушы банкке беру. Бұл осындай банктер бойынша төлемдерді, тиісінше ҚДКБҚ резервтерін пайдалануды болдырмайды.