ҚДКБҚ 2027 жылға дейінгі атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын белгіледі
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Директорлар кеңесі «Қор қызметінің 2024–2026 жылдарға арналған басым бағыттары» стратегиялық құжатын бекітті.
Құжат 5 негізгі бағыт бойынша кезеңдік дамуды көздейді және нақты орта мерзімді міндеттерді алға қояды.
Жұмыстың бірінші басым бағыты – таратылатын банктердің салымшыларына өтемақы төлеуді жетілдіру және жеделдету. ҚДКБҚ өз міндеттемелері бойынша уақтылы және толық көлемде жауап береді: таратылатын тоғыз банктің 418 мың салымшысы өтем алды, төлем сомасы 114 миллиард теңгеден асты. Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заңнамада төлемдерді бастау үшін 35 жұмыс күніне дейінгі мерзім қарастырылған – соңғы сақтандыру жағдайларының тәжірибесінде Қор төлемдерді 6-8 жұмыс күнінен кейін бастады. Депозиттерді сақтандырушылар төлемнің басталуын жеделдетуді бүкіл әлем бойынша таргеттейді, сондай-ақ ҚДКБҚ төлемдердің басталу мерзімін кезеңдік қысқарту мәселелерімен, оның ішінде озық технологиялар есебінен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Қор депозиторларға қосымша қорғауды ұсына отырып, әлемдік тәжірибеге сәйкес банктерді біріктіру кезінде сақтандыру қорғанысын ұзарту мәселелерін кезектегі мәселеге енгізеді.
Екінші – міндеттемелерді орындау үшін арнайы резервтің жеткіліктілігін қамтамасыз ету. ҚДКБҚ депозиттік базаның 5%-ы көлемінде арнайы резерв қаражатының жеткіліктілігінің заңнамада белгіленген ең төменгі деңгейін сақтай отырып, жинақталған қаражаттан салымшыларға өтемақы төлейді. Осындай беріктік қорын қамтамасыз ету болашақта да жоспарлануда. Қазіргі уақытта арнайы резервте 1 триллион теңгеден астам қаражат жинақталған.
Арнайы резервті қалыптастырудың негізгі қаржы көзі – банктердің жарналары болып табылады. ҚДКБҚ тәуекел-бейіні едәуір жоғары банктер тұрақты қаржылық жағдайы бар банктерге қарағанда көбірек төлейтін жарналардың сараланған жүйесін енгізді. Банктің қаржылық жағдайын және тәуекелдер деңгейін бағалау ҚДКБҚ-ның меншікті моделі негізінде жүргізіледі. Модельдің соңғы түрленімі 2021 жылы енгізілді, және ҚДКБҚ модельді дамытумен қатар есептеулер үшін технологиялық жаңартулар ендіруді жоспарлап отыр.
Өтем төлеу үшін резервті арттырудың тағы бір маңызды қаржы көзі – инвестициялық табыс. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдан бастап 200 миллиард теңге сомасындағы активтердің бір бөлігі немесе ҚДКБҚ арнайы резервінің шамамен 1/5 бөлігі Қазақстан Ұлттық Банкінен индекстік басқару қағидаты бойынша бағалы қағаздар нарығының лицензияланған қатысушыларына табысталған. Активтердің сақталуы мен өтімділігі сияқты параметрлерге бағытталған инвестициялық саясат әзірленген. 2024–2026 жылдары ҚДКБҚ белгіленген лимиттерді сақтау және өтімділіктің жеткілікті деңгейін ұстап тұру тұрғысынан портфельдердің мониторинг процесін қосымша автоматтандыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Қордың салымшыларға өтемақы төлеу жөніндегі міндеттемелерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз ету үшін өтімділікті басқаруды реттеуге арналған құжаттарды әзірлеу жоспарлануда.
Сондай-ақ Қор уақытша әкімшіліктер мен тарату комиссияларының қызметіне белсенді қатыса отырып, банктер таратылған кезде салымшыларға төленген қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз етуді жалғастыруда.
Стратегиялық құжат шеңберіндегі үшінші бағыт – депозиттерге кепілдік беру жүйесіне деген сенімді нығайту. ҚДКБҚ БАҚ-пен өзара әрекеттестікке ашық болып қана қоймай, қазақстандық банктердің салымшылары арасында ақпараттық жұмысты күшейтуді және қаржылық сауаттылықты арттыру саласындағы бастамаларға қатысуды жоспарлап отыр.
Төртінші – операциялық тұрақтылық пен институционалдық тиімділікті нығайту. ҚДКБҚ Қазақстандағы қаржылық тұрақтылықты сақтау жүйесіне қатысушылардың бірі болып табылады. Жоспарда – IADI-дің Негіз қалаушы қағидаттарына сәйкестікті диагностикалау және қаржылық қауіпсіздік желісі қатысушыларымен, оның ішінде Қазақстанның Ұлттық Банкімен, ҚНРДА-мен өзара әрекеттесудің тиімділігін арттыру. Қазақстанның қаржы секторын бағалаудың өткен бағдарламасы (FSAP) және IADI шеңберінде – қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және дағдарысқа қарсы басқару саласындағы ХВҚ-ның ұсынымдары назарға алынады. Бұдан басқа, корпоративтік басқару саласындағы үздік тәжірибелерді, сондай-ақ тәуекелдерді басқару және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бірқатар жаңартуларды әзірлеу және ендіру жоспарлануда.
Дамудың бесінші бағыты – бөлшек депозиттік нарықта сыйақы мөлшерлемелерін реттеуге қатысу. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап депозиттік нарықта нарықтық баға белгілеуді дамытуды және банктер арасында бағалық емес бәсекелестікті арттыруды ынталандыратын жеке тұлғалардың салымдары бойынша банк мөлшерлемелерін реттеудің жаңа тетігі ендірілді. Осы міндет шеңберінде ҚДКБҚ депозиттік нарыққа – теңгедегі депозиттер нарығындағы бәсекелестіктің дамуын бағалау және оның серпініне әсер ететін трендтер мен ықпалдарды анықтау мақсатында, сондай-ақ қаржы нарығындағы кәсіби талдаудың жеткізушісі ретінде үнемі талдау жүргізеді.
«Біз Директорлар кеңесінде алдағы үш жылға арналған басты бағытты белгіледік. Бұл қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Қордың потенциалын ары қарай дамытуға жол ашады деп ойлаймыз. Қордың кәсіби ұжымы депозиттерге кепілдік беру жүйесін барынша дамыту мақсатында еңбек етіп отандық нарыққа үздік әлемдік тәжірибелерді енгізді. Теңгелік депозит нарығының тиімділігін арттыруға жаңа серпін берді. Бұл еліміздегі ақша-несие шарттарына жақсы әсер етті», – деп атап өтті Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары, ҚДКБҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Ақылжан Баймағамбетов.
«Егер біз жаһандық мақсаттарды алсақ, бізде олардың екеуі бар. Біріншісі – өзіне барлығын қамтитын депозиттерге кепілдік берудің тиімді жүйесін құру. Депозиттерге кепілдік беру жүйесі – бұл банк лицензиясынан айырылған кезде адамдар алатын төлем ғана емес. Депозиттер бойынша кепілдік біз резервті қалыптастырған сәттен басталады. Қор банктердің қаржылық жағдайын бақылауда ұстайды. Банктен лицензияны қайтарып алғанға дейін біз реттеу барысына қатысамыз. Мұның бәрі – қаржылық қауіпсіздіктің бірыңғай жүйесі және біз өз рөлімізді күшейтуге тырысамыз. Екіншісі – біз операциялық қызмет стандарттарын арттырамыз. Бұл біз Қор ретінде жүзеге асыратын екі жаһандық міндет», – деп түсіндірді ҚДКБҚ Төрағасы Әділ Өтембаев ҚДКБҚ қызметкерлері үшін стратегиялық сессия барысында.
Естеріңізге сала кетейік, ҚДКБҚ Директорлар кеңесі 6 мүшеден, оның ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдерінен тұрады. Директорлар кеңесіне 2 тәуелсіз директор кіреді.