Бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша ҚДКБҚ арнайы резерві 1,39 трлн теңгені құрады.
Алты сенімгер басқарушылардың басқаруына берілген активтер Қордың инвестициялық портфелінің 16%-ын құрайды. Мұнда активтердің басым бөлігі (портфельдің 90%-дан астамы) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің облигацияларына және ақша нарығының басқа да қаржы құралдарына жұмсалған. Портфельге сондай-ақ кредиттік рейтингі жоғары («А–» төмен емес) халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары мен квазимемлекеттік сектордың облигациялары сатып алынған.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқаратын портфельде (арнайы резерв портфелінің 84%-ы) қаржы құралдарының тізбесі едәуір ауқымды – және шетел валютасындағы активтерді қамтиды. Мұнда портфельдің 14%-ы АҚШ қазынашылығының облигацияларынан тұрады. ҚРҰБ басқаруындағы арнайы резерв портфелінің шамамен 71%-ы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің облигацияларына және ақша нарығының өтімді қаржы құралдарына тиесілі. Сондай-ақ портфельдің 11,5%-ы кредиттік рейтингі жоғары («А–» төмен емес) халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары мен квазимемлекеттік сектордың облигацияларына жұмсалған.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының басты функциясы – банк лицензиясынан айырылған жағдайда, салымшылардың (жеке тұлғалардың) алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету. Өтем төлем толық көлемде және қысқа мерзім ішінде ұйымдастырылуы тиіс. Сондықтан ҚДКБҚ арнайы резервінің инвестициялық портфелі – жоғары өтімділік және максималды сенімділік деп аталатын екі негізгі талаптарға жауап береді.
Кредиттік рейтингі жоғары борыштық қаржы құралдары мен ақша нарығының өтімді құралдары инфляциядан жоғары табыстылықпен қамтамасыз етеді және бұл ретте нарықтық ауытқуларға ұшырамайды – ал қажет болған жағдайда Қор салымшылармен есеп айырысу мақсатында оларды сәтінде шұғыл түрде қаржылық шығындарсыз сатуы мүмкін.