Депозиттерді сақтандырушылар банк салымдары бойынша кепілдік деңгейін қалай белгілейді

Депозиттерді сақтандырушылар банк салымдары бойынша кепілдік деңгейін қалай белгілейді

Депозиттерге кепілдік беру жүйесі (ДКБЖ, Жүйе) әлемде қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін жұмыс істейді және ол ұдайы дамытылып отырады. Қандай да бір банк банкротқа ұшыраған жағдайда ДКБЖ салымшыларға қаражаттарын қайтару арқылы олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Мемлекет осылайша қаражаттардың қайтарылуына кепілдік бере отырып, сақтандыру жағдайы туындағанда тұрғындардың банктерден ақшаларын жапа-тармағай алу қаупін азайтады. Бұл банк құрылымының тұрақтылығын және одан қала берді бүкіл қаржы жүйесінің тұрақты болуына септігін тигізеді. Көптеген елдерде сақтандыру өтелімінің шекті мөлшері белгіленген. Шекті мөлшерді белгілеу – салымшыларды қорғау мен моральдық тәуекел (moral hazard) арасында үйлесімділікке қол жеткізуге бағытталған. Толығырақ материалдан оқыңыздар.

 

Сақтандыру өтелімін анықтау барысында мемлекет Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (ДСХҚ) қағидаттарын басшылыққа алады. Ондағы басты мақсат – халықаралық ынтымақтастықты дамыту және үздік әлемдік тәжірибелерді пайдалану арқылы депозиттерді сақтандырудың өзіндік жолын таңдау және оның тиімділігін арттыру.  

 

Қазіргі уақытта IADI-ге қатысушылар: депозиттерді сақтандырушы 98 ұйым оның толық құқықты мүшесі, 11 Орталық Банк - қауымдастырылған мүшесі, сондай-ақ 17 халықаралық ұйым - ресми серіктесі болып табылады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры IADI құрамына 2003 жылы енген.

 

Сақтандыру өтелімі, яғни банк банкрот болған жағдайда салымшының алатын ақшасының мөлшері бір жағынан салымшылардың өз қаражаттарын жаппай алу қаупін азайту үшін олардың басым бөлігін қамтуы тиіс, ал екінші жағынан банктердің жауапкершілігін арттыру мақсатында салымдардың белгілі бір бөлігін нарық тәртібінің (moral hazard) ықпалына қалдыруы керек.


«Егер сақтандыру өтеліміне шек қойылмайтын болса, онда банктер өз қызметінде пайда табу үшін үлкен тәуекелдерге баруы, шектен тыс қауіпті әрекеттерге баруы мүмкін. Соның салдарынан банкротқа ұшырайтын болса, депозиттерді сақтандырушылар олардың салымшыларына өтем төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан сақтандыру өтелімінің оңтайлы деңгейін анықтау маңызды мәселе. Оны шешу қаржылық тұрақтылық пен нарықтық тәртіпті қолдауға септігін тигізеді», - деді Қордың Стратегия және халықаралық даму бөлімінің бас сарапшысы Әміржан Кубашев.

 

Сақтандыру өтелімінің деңгейін анықтау барысында ДСХҚ ұсынымдарынан басқа, бірқатар факторлар есепке алынады. Атап айтар болсақ, олар:

 

  • банк жүйесінің мөлшері;

  • экономикалық даму деңгейі;

  • қоғамның әл-ауқаты;

  • институционалды талаптар.

 

Мысалы, тұрақты экономикалық ортада әдетте банктердің банкротқа ұшырау қаупі төмен. Қаржылық жүйесі тұрақты елдерде сақтандыру өтелімінің көлемі де төмен болуы мүмкін. Мұндай факторлар әрбір елде өзгеше болады және бір-біріне ұқсай бермейді ғой. Сондықтан да сақтандыру өтелімінің деңгейін дәл анықтау бойынша әлемде ортақ «әмбебап» әдіс жоқ. Болмайды да. Өйткені әл елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы әрқалай.   

2020 жылы ДСХҚ депозиттердің сақтандыру өтелімінің деңгейін анықтау тәжірибелеріне зерттеу жүргізген болатын. Оған депозиттерді сақтандырушы 53 ұйым қатысты. Айталық, сақтандыру өтелімінің халықтың жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) арақатынасының медиандық мәні[1] 2,3-ті құрайды. Бұл экономикалық жүйеде депозиттерді сақтандырудың маңызды рөл ойнайтындығын көрсетеді. Зерттеулер көрсеткеніндей, шоттардың шамамен 97%-ы кепілдікпен толығымен көлемде қамтылған. Бұл салымшылардың көпшілігінің қаражаттарының қорғаныс дәрежесі жоғары екендігін білдіреді. Алайда бұл өтелім барлық депозиттердің жалпы көлемінің шамамен 40%-ын ғана қамтиды. Яғни, ірі депозиттер толығымен қорғала бермейді деген сөз. Депозиттік шоттардың саны бойынша өтелім деңгейіне қатысты соңғы деректер мемлекеттердің ДСХҚ-ның ұсынымдарын ұстанатындығын көрсетеді. Айталық, депозиттерді сақтандырушы ұйымдар бір жағынан нарықтық тәртіпті сақтауға, екінші жағынан салымшылардың басым бөлігін кепілдікпен қамтамасыз етуге ұмтылуда. Ал бұған депозиттеріндегі ақшаларының көлемі шағын және орташа салымшылардың көпшілігін кепілдікпен толық көлемде қамтамасыз ету арқылы ғана қол жеткізіледі. Бұл әрине, халықтың банк жүйесіне деген сенімін нығайта түсері анық. Бірақ бұл ретте банктер мен ірі салымшылар нарық жағдайында қаражатты иемденуге аса жауапкершілікпен қараулары үшін ірі депозиттер кепілдікпен әдейі толық көлемде қамтылмайды.

 

Депозиттерге кепілдік беруші ұйымдардың 70%-ының мәлімдеуінше, олар сақтандыру өтелімінің деңгейін анықтау барысында орталық банкпен, қадағалаушы және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, экономикалық жағдайларға, банк жүйесіне байланысты тәуекелдерге жан-жақты және терең талдау жүргізеді. Мемлекеттік органдардан басқа, депозиттерді сақтандырушы кейбір ұйымдар ақыл-кеңес алуға басқа да мүдделі тараптарды шақырады. Депозиттерді сақтандырушылардың тек 4%-ы шешімді өздері қабылдайтындарын айтқан. Сонымен қатар депозиттерге кепілдік берушілер консультацияларға қоса, шешім қабылдауда статистикалық әдістерді жиі қолданады (32%).

 

Қазақстанда Депозиттерге кепілдік беру жүйесі (ДКБЖ, Жүйе) 1999 жылдың қараша айынан бері жұмыс істеп келеді. 2006 жылы «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңы қабылданды. Соның арқасында қазіргі қолданыстағы жүйенің негізі қаланды. Отандық депозиттерге кепілдік беру жүйесі құрылғалы бері кепілдік мөлшері талай рет өсті. Осылайша басқа да факторларды қосқанда, осы өсулердің арқасында қазақстандық жүйеде халықаралық деңгеймен салыстырғанда жоғары өтелім деңгейі қамтамасыз етілген. Айталық, Заң қабылданған шақта Қордың кепілдігі 700 мың теңгеден асқан жоқ. Бұл халықтың жан басына шаққанда[2] ЖІӨ мөлшерінен аздап қана жоғары болатын. 2008 жылдың қазанында бұл мөлшер 1 (бір) миллион теңгеге дейін, 2012 жылдан – 5 (бес) миллион теңгеге дейін көтерілді. 2015 жылы кепілдік мөлшері тағы да ұлғайтылды: ұлттық валютадағы депозиттер бойынша он миллион теңгені және шетел валютасындағы депозиттер бойынша бес миллион теңгені құрады. Соңғы өсім 2022 жылы жасалды. Қазір теңгедегі жинақ депозиттер бойынша кепілдік мөлшері – 20 миллион теңгені, теңгедегі өзге салымдар бойынша – 10 миллион теңгені және шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңгені құрайды. Бүгінде кепілдік мөлшері халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ мөлшерінен 3,3[3] есеге жоғары. Ал сақталуына кепілдік берілген барлық депозиттердің 99,8%-ындағы қаражаттар кепілдікпен толық көлемде қамтылған.    

 

Осылайша әртүрлі елдердегі депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы ақпараттарды талдай отырып, мынадай тұжырым жасауға болады: сақталу өтелімінің ең бірегей, үздік деңгейін анықтау өте қиын. Бұл салымшыларды қорғау мен моральдық тәуекел арасында тепе-теңдікті сақтауды талап етеді. Осы бір ең оңтайлы деңгейді анықтауда ДСХҚ ұсынымдары маңызды рөл атқарады. Көптеген елдерде сақтандыру өтелімінің деңгейі экономикалық жағдайларға, банк жүйесінің ерекшеліктеріне және басқа да факторларға талдау жасай отырып, алқалы сипатта, ортақ шешіммен айқындалады. Атап өту керек, депозиттерге кепілдік беру жүйесі өзгермейтін, тұрақты құбылыс емес. Экономикалық орта және банк саласы өзгерген сайын ол да кезең-кезеңмен қайта қаралып, өзгеріп, дамып отырады. Қазақстандағы кепілдік деңгейінің халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейіне арақатынасы және шоттардағы қаражаттарды қамту деңгейі әлемдік деңгейлермен салыстыруға келеді. Бұған әрине, кепілдік мөлшерін арттырудың арқасында қол жеткізілді.  




[1] Бұл зерттеулерде медиананы қолдану құпталады, өйткені ол деректердің орталық бөлігін орташа арифметикалық мәннен көрі жақсы көрсетеді


[2] 2006 жылы халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ 667,2 мың теңгені құрады


[3] Қазақстанда кепілдік деңгейі салымдардың түрі мен валютасына қарай өзгешеленеді. Есептеу үшін максималды деңгей – 20 миллион теңге алынды (теңгелік жинақ салым). Халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ – 6,058 миллион теңге (https://stat.gov.kz/api/iblock/element/4447/file/ru/)