3-тоқсанда теңгелік салымдардың көлемі 1,0 трлн теңгеден астамға ұлғайды (+4,3%). Бөлшек саудалық депозит нарығындағы бәсекелестік жағдайында, тіпті базалық мөлшерлеменің төмендеуі аясында банктер өздерінің салымдары бойынша халыққа жоғары табыстылық ұсынуға дайын екендіктерін паш етті. Ал салымшылар өз кезегінде банк жүйесіне деген сенімдерін сақтап, теңгелік шоттарындағы ақшаларын белсене арттыруды одан әрі жалғастыруда.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) 2026 жылдың III-тоқсаны бойынша жеке тұлғалардың депозит нарығына ақпараттық шолуды ұсынады. Шолудың толық мәтіні Қор сайтында қолжетімді: kdif.kz/kz/deposit-market-analysis
- Экономикалық ахуал 2026 жылдың 3-тоқсанында халық салымдарының өсуіне септігін тигізді.
- Инфляцияның төмендеуі аясында теңгелік салымдар өздерінің тартымдылығын сақтады.
- Халықтың валюталық депозиттерінің көлемі тұрақты – оның құбылуы көп жағдайда бағамдық қайта бағалауға байланысты.
- Валюталық базаның тұрақтылығы және бір мезгілде теңгелік салымдардың өсуі аясында долларлану деңгейі тарихи минимумды жаңартып, 1,9 п.т.-қа төмендеп, 17,9%-ды құрады.
- Бұқаралық сегмент жеке тұлғаларға тиесілі депозит нарығының негізі болып қалуда. Дегенмен бұл ретте оның басты қозғаушы күштері – орта және ірі сегменттер.
- Мерзімсіз салымдар жоғары өтімділігінің арқасында бөлшек саудалық нарықта танымал қаржы құралы болып қалуда.
- Мерзімді салымдар ең тез дамып келе жатқан салым түріне айналды: тоқсан ішінде олардың көлемі 787,6 млрд теңгеге (+13,8%) ұлғайды. Жинақ салымдар өсу қарқыны бойынша екінші орында келеді. Олар 134,2 млрд теңгеге (+5,3%) өсті. Нәтижесінде бөлшек саудалық депозит қоржынында тұрақты ақша қорының үлесі 33,8%-ға жетті.
- Монетарлық сигналдың депозиттер бойынша мөлшерлемелерге ықпалы біркелкі болған жоқ. Бұл салымдардың түріне қарай, пайыздық мөлшерлемелердің икемділігі әрқалай болатындығын білдіреді.