Баспасөз орталығы


Артқа

Қазақстандықтар 2025 жылы қандай депозиттерді таңдауда

Telegram WhatsApp Facebook X (Twitter) LinkedIn
Для Google Docs: скачай .html → загрузи в Google Drive → “Открыть с помощью Google Docs”.

Жеке тұлғалардың депозиттерінің көлемі Қазақстанның банк жүйесінде соңғы 10 ай ішінде 2,1 трлн теңгеге өсіп, 26,6 трлн теңгеге жетті. Өсім теңгелік депозиттердің есебінен қамтамасыз етілді – олардың өсімі 10 айдың ішінде 2,2 трлн теңгені құрады. Ал сол мезгілде валюталық депозиттердің көлемі керісінше азайды. Ағымдағы жылы ұлттық валютадағы және шетел валютасындағы депозиттер арасындағы табыстылық дифференциалы өсті. Өйткені теңгелік депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері жоғарылады. Бұл оларды салымшылар үшін тартымды ете түсті. Нәтижесінде жеке тұлғалардың долларлану деңгейі кезекті тарихи минимумға жетті – 1 қарашаға қарай 22,5%-ды құрады.

Теңгелік депозиттер бойынша табыстылық жинақ ақшаның сатып алу қабілетін арттыруға және молая түсуіне септігін тигізеді. 2025 жылы Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені екі рет көтерді: наурызда 15,25%-дан 16,50%-ға дейін және қазанда 16,50%-дан 18,00%-ға дейін. Базалық мөлшерлеме – Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының түйінді құралы және ол депозит нарығында баға белгілеуде негізгі бағдарлардың бірі. Базалық мөлшерлеме қайта қаралған соң, депозиттер бойынша мөлшерлемелердің де өзгеруі заңды – бұл ағымдағы ақша-кредит саясатына бағдарлану, соған ден қою деген сөз. Нәтижесінде 2025 жылы банктер өздерінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін елеулі түрде көтерді: соңғы 10 ішінде депозиттердің әртүрлі топтары бойынша орташа өлшемді нарықтық мөлшерлемелер депозиттердің мерзіміне, толықтыру және мерзімінен бұрын алу талаптарына қарай 0,3 пайыздық тармақтан (п.т.) 6,8 п.п.-қа дейінгі ауқымда көтерілді.

Қазіргі уақытта депозиттердің барлық дерлік түрлері бойынша нарықтық мөлшерлемелер инфляциядан жоғары. Бұл салымшыларға жинақ ақшаларының сақталуын қамтамасыз етуге және қосымша нақты табыс алуға мүмкіндік береді. Банктер әсіресе мерзімді және жинақ салымдар бойынша тартымды сыйақылар ұсынады (жекелеген депозиттер бойынша мөлшерлемелер қазір 20,0%-ға жетті).     

Нарықта депозиттік өнімдердің қатары арта түсуде және соның арқасында қазақстандықтар жинақ ақшаларын барынша әртараптандыруда. Банктер арасында салымшылар үшін бәсекелестік жүріп жатыр: бұл үшін олар сыйақы мөлшерлемелерін көтеріп қана қоймай, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен жайлылығын арттырып, ілеспе қызметтерді, жаңа депозиттік өнімдерді ұсынуда. Қазір банктердің клиенттері үшін бірнеше банкте шоттар ашу, немесе ағымдағы шоты мен мерзімсіз салымына қосымша ретінде мерзімді не болмаса жинақ салым ашу үйреншікті, стандартты жағдайға айнала бастады. Бұл олардың қаржылық сауаттылығының артып, ақша жинау стратегиясын жасауға ұмтылып жатқандығын білдіреді. Айталық, жеке тұлғалардың шоттарының саны үштен бірге өсіп (2025 жылдың 10 айында +30,2%), 220,3 млн бірлікке жетті. Салыстырар болсақ – өткен жылдың 10 айы ішінде шоттардың саны 11,5%-ға өскен болатын. Бұдан басқа, салымшының жинақ ақшасын бір емес, бірнеше банкке үлестіріп салуы, ҚДКБҚ тарапынан берілетін кепілдік сомасын арттыра түседі. Өйткені максималды кепілдік мөлшері бір банктегі депозиттер сомасына шақталған, сәйкесінше салымшының ақшасы салынған банктердің саны артқан сайын кепілдік сомасы да еселеп арта түседі.

2025 жылы депозиттердің түрлері бойынша мерзімді және жинақ депозиттер танымал бола түсуде. Жинақ салымдар сегменті олар 2018 жылы енгізілген сәттен бастап, қарыштап өсе бастады. Бұл салымдарға қатысты мерзімінен бұрын алу жағынан қатаң шектеулер қойылғандықтан, банктер олар бойынша едәуір жоғары пайыздар ұсынады. Ал ағымдағы жылдың 10 айының нәтижесі бойынша бұл сегмент 1,5 есеге дерлік өсті (+46,8%). Тағы бір айта кетерлігі, осы жылы салымшылардың мерзімді салымдарға деген қызығушылығы да арта түсті. Бұл салымдардың түрі бойынша да ақша мерзімінен бұрын алынған жағдайда сыйақы сомасының жойылатындығы көзделген. Әйтсе де, салымшы бұл салымдар бойынша жинақ ақшаларын мерзімінен бұрын шұғыл түрде алуына мүмкіндігі бар. Ал жинақ салымды мерзімінен бұрын алған жағдайда, оны алу туралы банкке өтініш бергеннен кейін, 30 күн күтуге тура келеді. Осылайша мерзімді салымдар анағұрлым икемді және қолжетімді, ал табыстылығы жағынан жинақ салымдардан аса кем емес. 10 ай ішінде нарықтың осы сегментінің көлемі 7,5 есеге өсті. Мерзімді салымдарға салымшылар ғана емес, банктер де қызығушылық таныта бастады – осы жылдың қаңтар айында мерзімді салымдарды 4 қана банк ұсынған болса, қазір 7 банк ұсынады. Мерзімді және жинақ салымдар мысалы, мерзімсіз және ағымдағы шоттармен салыстырғанда едәуір тұрақты ақшалай қор жинау көзі болғандықтан, банктерден осы сегменттерде жаңа ұсыныстар күтуге болады.

Жалпы, халықтың банк депозиттеріне деген қызығушылығын атап өтуге болады. Ұлттық Банктің ай сайынғы сауалнамасына сәйкес, жинақ ақшаларын депозиттерде сақтайтын респонденттердің үлесі 2024 жылғы 62,0%-дық орташа мәннен 2025 жылдың 10 айы ішінде 68,1%-ға дейін өсті. Депозиттер бойынша ағымдағы табыстылық деңгейі нарықтың өсу жолына түскендігін білдіреді. Бұған пайыздық сыйақыны жинақтау есебінен ғана емес, жинақ ақшаларды шығындаудың орнына банк салымдарына орналастыру бойынша ынталандырудың артуы есебінен де қол жеткізілуде. Бұдан басқа, депозиттер әлі де халық үшін ең қолжетімді және ҚДКБҚ кепілдігін есепке ала отырып, тәуекелі ең төмен инвестициялық құрал болып қалуда. Күні бүгінге дейін Қазақстан нарығында «тәуекел-табыстылық» оңтайлы арақатынасы бойынша депозиттерге балама инвестициялық қаржы құралы пайда болған жоқ.

Еске саламыз, ҚДКБҚ халыққа арналған депозиттер бойынша банктердің ұсыныстарына жасалған мониторингті өз сайтында ай сайын жариялайды. Ол банктердің атауын көрсетпесе де нарықтағы ағымдағы жағдай туралы шынайы ақпарат береді. Қазақстандықтардың банк жүйесіне деген сенімі, тартымды сыйақы мөлшерлемелері, сондай-ақ банк тарапынан көрсетілетін қызметтердің ыңғайлылығы депозит нарығының дәстүрлі түрде маусымдық өсімімен ерекшеленетін 4-тоқсанның қорытындысы бойынша, және алдағы жылы да өседі деп болжам жасауға негіз бола алады. 2024 жылдың нәтижесі бойынша (жеке тұлғаларға және заңды тұлғаларға тиесілі) депозиттердің Жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) арақатынасы Қазақстанда 31%-ды құрады. Жинақ ақшалардың ЖІӨ-ге деген жоғары арақатынасы экономика дамуының және халық пен бизнестің сатып алу қабілетінің жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Әдетте, дамыған елдерде депозиттер мен ЖІӨ-нің арақатынасы 100-150%-дан жоғары, дамушы елдерде бұл көрсеткіш аздап төмен, ал Дүниежүзілік банктің деректері бойынша (2021 жылғы деректер) орташа мән 70%-ды құрады.

Осылайша, қаржылық инклюзия, халық табысының және ел экономикасының дамуы артқан сайын, Қазақстанның депозит нарығының әрі қарай кеңейіп, дами түсетіндігін күтуге болады. Жеке тұлғалардың депозит нарығындағы үрдістер туралы толығырақ ҚДКБҚ-ның тоқсан сайынғы шолуынан танысып шығуға мүмкіндік бар.

2025 жылғы 15 желтоқсан



15-12-2025
Document