Дәлелді себептер бойынша өтем төлеу: ҚДКБҚ өтініштер қабылдауды жалғастыруда
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) дәлелді себептер бойынша өтем төлеуге өтініштер қабылдауды жалғастыруда, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.
«2025 жылдың 1 наурызына қарай дәлелді себептер бойынша төленген кепілді өтем сомасы – 60 млн теңгеден асты. 40 салымшы өтем ақшаларына ие болды. Қор салымшылардың өтініштерін жекелей тәртіппен қарауда. Бұл ретте құжат жүзінде расталған мән-жайлар ескеріледі», – дейді Мониторинг және төлемдер басқармасының мамандары.
Еске саламыз, қазіргі сәтте екінші деңгейдегі тоғыз банкте таратылу процесі жүріп жатыр. Олардың ішінде Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan, Asia Credit Bank және Астана Банкі бар. Олардың салымшылары бойынша өтем төлеу мерзімі аяқталған. Ал талап етілмеген өтем сомалары салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шоттарына аударылған.
Төлем мерзімін өткізіп алған, бірақ дәлелді себептері бар салымшылар әлі де өтем алуға өтініш бере алады. Ал дәлелді себеп бола алатын мән-жайлардың тізімі Заңда көрсетілген:
-
төлем мерзімі барысында салымшының әскери қызметке кіруі;
-
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу;
-
депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;
-
бас бостандығынан айыру орындарында болу;
-
сот анықтаған өзге де мән-жайлар.
Жоғарыда аталған әрбір себеп құжат жүзінде расталуы тиіс. Сонымен өтем алу құқығын растау үшін мына құжаттар ұсынылады:
-
әскери қызметке орналасу – төлем мерзімі барысында ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери басқарма органдары берген, әскери есепке алу құжаттары немесе әскери борышты өтегендігін растайтын растаушы мәліметтер;
-
ел аумағынан тыс жерде болу – төлем мерзімі барысында шекарадан өткені туралы белгі соғылған төлқұжат және (немесе) төлем мерзімі барысында шетелде болғандығын растайтын өзге де құжаттар;
-
егер өтініш беруші төлем мерзімі барысында салымшының мұрасын қабылдаған жағдайда немесе мұраны қабылдау не болмаса ашуға қатысты өзге де себептері бар болса – салымшының қайтыс болғаны туралы куәлік, заң/өсиетнама бойынша Мұраға құқық туралы куәлік және (немесе) мұраны ашу немесе қабылдауды растаушы, оның ішінде сот актілері бар өзге де құжаттар;
-
бас бостандығынан айыру орындарында болған жағдайда – заңды күшіне енген сот шешімі және бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтегені туралы құжат;
-
сот анықтаған өзге де мән-жайлар – төлем мерзімі барысында салымшының кепілді өтемді алуына кедергі келтірген әрі анықталған мән-жайларды қамтитын, заңды күшіне енген сот шешімі. Мұндай шешімді алу үшін салымшы ең алдымен төлем мерзімі барысында оған кепілдік берілген өтемді алу үшін өтініш беруге кедергі келтірген деректі айқындауды талап етіп, сотқа жүгінуі керек.
Мына жайтқа назарларыңызды аударамыз, жоғарыда аталған негіздер бойынша ұсынылатын барлық құжаттар салымшының төлем мерзімі барысында (банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 1 жыл) өтем алуға өтініш беруіне кедергі келтірген мән-жайлардың үздіксіз болғандығын растауы тиіс.
Салымшылар өтінішті жазбаша түрде толтырып, оны Қорға тікелей алып келе алады. Өтініш нысанын мына сілтеме бойынша көшіріп алуға болады. Құжаттар топтамасын Қорға мына төмендегі мекенжайлар бойынша тікелей әкеліп тапсыру қажет:
-
Алматы қ., A05B0Y8, Әйтеке би көшесі, 67;
-
Астана қ., Z01А5АF2, М. Ғабдуллин көшесі, 18.
Құжаттарды Қордың Алматы мен Астанадағы мекенжайларына пошта байланысы арқылы да жолдауға болады (жоғарыны қара). Бірақ бұл жағдайда салымшының өтінішіндегі қолы нотариус арқылы куәландырылуы қажет. Сондай-ақ жеке басты куәландырушы құжаттың көшірмесі қоса тіркеледі.
ҚДКБҚ келіп түскен өтініш пен растаушы құжаттарды 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Қарау нәтижесі бойынша қаражат салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударылуы немесе өтем төлеуден бас тартылуы мүмкін. Салымшыға өтем төлеуден бас тартылған жағдайда, Қор өтініш берушіге бас тарту себебі және анықталған сәйкессіздіктер бар болса, оларды жою керектігі туралы толық ақпаратты жазбаша түрде ұсынады.
Кепілді өтемді төлеуге байланысты кез келген сұрақтар бойынша ҚДКБҚ байланыс орталығының 1460 тегін нөміріне хабарласуға болады немесе сауалдарды info@kdif.kz поштасына немесе @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауға мүмкіндік бар.
2025 жыл, 31 наурыз