Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді ырықтандыру аясында 2026 жылдың 1 қазанынан бастап, кейбір валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелердің көтерілетіндігі туралы хабарлайды.
Қазіргі кезеңде мерзімі 12 айдан жоғары жинақ салымдардың мөлшерлемелері ғана өзгереді. Яғни 1 қазаннан бастап, мұндай салымдар бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1,0%-дан 2,5%-ға дейін жоғарылайды. Жаңа шекті сыйақы мөлшерлемелері 2026 жылдың 1 қазанынан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын салымдарға ғана қолданылуы мүмкін.
Атап өту керек, шекті мөлшерлемелер – шетел валютасындағы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін анықтау үшін ұсынылатын жоғарғы шекара болып табылады. Бұл ретте банктер өздерінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің деңгейі туралы шешімді өз бетімен қабылдайды.
Бұл кезеңде әр түрлі мерзімге ашылатын мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ мерзімі 12 ай және одан төмен болатын жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер 1% деңгейінде өзгеріссіз қалады.
Бұл шешімге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) депозит нарығын долларсыздандыру саясатын сәтті жүргізгендігінің арқасында қол жеткізілді. Долларлану деңгейі 2015 жылдағы 80%-дан 2026 жылдың 1 қыркүйегіне қарай 19,2%-ға дейін төмендеді. Сонымен бірге тиімді макроэкономикалық жағдаят және жыл барысында теңгенің нығаю үрдісі Ұлттық Банкке ҚДКБҚ-мен бірлесіп, валюта нарығындағы реформаларды одан әрі жалғастырып, валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеуге қатысты қолданыстағы тәсілдерді кезең-кезеңмен ырықтандыруға кірісуге мүмкіндік берді.
Жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКБҚ максималды кепілдігі өзгеріссіз қалады. Еске саламыз, ҚДКБҚ әрбір қазақстандық салымшының әрбір банктегі жинақ ақшасын заңнамалық тұрғыда қорғалуын қамтамасыз етеді:
20 миллион теңгеге дейін – сыйақысын қосқанда теңгедегі жинақ салымдар бойынша (мерзімінен бұрын алуға болмайтын депозиттер);
10 миллион теңгеге дейін – сыйақысын қосқанда, теңгедегі басқа салымдар, сондай-ақ теңгедегі ағымдық шоттар мен төлем карталары бойынша;
5 миллион теңгеге дейін – сыйақысын қосқанда, доллар, еуро немесе басқа да шетел валютасындағы кез келген салымдар, шоттар және карталар бойынша.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банктер арасында бәсекелестікті ынталандыру, банк секторында жүйелік тәуекелдердің жиналуын ескерту және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеуді жүзеге асырады.
Қазіргі сәтте депозиттерге кепілдік беру жүйесіне 20 банк қатысады.
Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы көбірек біліңіз:
www.kdif.kz
Байланыс орталығы: 1460