Банк лицензиясынан айырылған жағдайда өтем төлеу қалай жүргізіледі?

Банк лицензиясынан айырылған жағдайда өтем төлеу қалай жүргізіледі?

Көп салымшы жинақ ақшаларын банкке салып жатып: «Апырай, банктің жағдайы нашарлап кетпес пе екен?», «Егер ол банкрот болып қалса, ақшамды қалай қатарамын?», - деп уайымдайтыны белгілі. Бұл ретте елімізде қазіргі уақытта депозиттерді қорғау жүйесі жұмыс істейтіндігін, банкте сақтандыру жағдайы туындаған шақта, яғни банк лицензиясынан айырылған кезде сол арқылы салымдарды қайтарып алуға болатындығын ұмытпаған жөн. Ал бұл шараны Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) реттейді. 

       

ҚДКБҚ ислам банктерін қоспағанда, Қазақстанда жұмыс істейтін, жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлерден әртүрлі салымдарға ақша қабылдайтын банктердегі сол қаражаттардың сақталуына кепілдік береді.


Егер қаржы реттеушісі банктің лицензиясын қайтарып алар болса, Қор сол банкте мына төмендегідей максималды кепілдік мөлшері шегінде әртүрлі салымдарда, ағымдағы шоттарда және төлем карточкаларында орналасқан ақшаларды иелеріне қайтарады:


·                    теңгелік жинақ салымдар бойынша – 20 млн теңге;

·                    теңгелік өзге салымдар, шоттар, карточкалар үшін – 10 млн теңге;

·                    валюталық шоттар, карточкалар ж/е салымдар үшін – 5 млн теңге.


Егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы ашылса (олардың ішінде жинақ салымы да бар болса), сақтандыру жағдайы туындаған кезде өтем сомасы әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып есептеледі, бірақ салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды.


Белгіленген максималды кепілді сомалары депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі жеке тұлғалардың шоттарының 99,8%-ының қорғалуын толық көлемде қамтамасыз етуге септігін тигізеді.  


Сонымен егер банк лицензиясынан айырылар болса, кепілді өтем төлеу былайша жүзеге асырылады:

·                    өтем төлеуге өтініштер қабылдау 35 жұмыс күнінен кешіктірілмей басталады. ҚДКБҚ банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 30 жұмыс күні ішінде міндетті түрде республикалық баспасөз басылымдары, өзінің ресми және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы төлемнің басталатын күні туралы хабарлайды. Сонымен қатар онда өтем төлейтін агент банктердің атауы, төлемнің кезеңі мен орындары көрсетіледі;     

·                    өтем төлеуге өтініштер бір жыл бойы қабылданады. Егер салымшылар өтем алуға жүгінбесе, олардың талап етпеген ақшалары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) олардың атына ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады. Бұл жерде айта кету керек, соған қарамастан, егер белгіленген мерзім дәлелді себептермен өткізіп алынған болса, салымшылар өтем алуға өтініш бере алады.


Қазіргі уақытта ҚДКБҚ кепілдіктері мына қаржы құралдарына қолданылады:


·                    жинақ, мерзімді және мерзімсіз депозиттер (ҚДКБҚ жіктеуіне сәйкес);

·                    талап етілмелі депозиттер;

·                    шартты депозиттер;

·                    тұрғынүйқұрылыс жинақ жүйесіндегі салымдар;

·                    мемлекет тарапынан сыйлықақы берілетін AQYL білім беру салымы;

·                    ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшалар;

·                    депозиттер бойынша сыйақы есептеу.


Мына қаржы құралдарына кепілдіктер берілмейді:


·                    жеке тұлғалардың металл шоттары;

·                    банктің ұяшықтарында орналастырылған ақшалар мен құнды заттар;

·                    депозиттік сертификаттар;

·                    заңды тұлғалардың депозиттері;

·                    ислам банктерінде, олардың ішінде Қазақстан аумағында ашылған шетелдік ислам банктерінің филиалдарында орналастырылған депозиттер.


Атап өту керек, банктегі ақшаларыңызды қорғау, яғни сақтандыру үшін бөлек шарт жасасу міндет емес. Шотыңыз ашылған мезет, ол автоматты түрде ҚДКБҚ қорғауына алынады.


«Салымшылар 2023 жылдың екінші жартысынан бастап, жаңа банк шартын жасасқанға дейін-ақ өзінің шоты (салымы) туралы маңызды талаптарды алды ала көріп, біле алады. Олардың ішінде нақты банктік өнім бойынша максималды кепілді өтем сомасы, оның түрі, валютасы және қаражатты алу талаптары көрсетіледі. Мұндай ақпаратты банк бөлек құжатта көрсетеді. Оған клиент банкке қандай жолмен жүгінгеніне қарамастан (банктің мобильді қосымшасы/сайты арқылы – онлайн, бөлімшелері арқылы - жазбаша) банк шоты (салымы) шартын жасасу барысында қол қояды. Біз бастама көтерген бұл жаңа енгізілім клиенттің депозитті таңдауға байыппен қарауына, салым бойынша кепілдік беру талаптарын түсінуге бағытталған. Ал бұл оған өз тәуекелдеріне баға бере отырып, дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді», - деді ҚДКБҚ Төрағасы Әділ Өтембаев.


Еске саламыз, банктер салымшыларға ыңғайлы болуы үшін 2024 жылдың тамыз айынан бастап, клиенттермен шарт жасасу барысында оларды банк шотының немесе салымының негізгі талаптары туралы кестелік және ұғынуға ыңғайлы нысанда хабардар етуге міндетті.


Депозиттер бойынша кепілдіктер, өтініш беру әдістері және қажетті құжаттар Қор сайтында орналастырылған.