Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Нұр-Сұлтан қ., Z00T6E0, Иманов көшесі, 11, 104-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Алматы қ., A15P5B5, Сәтбаев к., 30/8, 4-қабат

Нұр-Сұлтан қ., Z00T6E0, Иманов көшесі, 11, 104-кеңсе

Тел: +7 (727) 312-24-49

Қазақстандықтар тұрлаусыздық жағдайында депозиттерге артықшылық береді – ҚДКБҚ

Ағымдағы жыл жаһандық экономика мен қаржы жүйесі үшін шиеленіскен сын-қатерлер жағдайында өтіп жатыр. Геосаяси тәуекелдерді жүзеге асыру жаңғырығы және инфляциялық үдерістердің күшеюі ішкі депозит нарығын да айналып өтпеді. Қаңтар оқиғасы және одан кейін ресейлік еншілес банктеріне әсер еткен ықпалшаралық шектеулер банктердің жиынтық бөлшек депозиттік базасының параметрлеріне әсер етпей қоймады.


Осыған қарамастан, ҚДКБҚ халықтың банк депозиттеріне тұрақты сенімі сақталғандығын атап өтеді. Ағымдағы жылдың басынан бері депозит нарығына жүргізілген талдау бірінші тоқсанда тұрғындардың депозиттер көлемінің төмендегенін көрсетті. 2022 жылдың ақпан-наурыз айларындағы валюта бағамдарының жоғары құбылмалылығы жағдайында айырбас бағамын қайта бағалау депозиттердің айлық серпініне айтарлықтай әсер етті.


Сонымен бірге, ҚДКБҚ сарапшылары ағымдағы жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың депозиттік портфелінің өзгеріс серпіні тұрақталып, оның жекелеген құрамдас бөліктерінде өсім байқалатынын атап өтті. Атап айтқанда, теңгедегі депозиттер бойынша жалпы қалдық мамырда 0,7%-ға өссе, нақты валюталық қалдықтар 0,8%-ға өсті. Бұл ретте ағымдағы жылдың мамыр айының соңына қарай жеке тұлғалардың депозиттерінің жалпы көлемінің 0,9%-ға (12,8-ден 12,7 трлн. теңгеге дейін) аздап төмендеуі ұлттық валютаның 4,7%-ға нығаюы әсерінен валютаның қайта бағалануымен байланысты болды (бір доллар мамырдың басында 448,49 теңгеден мамырдың аяғында 427,39 теңгеге дейін).


Жылдық салғастыруда өсу қарқыны да оң мәнде қалды. Осылайша, 2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың депозиттерінің жалпы қалдықтары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға өсті. Теңгедегі депозиттер 8,7%-ға өссе, шетел валютасындағы депозиттер 1,7%-ға өсті.


«Біз өткен кезеңдерге тән азаматтардың теңгемен ашқан депозиттерінің өсуін көріп отырмыз, бұл сөзсіз нарықтағы жағдайдың тұрақтанғанын, сондай-ақ халықтың ұлттық валютаға деген сенімінің сақталғанын көрсетеді», - деп түсіндірді осы саладағы жағдайды ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев, -«бөлшек депозиттік базаның тұрақтылығының қосымша факторы болып мамырда 1,8%-ға өскен салымшылар шоттары санының үдемелі өсуі табылады, ал жылдық салыстырғанда олардың деңгейі 22,2% болды».


1-сурет. Жеке тұлғалардың депозиттерінің серпіні

 

ҚДКБҚ басшысы сондай-ақ халықтың барлық депозиттері заңнамада белгіленген өтемнің ең жоғары мөлшері шегінде кепілдікпен қамтылатынын атап өтті. Бұл ретте қордың жинақтаушы негізде қалыптастырылатын кепілдік өтемақы төлеуге арналған резерві қордың жарғылық капиталының70 % есепке алғанда, өтемақы төлеуге де пайдаланылуы мүмкін резерві бүгінде 944,3 млрд теңгеге жетті.


«Жинақталған резерв жеке тұлғалардың депозиттік базасының 7%-дан астамын құрайды, бұл заңда көзделген 5%-дық деңгейден жоғары. Бұл көрсеткіш үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді және дамыған елдер деңгейінде. Осылайша, қазақстандықтардың жинақтары кепілдік өтемақының ең жоғары мөлшері шегінде толықтай қорғалады. Осылай, шетелдік банктердің еншілес ұйымдарын қоса алғанда, қазақстандық банктердегі депозиттік шоттардың 99,8% толық кепілдікпен қорғалған», - деп түйіндеді Әділ Өтембаев.


Қазіргі уақытта 20 қазақстандық банк депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады. Келесі сомалар ҚДКБҚ арқылы қорғалған:

• жинақ салымдары бойынша – 20 млн теңгеге дейін;

• жинақтарды қоспағанда, теңгедегі барлық депозиттер бойынша – 10 млн теңгеге дейін;

• шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңгеге дейін.


Қор қызметі туралы толығырақ ақпаратты 1460 тегін нөмірі бойынша алуға болады. Сұрақтарыңызды info@kdif.kz поштасына немесе @kdif_ask Telegram чатына жолдауға болады. Сонымен қатар, депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы барлық ақпарат ҚДКБҚ www.kdif.kz ресми сайтында, сондай-ақ Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде орналастырылған.