Алматыда ЕЭО депозиттерді сақтандыруды үйлестіру саласындағы сараптама тобының отырысы өтті

Алматыда ЕЭО депозиттерді сақтандыруды үйлестіру саласындағы сараптама тобының отырысы өтті

Алматыда 2023 жылдың 27-28 сәуірі аралығында Еуразиялық экономикалық комиссияның қаржы нарықтары бойынша Консультативтік кеңесі жанындағы Сараптама тобының кезекті отырысы болып өтті. Отырыста банк салымдарын сақтандыру саласындағы заңнамаларды үйлестіру, Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы кредиттік ұйымдарды тарату, қаржылық тұрғыда сауықтыру және олардың банкроттығы мәселелері қаралды.

ayapov-002-028U1132.jpg

Гибридті пішімде өткен басқосуға депозиттерді сақтандыру бойынша ұйымдардың, сондай-ақ Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің қаржы реттеушілері, ұлттық (орталық) банктерінің өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылар – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мен Еуразиялық экономикалық комиссия.


ayapov-132-028U1432.jpg


Отырыс барысында депозиттерге кепілдік беру, оның ішінде тұрғындарды хабардар ету, ислам қаржы құралдарына кепілдік беру, кепілді өтемді төлеу үшін агент банкті таңдау және басқа мәселелер бойынша халықаралық тәжірибелер, сондай-ақ өзара тәжірибе алмасу жолдары талқыланды. Сонымен қатар қазіргі экономикалық жағдайларды ескере отырып, депозиттерге кепілдік беру бойынша ұлттық жүйелерді одан әрі жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді.


«Осындай кездесудің ұйымдастырылғанына және отырыс аясындағы пікірсайыстарға шын жүректен ризамын, – деді өз сөзінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы Әділ Өтембаев, – және қаржылық нарықтарымыздың тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсаты аясында қабылданған тұжырымдар мен өзара тәжірибе алмасулар ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің депозиттерге кепілдік беру жүйелерінің тиімділігін арттыруға септігін тигізетіндігіне кәміл сенімдімін».


ayapov-006-028U0923.jpg


Екі күндік кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ЕЭО-ға мүше елдердің депозиттерге кепілдік беру саласындағы заңнамаларын өзара үйлестіру бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға келісті. Қатысушылар халықаралық қағидаттар мен үздік халықаралық тәжірибелер негізінде банктік салымдарды сақтандыру саласында бірлесе әрекет етуге ниетті екендіктерін білдірді.