«Астана Банкі» АҚ-пен, «Qazaq Banki» АҚ-пен, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-пен ахуал туралы

«Астана Банкі» АҚ-пен, «Qazaq Banki» АҚ-пен, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-пен ахуал туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) 2018 жылғы 15 қазанда Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Астана Банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талап берді.  

2018 жылғы 26 қарашада Алматы қаласындағы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот «Астана Банкі» АҚ-тымәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады. Үшінші тұлғалардың тарапынан сот актісіне шағым болмаған жағдайда түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап 30 күн ішінде шешім заңды күшіне енеді.

Банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні Ұлттық Банк банктің тарату комиссиясын тағайындайды.

Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларының нормаларына сәйкес кредиторлардың шағымдарын қабылдау тәртібі, мерзімдері және талаптарын қоятын мекенжайлар көрсетілген Банктің тарату комиссиясын тағайындау туралы ақпаратты банктің тарату комиссиясы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми баспа басылымдарында өзі тағайындалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде жариялайтын болады. Мәжбүрлеп тарату рәсімінің өзі Банктер туралы заңның талаптарына, Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларына және ҚР өзге де заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.  

«Астана Банкі» АҚ-тымәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚДКҚ) Қазақстанның жұмыс істеп тұрған банктерінің қайсысы «Астана Банкі» АҚ-тың салымшыларымен төлем жүргізу жөніндегі агент ретінде жұмыс істеп, салымшылармен есеп айырысатындығын хабарлайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес агент-банк – бұл қаржылық жағдайы тұрақты, бүкіл ел бойынша ҚДКҚ-ның атынан және қаражаты есебінен халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін филиалдар желісі мен инфрақұрылымы дамыған банк.       

«Qazaq Banki» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі қабылданды және 2018 жылғы 30 қарашада заңды күшіне енеді. «Qazaq Banki» АҚ-тың салымшыларына кепілдікті өтемақыны төлейтін агент-банк 2018 жылғы 4 желтоқсанда айтылады, «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына агент-банк арқылы төлемдер төлеу 2018 жылғы 10 желтоқсанда басталады. Ол кезге дейін ҚДКҚ агент-банк үшін белгіленген мынадай өлшемшарттарға банктердің сәйкес келуін бағалау рәсімдерін жүзеге асырады, атап айтқанда: әлеуетті агент-банктің қаржылық жай-күйінің орнықты болуы, белгіленген заңнамалық талаптарды, оның ішінде Ұлттық Банктің пруденциялық нормативтерін жағдай бойынша орындауы, «Qazaq Banki» АҚ-тың салымшылары орналасқан өңірлерде филиалдар желісінің болуы.

Ұлттық Банк  2018 жылғы  25 қыркүйекте Алматы  қаласының Мамандандырылған  ауданаралық экономикалық сотына  «ЭксимБанк» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талап  берді. Ұлттық Банктің «ЭксимБанк» АҚ-тымәжбүрлеп тарату туралы шағым-талабы  бойынша сот  тыңдалымы 2018 жылғы 28 қарашаға жоспарланған.

Таратылатын банктердің барлық салымшылары ҚДКҚ қаражаты есебінен кепілдік берілген өтемақы алуға құқылы. Өтемақы ұлттық валютада төленеді, ал оның сомасы:

- шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден;

- ұлттық валютадағы депозиттер бойынша 10 млн теңгеден аспауға тиіс. 

Салымшыда бір банкте теңгеде, сол сияқты шетел валютасында бір мезгілде орналастырылған 2 және одан да көп депозит болған кезде 15 млн теңгеге дейін кепілдікті өтемақы төленеді. Кез келген жағдайда салымшының тек шетел валютасындағы депозиттері бойынша өтемақы 5 млн теңгеден аспайды. Төленбеген кепілдікті өтемақы қалдығын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап тағайындалатын банктің тарату комиссиясы төлейтін болады. 

ҚДКҚ таңдалған агент-банкті жариялағаннан және кепілдікті  өтемақыны төлеу  басталғаннан кейін салымшылар осы агент-банктің  филиалына кепілдікті өтемақы төлеуге арналған өтініш жасағаны дұрыс. Бұл ретте салымшының өзімен бірге жеке куәлігінің немесе төлқұжатының болуы жеткілікті. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш берсе, онда құқық белгілейтін құжаттарды (мұрагерлік туралы куәлік, сенімхат, депозитке талап ету құқығын беру туралы шарт) ұсынуы қажет. Агент-банк төлемді құжаттар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асыратын болады.

Кепілдікті  өтемақы төлеу қолма-қол ақшамен немесе салымшының басқа банктегі шотына аударыммен теңгемен ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте салымшының алынған кепілді өтемақыны агент-банктің шотында қалдыруға мүмкіндігі бар. Барлық кепілді өтемақыларды төлеу тек ұлттық валюта – теңгемен жүзеге асырылады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдікті өтемақыны есептеу үшін банкті мәжбүрлеп тарату туралысот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланылады.

Салымшылар депозиттерге кепілдік беру мәселелері бойынша қосымша ақпаратты ҚДКҚ http://kdif.kz/ru/garantiya-po-depozitamсайтындағы «Салымшыларға» бөлімінен алуына болады.

Бұдан басқа, салымшылар мына телефондар арқылы: +7 (727) 312 24 37, +7 (727)  312 24 38, +7 (727)  312 24 39 не 8 8000 80 10 20 шұғыл желі нөмірі бойынша хабарласа алады (Қазақстан бойынша қоңырау соғу тегін).

Сонымен қатар, банктердің call – орталықтарының төменде көрсетілген нөмірлері бойынша салымшыларға қызығушылық танытатын мәселелері бойынша жауап береді: «Астана Банкі» АҚ: +7 (727) 259 60 60, «Qazaq Banki» АҚ: +7 (727) 380 39 51, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ: +7 (727) 250 06 00.