Таратылған банктерде әрбір салымшыға төлем жүргізуге арналған қаражат

Таратылған банктерде әрбір салымшыға төлем жүргізуге арналған қаражат

2018 жылғы шілдеден бастап Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салымдары бойынша кепілдік берілген өтемдердің жалпы сомасы 10 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін ұлғайды. Осы кепілдікті қамтамасыз ету үшін «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ) жинақ негізінде банктердің тоқсан сайынғы жарналарының есебінен арнайы резервін қалыптастырады.

Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша банк секторының есебінен жинақталған сома 483,9 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда кепілдік берілген өтемді жүзеге асыру үшін Ұлттық Банк Қор капиталына салынған қаражат пайдаланылуы мүмкін. Қордың меншіктік капиталы 289,8 миллиард теңгені құрайды. Қордың кепілдікберілген өтемді жүргізуге арналған қаражаттың жалпы сомасы желтоқсан айының басында 773,7 миллиард теңгені құрады.

Қор қаражаты жинақталған резервтер құнын барынша сақтау мен тәуекелі барынша аз шығын қағидасы бойынша инвестицияланады: резервтің 90%-ы Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, «AA+» және «ААА» рейтингіндегі шетелдік бағалы қағаздарына орналастырылады. Инвестициялық қоржынның қалған бөлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі депозиттерге теңгемен және Қазақстанның ұлттық компанияларының бағалы қағаздарына орналастырылған.

Соңғы екі жыл ішінде кепілдік берілген өтемдердің сомасы 100 миллион теңгені құрады, оның ішінде таратылған «Валют-Транзит Банк» АҚ банкі салымшыларының қосымша төлемдері 2017 жылы 29,5 миллион теңге мөлшерін, «DeltaBank» АҚ және «Казинвестбанк» АҚ салымшыларының төлемдері 2018 жылы 70,7 миллион теңге мөлшерін құрағандығын атап өтуді жөн санаймыз. Бұл ретте «DeltaBank» АҚ және «Казинвестбанк» АҚ депозиттері бойынша өтемақыларды алу үшін аталған банк салымшыларының тек 8%-ы өтініштерін білдірді.

«QazaqBanki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Астана банкі» АҚ салымшыларына төленуге тиісті ақша сомасы 57,9 миллиард теңгені немесе ҚДКБҚ қаражатының шамамен 7,5%-ын құрайды. Аталған сома Ұлттық Банктің арнайы шотында резервте тұр. Төлем жүргізудің басталуы жарияланған күннен кейін өтемдерге көзделген сомалар ҚДКБҚ тарапынан сәйкес банк-агенттеріне аударылады да, төлемдер ҚДКБҚ есебінен жүзеге асырылатын болады.