Баспасөз орталығы


Артқа

25 елдің сарапшылары Қазақстандағы цифрландыру және қаржылық тұрақтылық мәселелерін талқылады

Telegram WhatsApp Facebook X (Twitter) LinkedIn
Для Google Docs: скачай .html → загрузи в Google Drive → “Открыть с помощью Google Docs”.

Алматыда Депозиттерді сақтандырушылардың (кепілдік берушілердің) халықаралық қауымдастығының “Navigating Digital Frontiers: Charting the Future of Deposit Insurance” кәсіби конференциясы өтті. Іс-шараға 25 мемлекеттің делегациялары қатысты. Кездесу және сараптамалық талқылау алаңын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) ұсынды.

Қазақстанның Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов халықаралық сарапшыларды еліміздің қаржы технологиясын дамыту саласындағы жетістіктерімен таныстырды. Цифрлық түрлендіру және Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы жобалары аясында төлемдердің озық технологиялары, Ашық банкинг, антифрод және биометрияның цифрлық сервисі ойдағыдай жүзеге асырылды. Сонымен қатар орталық банктің цифрлық валютасын мемлекеттік қаржы саласында қолдану аясы кеңейтілуде. Келешекте цифрлық қаржы активтерін айналымға шығару үшін қазір құқықтық база әзірленуде.

Қазақстанның Ұлттық Банкінің басшысы өз сөзінде еліміздегі ағымдағы макроэкономикалық жағдайлар туралы айта келе, экономикалық өсудің орнықты траекториясы, инвестициялық әлеуеттің кеңейтілуі, үш ірі әлемдік агенттіктердің болжамы тұрақты, инвестициялық деңгейдегі рейтингтерінің сақталуы – экономикалық дамудың да, сыртқы сектордың да орнықтылығын көрсететіндігін атап өтті. Сондай-ақ спикер инфляцияның ағымдағы факторларына тоқталып, ақылға қонымды және дәйекті ақша-кредит саясатының маңызды рөл атқаратындығын атап өтті. Ұлттық валютадағы активтердің тартымдылығы сақталуда – осы ретте ҚДКБҚ-ның атқарып жатқан жұмыстарын ескерер болсақ, бұл түптеп келгенде депозиттердің орнықты түрде ұлғаюына және долларлану деңгейін минималды тарихи мәндерге жақын ұстауға жағдай жасайды. Бұдан басқа, Т. Сүлейменов қаржы тұрақтылығын қолдауға және банк секторындағы жүйелік тәуекелдерді төмендетуге басымдық берілетіндігін жеткізді. Ұлттық Банктің Төрағасы қаржы тұрақтылығы құрылымында ҚДКБҚ рөлін жоғары бағалады.    



Ұлттық Банктің цифрлық трансформация жетекшісі Бинур Жаленов орталық банктің цифрлық валютасын (CBDC) пайдалана отырып, елімізде төлем технологияларын қолдану және масштабтаудың стратегиялық тұрғыда қандай нәтиже беретіндігі жайында әңгімеледі. Сонымен қатар спикер Цифрлық теңге жобасын дамыту және салық салу («цифрлық ҚҚС») саласы мен мемлекеттік қаржы саласында технологияларды нақты қолдану нәтижелерімен бөлісті.


ҚДКБҚ Төрағасы Әділ Өтембаев та өз сөзінде CBDC келешегін зерттеуге күш салу керектігіне тоқталды. Жалпы спикерлер CBDC-ді дамыту – өтем төлеуді автоматтандыруға, оны жеделдетуге және «қағазбастылықты» азайтуға оң әсер ететіндігімен бірауыздан келісті. Сонымен бірге спикерлер Қазақстанда CBDC-ді депозиттерге кепілдік беру саласына енгізу әлі де алғашқы зерттеу сатысында екендігін, ал оны нақты енгізу – болашақта ұлттық валютаның үшінші формасының технологиялық әлеуетін жүзеге асыру және оны банк операцияларында қолданудың өсуіне қарай қарастырылуы мүмкін екендігін атап өтті.

Сараптамлық талқылау форматында Индонезия, Кения, Корея, Малайзия, Нигерия, Тайвань, Филиппин және Жапонияның депозиттерге кепілдік беру қорларының басшылары мен сарапшылары, Үндістан мен Эстонияның орталық банктерінің бөлімше басшылары, қазақстандық тараптан ҚҰБ Ұлттық төлем корпорациясы басшысының орынбасары және ҚДКБҚ сарапшылары, сондай-ақ IADI, ЭЫДҰ, Халықаралық есеп айырысу банкі, зерттеу ұйымдары мен академиялық ортаның өкілдері сөз сөйледі.


Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (IADI) президенті және Атқарушы кеңесінің төрағасы Алехандро Лопес ұйымдастырылған талқылаудың өзектілігіне тоқталды.  Оның айтуынша дүние жүзі бойынша депозиттерге берілетін кепілдіктер – қоғамның банктік қызметтерге деген сенімінің факторы және қаржылық тұрақтылық құралы болып табылады. Спикер ғаламдық деңгейде IADI жұмысы үш стратегиялық бағытқа шоғырланғандығын және солардың бірі цифрландыру және жаңа технология мәселелерін зерделеу екендігін атап өтті.

Шетелдік әріптестер өз ұйымдарының депозиттерді қорғау, қаржы тұрақтылығы, CBDC-ді енгізу, цифрлық активтерді қорғау келешегі, блокчейн-технологияларды қолдану саласындағы тәжірибелерімен және стратегиялық пайымымен бөлісті. Талқылауда қаржылық тұрғыда көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру және қаржы тұрақтылығы мәселелеріне маңызды рөл берілді.

Шараның күн тәртібі сондай-ақ IADI-дің Азия – Тынық мұхит және Еуразия аймақтық комитеттерінің жылдық жиналысын және техникалық комитеттерінің кездесуін қамтыды. Одан басқа, CEO Dialogue жоғары деңгейдегі жабық сессиясы өткізілді. Қатысушылар депозиттерге кепілдік берудің тиімді жүйелеріне арналған Негіз қалаушы қағадаттардың жобасын талқылады. Бұл құжат 2025 жылы қабылданады деп жоспарлануда. Сондай-ақ бірқатар екіжақты кездесулер мен келіссөздер өткізілді.    


Біздің елімізде депозиттер бойынша кепілдіктер туралы көбірек біліңіз:

www.kdif.kz

1460 (қоңырау шалу тегін)



21-08-2025
Document