Баспасөз орталығы


Артқа

2025 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша халық депозиттерінің көлемі 25 трлн теңгеден асты

Telegram WhatsApp Facebook X (Twitter) LinkedIn
Для Google Docs: скачай .html → загрузи в Google Drive → “Открыть с помощью Google Docs”.

2025 жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі депозиттерінің көлемі 25,4 трлн теңгені құрады. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұл сома 844 млрд теңгеге, немесе 3,4%-ға жоғарылады. Бұл өсім ел экономикасында бірқатар оң құбылыстардың болып жатқандығын білдіреді: біріншіден, халық жинақ ақшаларын қорғауға ұмтылуда, өйткені депозиттік өнімдердің көпшілігінің табыстылығы инфляция деңгейінен жоғары; екіншіден, қазақстандықтар банк жүйесіне сенеді және жинақ ақшаларын депозиттерде сақтаудан қорықпайды.

Қазақстандықтар ұлттық валютадағы депозиттерді тартымды мөлшерлемелеріне байланысты таңдайды. Жеке тұлғалардың 77%-ы – бұл теңгелік депозиттер, ал 23%-ы – шетел валютасындағы салымдар. Депозиттердің жалпы көлеміне қатысты шетел валютасындағы депозиттер үлесінің көрсеткіші – депозиттердің «долларлануы» деп аталады. Дегенмен шетел валютасындағы депозиттің тек АҚШ долларында болуы міндетті емес. Долларланудың жоғары деңгейде болуы елдің экономикасы мен тәуелсіздігі үшін қауіпті – долларлану деңгейі жоғары мемлекет халқы ақшаларын қай мемлекеттің валютасында сақтайтын болса, сол мемлекетке экономикалық тұрғыда тәуелді болып қалады. Өткен жартыжылдықта Қазақстанда жеке тұлғалардың салымдарының долларлану деңгейі 1,6 пайыздық тармаққа (п.т.) төмендеп, 23,1%-ды көрсетті. Долларланудың мұндай деңгейі «жайлы» деп саналады, өйткені халықаралық тәжірибеге сәйкес долларланудың «қауіпсіз деңгейінің» жоғарғы шегі 30%-ға тең.


Бұқаралық сегмент әлі де нарықтың негізін құрап отыр. Дегенмен осы ретте орта және ірі сегменттердің теңгелік депозиттерге деген қызығушылығы арта түсуде. ҚДКБҚ жеке тұлғалардың депозиттерін бұқаралық (қоса санағанда 15 млн теңгеге дейін), орта (15 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін) және ірі сегментке (50 млн теңгеден жоғары) бөледі. Бұқаралық сегмент өз атауына лайық болуда: 1 шілдедегі жағдай бойынша оның алар үлесі жеке тұлғаларға тиесілі бүкіл депозиттер көлемінің 49,6%-ын алып жатыр. Жылдың өткен жартысында бұқаралық сегменттегі депозиттердің жалпы көлемі 3,3%-ға, ал шоттардың саны – 24%-ға өсті. Салымшылар мерзімді және жинақ салымдар санатына жататын, едәуір тартымды салымдар ашу арқылы өздерінің жеке депозиттік портфелдерін кеңейте отырып, алатын табыстарын барынша ұлғайтуға тырысуда. Мұндай әртараптандыру көтеріңкі табыстылықты қамтамасыз етеді және ҚДКБҚ кепілдіктерін есепке алар болсақ, тәуекелдерді барынша төмендетеді. Ал Қор тарапынан берілетін кепілдіктер әрбір жекелеген банктер бойынша депозиттердің жиынтық сомасына қолданылады.

Халықтың депозиттік портфелінде мерзімді және жинақ салымдар үлесінің өсуі банктер үшін тұрақты ақшалай қорландыруды қамтамасыз етеді. Ал салымшылар болса, икемділігі төмен салымдардың арқасында едәуір жоғары табыс алады. Мерзімді және жинақ салымдар – олардан ақшаны мерзімінен бұрын алуға қатысты бірқатар шектеулер қойылған салымдар. Алайда банктер мұндай шектеулерді көтеріңкі пайыздық сыйақы берумен өтейді. 1 шілдеге қарай мерзімді және жинақ салымдардың ортақ үлесі бүкіл жеке қолдық депозиттердің 16,7%-ын құрады. Жыл басында олардың алар үлесі 11,4% болған еді. Жарты жыл ішінде депозиттердің осы түрлерінің жалпы көлемі бір жарым есеге артты. Мұндай құбылыс банк жүйесін нығайтуда оң көрсеткіш болып табылады, өйткені мерзімді және жинақ салымдар – ақшаны ұзақ мерзімге жинаудың құралы деп саналады: бір жағынан салымшылар үшін едәуір жоғары табыстылық ұсынады, ал басқа жағынан, банк қызметінде тұрақты ақша қорланымын қалыптастырады. Мерзімсіз салымдарда ақшаны мерзімінен бұрын алу бойынша шектеулер жоқ. Сондықтан салымшының депозиттік портфелін әртараптандыру үшін жақсы опция болып табылады. Бұл салым түрі әрі табыспен қамтамасыз етеді әрі шоттағы ақшаны ешқандай шектеусіз емін-еркін пайдалануға: кез келген уақытта алуға, толықтыруға және жабуға мүмкіндік береді. 2025 жылдың алғашқы жартысының соңында жеке тұлғаларға тиесілі депозиттер портфелінде мерзімсіз депозиттердің үлесі 58,7%-ды құрады.

Банк салымдары – пайыздық сыйақыларының өсуі арқасында тұрғындар үшін барған сайын тартымды инвестициялық шешімге айналуда. 2025 жылдың алғашқы жартысында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 15,25%-дан 16,5%-ға дейін көтерді (11 наурыз). Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі банкаралық қысқа мерзімді мөлшерлемелердің мақсаттық мәнін айқындайды және қаржы нарығында теңгемен қарыз алу бағасын белгілеуде бағыт-бағдар қызметін атқарады. Банктердің көпшілігі өздерінің депозиттік өнімдері бойынша пайыздық мөлшерлемені белгілеуде Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін есепке алады. Сәйкесінше алғашқы жартыжылдықта банктер өздерінің депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін базалық мөлшерлемеден кейін іле-шала көтеріп отырды. Айталық, 2025 жылдың бірінші тоқсанында орташа өлшемді нарықтық мөлшерлемелер мерзімсіз салымдар бойынша жылдық 14,4%-ға және мерзімі 1-6 айлық болатын мерзімді және жинақ салымдар бойынша жылдық 17,5%-ға дейін жетті. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтерген соң, жартыжылдықтың соңына қарай мерзімсіз депозиттер бойынша орташа өлшемді нарықтық мөлшерлемелер 15,0%-ға, ал 1-6 айлық болатын мерзімді және жинақ салымдар бойынша жылдық 18,0%-ға дейін өсті. Осы уақытта Ұлттық Банктің ресми деректері бойынша елімізде жылдық инфляцияның деңгейі маусым айында 11,8%-ды құрады. Бұл дегеніміз, салымшы пайыздық сыйақысы аса жоғары емес, икемді мерзімсіз депозиті бойынша инфляциялық шығындарын жауып қана қоймай, салымының сомасынан жылдық 3%-дан астамға дейін таза табыс алады.

2025 жылдың алғашқы жартысы Қазақстан халқының депозит нарығы үшін сөзсіз табысты болды. Сыйақы мөлшерлемелерінің өсуі аясында халықтың ұлттық валютадағы депозиттері көлемінің одан әрі өсуі байқалды. Сонымен бірге шетел валютасындағы депозиттердің қысқаруы жеке қолдық депозиттік базаның долларлану деңгейін тарихи тұрғыда минималды деңгейде бекітті. Осылайша халықтың ұлттық валютаға деген сенімінің нығайып жатқандығын паш етті. Бұқаралық сегменттің алатын айтарлықтай үлесі халықтың депозит нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ал сонымен қатар орта және ірі сегмент тарапынан депозиттерге деген қызығушылықтың артуы депозит нарығының одан әрі өсуіне айқын негіз бола алады. Сондай-ақ банктер үшін тұрақты ақшалай қор жасаудың өсуі де оң құбылыс болып табылады: жеке тұлғалар мерзімді және жинақ депозиттерде жатқан ақшаларының көлемін арттыра түседі және соның арқасында банктердің тұрақты ақшалай қор жасауы күшейеді. Ұлттық Банктің ағымдағы ақша-кредит саясаты аясында жеке тұлғаларға тиесілі депозиттердің басым бөлігінің табыстылығы өте тартымды бола түсуде. ҚДКБҚ кепілдіктері өз кезегінде салымшылардың тәуекелдерін төмендете түседі және Қазақстанның банк жүйесіндегі депозиттерді «тәуекел-табыстылық» арақатынасы бойынша тартымды инвестициялық өнімге айналдырады. Бұл деректер халықтың депозит нарығының сандық өсуін ғана емес, сапалы тұрғыда дамып жатқандығын да растайды.

Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы көбірек біліңіз: www.kdif.kz, 1460 (қоңырау шалу тегін).

2025 жылғы 18 тамыз

 



18-08-2025
Document