Сіздің жинақтарыңыздың сомасы максималды (шектеулі) кепілдік өтем мөлшерінен ассa

Сіздің жинақтарыңыздың сомасы максималды (шектеулі) кепілдік өтем мөлшерінен асып, ал банк лицензиясынан айырылған жағдайда не істеу керек?

Егер Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) қандай да бір банкті барлық банктік операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған жағдайда салымшылар мына қағиданы ұмытпаулары тиіс.

Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде (оның ішінде салымдарда, ағымдағы шоттарда және төлем карточкаларында) орналастырылған ақшаларына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКБҚ) кепілдігі қолданылады.

Депозиттегі қалдық ақшаның кепілдік берілген максималды өтем сомасынан асатын бөлігін сол таратылатын банктің тарату комиссиясы төртінші кезектілік бойынша «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы №2444 Заңында көзделген тәртіпте және мерзім ішінде төлейді.

Тарату комиссиясы Банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы сот шешімі күшіне енген күні тағайындалады (бұл ақпарат баспалық басылымдарда, Агенттік пен таратылатын Банктің сайттарында орналастырылады).

Мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясы кінарат-талаптарды қабылдауды бастау туралы ақпаратты да баспалық басылымдарда жариялайды. Тарату комиссиясы хабарландыру жарияланған күннен бастап, күнтізбелік 60 күн ішінде кінәрат-талаптарды қабылдайды. Қабылданған талаптар Банк кредиторларының тізіліміне енгізіледі. Кредиторлардың – банктің клиенттері-жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша талаптарын тарату комиссиясы кредиторлардың талаптары тізіліміне өз бетімен енгізеді. Талаптардың сомасын көрсете отырып, тізілімге енгізілгені туралы хат салымшының депозит ашу туралы шартқа қол қою барысында көрсеткен пошталық мекенжайына жолданады. Сондықтан салымшыға осындай талаптар бойынша өтініш беруі қажет емес. Бірақ сонда да ақпаратты нақтылау үшін тарату комиссиясына жүгіне алады.

Талаптарды қанағаттандыру барысында тарату комиссиясы төлемдерді есептеулердің пропорционалдығы қағидатын сақтай отырып жүзеге асырады. Яғни төлемге жұмсалған сома тиісті кезектіліктегі барлық қатысушылардың арасында олардың талаптарының мөлшеріне қарай пропорционалды түрде бөлінеді.

Тарату сатысындағы банктер туралы ақпаратпен Агенттік және ҚДКБҚ (Таратылатын банктер бөлімі: https://www.kdif.kz/kz/likvidiruemye-banki/table/) сайттарынан танысып шығуға болады. Салымшылар ақыл-кеңес алу үшін мына телефондар бойынша қоңырау шала алады 1460

Бір банктегі жинақтарыңыздың сомасы кепілдіктің максималды сомасынан аспауын қамтамасыз ету үшін ҚДКБҚ алдын ала бірнеше банкте депозит ашуды ұсынады, өйткені кепілдік депозиттерге әр банк үшін жеке қолданылады.

Document