Өтемақы төлеу: банктер 307,5 млрд теңгеге өтініштер қабылдады

Өтемақы төлеу: банктер 307,5 млрд теңгеге өтініштер қабылдады

2023 жылдың 10 ақпанына қарай банктер салымдар бойынша 10% мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) төлеу бойынша 307,5 млрд теңгеге өтініштер қабылдады, деп хабарлайды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ).


Банктер сыйлықақы төлеуге өтініштер қабылдауды 2023 жылдың 10 ақпанында аяқтады. Барлығы 2 623 010 адам өтініш берген.


Түпкілікті өтемақы сомасы 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін өзгеруі мүмкін. Өйткені Қағидалар бойынша 10 пайыздық сыйлықақы есептеу үшін депозиттің банкте 2022 жылдың 23 ақпанынан бастап, соңғы күнін қоса алғанда 2023 жылдың 23 ақпанына дейін сақталуы міндетті шарт.  


Сәйкесінше салымшы 24 ақпаннан бастап, өз депозитінен ішінара немесе толығымен ақша алуға құқылы. Бұл ретте өтемақысы жойылмайды. Сыйлықақы салым бойынша банк төлейтін сыйақы мөлшерлемесінен бөлек есептеледі. Сондықтан салымнан ішінара немесе толық көлемде ақша алу барысында банк шартының талаптарына назар аудару ұсынылады. Онда мерзімінен бұрын ақша алуға байланысты сыйақының немесе оның бір бөлігінің жойылатындығы көзделуі мүмкін.


10% мөлшерінде өтемақы төлеуді көздейтін, Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы жинақ, мерзімді, мерзімсіз, білім беру жинақтау салымдарына және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесіндегі жинақ қаражаттарға қолданылды. Бағдарлама 2023 жылы 23 ақпанда аяқталды.


Бағдарламаны әзірлеушілерден өтемақы бойынша қаражатты салымшыларға кезең-кезеңмен беру механизмі ҚДКБҚ-да түсіндірілді.


Төлемдер қандай қаражат есебінен жүргізіледі:

Өтемақы сомасының 50% мөлшері ҚР Қаржы министрлігінің қаражаты есебінен, қалған 50%-ы Қазақстанның Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен төленеді.


Бағдарламаның операторы кім:

«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ.


Төлем процесі қалай жүзеге асырылады:


1. Банктер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін жеті жұмыс күні ішінде ҚДКБҚ-ға өтемақы төленетін депозиттердің тізілімін ұсынады.

2. Одан әрі, Қор Қағидаларда регламенттелген мерзімде «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-қа (бұдан әрі - ПКҚ) өтемақы сомасы бойынша мәліметтер жолдайды.  

3. Деректерді алған соң, ПКҚ сыйлықақының жалпы сомасының 50%-ын аударуды жүзеге асыру бойынша «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-қа тапсырма хат жолдайды.

4. ҚР Қаржы министрлігі республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде өтемақы төлеуге бөлінген соманы «ПКҚ» АҚ-қа аударады. Қазақстанның Ұлттық Банкі де қаражатты осындай тәртіппен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-қа аударады.

5. Бағдарлама операторлары алынған қаражаттарды 50%-дан екі траншпен банктерге аударады. Бұдан әрі екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) екі жұмыс күні ішінде өтемақы сомаларын депозиторлардың ағымдағы шоттарына аударады.   


Осыған байланысты ҚДКБҚ сыйлықақы есептеу үшін салымшыларға қолданыста ағымдағы шоттарының бар екендігін тексеруге және қажет болса ашуға кеңес береді.  


Өтемақыны есептеу және төлеу бойынша толығырақ ақпарат алу үшін салымшылар депозиттері ашылған банктерге жүгінулері тиіс.