Таратылатын банктердің салымшылары төлем мерзімін өткізіп алған жағдайда өтемақы ала ала ма?

Таратылатын банктердің салымшылары төлем мерзімін өткізіп алған жағдайда өтемақы ала ала ма?

2022 жылғы 1 мамыр мен 3 шілдеде Қазақстанда таратылатын 9 банктің («Қазинвестбанк» АҚ, «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» (АзияКредит Банк) АҚ, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ) салымшыларына кепілдік өтемақы төлеу мерзімдері аяқталды. Төлем мерзімі аралығында өтініш бермеген азаматтардың өтемақы сомасы БЖЗҚ-ға олардың жеке зейнетақы шоттарына аударылды. Бұл ретте төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған салымшылар ақшаны қайтару туралы өтініш бере алады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында (ҚДКБҚ) мұны қалай жасауға болатынын айтып берді және дәлелді себептер туралы ең танымал сұрақтарға жауап берді.


Дәлелді себеп бойынша өтемақы алуға кім құқылы?

  • таратылатын банктердегі банктік шоттарының (жинақ, ағымдағы) иелері;

  • басқа құқық иеленушілер/құқық мирасқорлары (өтініш берушілер) – салымшылардың, мұрагерлердің және өтемақы алуға құқығы бар басқа тұлғалардың заңды өкілдері.

 

«Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дәлелді себептер тізбесіне не кіреді?


  • әскери қызметке кіру;

  • Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болу;

  • саллымшының мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;

  • бас бостандығынан айыру орындарында болу;

  • сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

 

Дәлелді себептің бар екенін қандай құжаттар растай алады?


егер салымшы әскери қызметке кірсе - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери басқару органдары ұсынған әскери есепке алу құжаттары немесе әскери қызметті растау туралы мәліметтер;

егер салымшы Қазақстаннан тыс жерде болса -шекарадан өту белгісі бар төлқұжат және (немесе) елден тыс жерде болу фактісін растайтын өзге де құжаттар;

өтініш беруші төлем мерзімі ішінде салымшының мұрасын қабылдаса немесе оның мұрасын иемденуге немесе ашуға байланысты басқа да себептері болса - салымшының қайтыс болғаны туралы куәлік, заң/өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлік, мұраның иемденгенін немесе ашылғанын растайтын басқа да құжаттар, соның ішінде сот актілері;

егер салымшы бас бостандығынан айыру орындарында болса - заңды күшіне енген сот үкімі және бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтеу немесе жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы құжат;

сот анықтаған өзге де мән-жайлар кезінде - өтемақы төлеудің бүкіл мерзімі ішінде арыз беруге кедергі келтірген мән-жайды анықтайтын сот шешімі. Яғни, салымшы төлем мерзімі ішінде кепілдік өтемақы туралы өтініш беруге кедергі болған мән-жайдың болғанын анықтауды талап етіп, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгінуі тиіс.

 

Салымшы сотқа жүгінген кезде нені ескеру қажет:


Құжаттар төлемнің бүкіл мерзімі ішінде кепілді өтемақыны алуға өтініш беруге кедергі болған мән-жайдың болуын растауы тиіс. Яғни, дәлелді себеп төлем басталған күннен кешіктірілмеуі, ал дәлелді себептің аяқталу күні кепілдік өтемақыны төлеу аяқталған күннен ерте болмауы тиіс.

 

Өтінішті қалай дұрыс беру керек?


Өтініш нысаны ҚДКБҚ сайтында орналастырылған. Салымшы оны басып шығаруға және толтыруға, дәлелді себептердің бар екендігін растайтын құжаттарды және бар болса, өтемақы алу құқығын растайтын басқа да құжаттарды (мысалы, мұрагер өтініш берген кезде) қоса беруі керек. Құжаттар пакеті ҚДКБҚ-ға жеке төмендегі мекенжайлар бойынша тапсырылуы тиіс:

 

  • Алматы қ. Сәтпаев к., 30/8, 4 қабат;

  • Нұр-Сұлтан қ., Иманов к.11.

 

Сондай-ақ құжаттар пакетін ҚДКБҚ пошталық мекенжайына (Алматы қаласы, Сәтбаев көшесі, 30/8, 4 қабат) жіберуге болады. Бұл ретте салымшының өтініштегі қолын міндетті түрде нотариалды куәландыру қажет.

 

Бірнеше мысалдарды қарастырайық:


Бірінші мысал: Таратылатын 1-банк салымшысы кепілдік өтемақыны төлеудің бүкіл мерзімі (кезеңі), яғни 2021 жылғы 1 мамырдан 2022 жылғы 1 мамырға дейін Қазақстан Республикасынан тыс жерде болған (мысалы, АҚШ).

Мұндай жағдайда салымшы 2021 жылғы 1 мамырдан 2022 жылғы 1 мамырға дейінгі кезеңде өтінішті беруге кедергі болған жағдай болғандықтан, төлем мерзімі өткеннен кейін қаражатын қайтаруға құқылы. Салымшы өтінішке төлқұжаттың және (немесе) Қазақстаннан тыс жерде болу фактісін растайтын басқа да құжаттардың көшірмесін қоса беруге міндетті. Құжаттар ҚДКБҚ-ның пошталық мекенжайы бойынша жіберілсе, өтініштегі қол нотариалды куәландырылуға жатады.

 

Екінші мысал: 2021 жылдың 25 қыркүйегінде таратылатын 2-банк салымшысы қайтыс болғандығы туралы куәлік берілді, ал мұрагер кепілдік өтемақы алу үшін 2022 жылдың 10 шілдесінде ҚДКБҚ-ға жүгінді. Банк бойынша, мысалы, кепілдік өтемақыны төлеу мерзімі 2022 жылдың 2 мамырында аяқталды.


Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1072-2-бабына сәйкес, мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде қабылдануы мүмкін. Көрсетілген мысалда мерзімі 2021 жылғы 25 қыркүйектен 2022 жылғы 25 наурызға дейін. Мұраны қабылдау төлем мерзімі аяқталғанға дейін – 2022 жылдың 1 мамырына дейін, яғни салымшыларға кепілдік өтемақы әлі төленген кезеңде аяқталды. Тиісінше, мұрагерге мұрагерлік құқығы туралы куәлікпен 2022 жылдың 1 мамырына дейін (қоса алғанда) кепілдік өтемақы алуға өтініш беру мүмкіндігі болды. Осылайша, қарастырылып отырған жағдайда мұраны қабылдау кепілдік өтем туралы өтінішке кедергі келтірмеді және оны дәлелді себеп ретінде қарастыруға болмайды.


Төлем мерзімі өткеннен кейін дұрыс толтырылмаған өтінішке немесе дәлелді себептің бар екендігін растайтын құжаттардың жеткіліксіз болуына байланысты салымшыға дәлелді себептермен ақшаны қайтарудан бас тартылса, ол қайтадан өтініш бере ала ма?


Иә, өтемақы төлеудің бүкіл мерзімі ішінде өтінішті беруге кедергі болған мән-жайды растайтын барлық тиісті түрде ресімделген құжаттар болған жағдайда салымшы кепілдік өтемақыны төлеуге қайта өтініш беруге құқылы.

Өтініш қанша күнде қаралады, және қаражат қалай аударылады?


ҚДКБҚ өтініш түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Осы уақыт ішінде ҚДКБҚ кепілдік өтемақы сомасын төлейді немесе салымшыға себептемелі бас тартуды жібереді. Қаражат салымшыға өтініште көрсеткен банктік шотына аударылады.

 

Салымшы қандай мерзімде дәлелді себептермен төлемге өтініш бере алады?


  • банкті тарату бойынша барлық үдерістер аяқталғанға дейін;

  • төлеу мерзімі өткеннен кейін өтемақының талап етілмеген сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, салымшы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдеріне құқығын жүзеге асырмаған сәтке дейін.

 

Қандай жағдайларда ҚДКБҚ талап етілмеген өтемақы сомасын салымшының БЖЗҚ-дағы шотына аударады?


Бұл үдеріс мына жағдайларда жүзеге асырылады:


  • егер салымшының деректері (ЖСН, Т.А.Ә.) БЖЗҚ дерекқорында бар ақпаратқа сәйкес келсе. Сондай-ақ салымшының жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек.

  • салымшының БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар жеке зейнетақы шоты болса.

 

Кепілдік өтемінің талап етілмеген сомасы БЖЗҚ-ға аударылған болса, оған инвестициялық кіріс есептеле ме және басқа зейнетақы жинақтары сияқты оған салық салына ма?


Иә, инвестициялық кіріс инвестор талап етпеген сомаға есептеледі. Бұл ретте кепілдік өтемнің талап етілмеген сомасы салымшының ерікті зейнетақы жарнасы ретінде танылады және салық салудан босатылады (есептелген инвестициялық кірісті қоспағанда).

Салымшының талап етілмеген сомасы оның БЖЗҚ-дағы шотына аударылып, оған инвестициялық кіріс есептелсе, салымшы ҚДКБҚ-ға дәлелді себептермен ақшаны қайтару туралы өтініш білдірсе, салымшы ҚДКБҚ-дан қандай соманы алады?​


Салымшыға салымшылар тізілімінің деректері бойынша инвестициялық кіріссіз кепілдік өтемақы сомасы ғана төленеді.

Төлем мерзімі аяқталғаннан кейін салымшының кепілдік өтемақы сомасын талап етуге дәлелді себебі болмаса, бірақ оның ақшасы БЖЗҚ-ға аударылған болса, салымшы БЖЗҚ-дан ақшаны қашан ала алады?


Бұл жағдайда салцмшы өз қаражатын БЖЗҚ-дан Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ала алады. Сонымен, БЖЗҚ-дан ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға келесі тұлғалар құқылы:


  • 50 жасқа толғандар;

  • мүгедектігі бар тұлғалар;

  • Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетін немесе фактісін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар;

  • ерікті зейнетақы жарналары және олар бойынша есептелген инвестициялық кірістер шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинақтары бар тұлғалар.

 

Депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы барлық ақпарат ҚДКБҚ-ның www.kdif.kz ресми сайтында және  Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында орналастырылған. Сондай-ақ, сұрақтарыңызды info@kdif.kz электрондық поштасына жіберуге немесе @kdif_ask Telegram чаты арқылы қоюға болады.