КФГД - Казахстанский фонд гарантирования депозитов
Сыйақы мөлшерлемесі тиянақталған және құбылмалы депозиттер – не нәрсеге көңіл бөлу қажет
Сыйақы мөлшерлемесі тиянақталған және құбылмалы депозиттер – не нәрсеге көңіл бөлу қажет
Қазақстандықтар сыйақы мөлшерлемесі тиянақты белгіленген депозиттерді жақсы біледі. Ол тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді. Депозит нарығы дамыған сайын жаңа банктік өнімдер пайда болатыны анық. Міне, солардың бірі – сыйақы мөлшерлемесі құбылмалы депозиттер. Мұндай депозиттердің бірқатар ерекшеліктері бар.
Басты ерекшелігі - сыйақы мөлшерлемесі құбылмалы депозиттер бойынша табыстылық деңгейі тиянақты белгіленбеген және сәйкесінше салымның мерзімі барысында өзгеруі мүмкін. Құбылмалы мөлшерлеме екі құрамдас бөліктен тұрады: базалық көрсеткіш пен пайыздық спредтің қосындысы ретінде айқындалады. Бұл ретте Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі немесе инфляцияның ресми көрсеткіші базалық көрсеткіш ретінде қабылдануы мүмкін. Пайыздық спредтің шамасын банк клиентпен шарт жасасу барысында бекітеді және ол кейін өзгертуге жатпайды. Өз кезегінде базалық көрсеткіштің нақты мәні (мысалы, базалық мөлшерлеменің, инфляцияның әсерінен) салымның мерзімі барысында өзгеруі мүмкін. Сәйкесінше мөлшерлемесі құбылмалы депозиттер үшін табыстылық деңгейі тұрақты емес – мысалы, егер салымның мерзімі барысында базалық көрсеткіштің мәні төмендейтін болса, онда сыйақы мөлшерлемесі де төмендеу жағына қарай өзгеретін болады.
Егер мөлшерлемесі тиянақты белгіленген депозитті қарастыратын болсақ, банк салымның мерзімі барысында оның пайыздық мөлшерлемесін өсіру жағдайын қоспағанда, біржақты ретпен бұзуға құқылы емес. Салымды келесі мерзімге автоматты түрде ұзарту талабы шартта қарастырылған болса, банк шартты ұзарту сәтінде сыйақы мөлшерлемесін өзгерте алады.
Әрине, салымшылар салым туралы жарнаманы және оның сипаттамасын банктердің сайттарынан көрген кезде мұндай ерекшеліктер көзге түспеуі мүмкін. Банктер өздерінің өнімдерін қалың көпшілікке таныту барысында клиенттердің назарын әлеуетті тәуекелдерге аудармауға тырысады. Салымның егжей-тегжейі сілтемелерде немесе өте ұсақ әріптермен берілуі мүмкін және сол үшін де салымның табыстылығына тікелей әсер ететін мұндай тетіктер салымшылардың назарын өзіне аудара бермейді. Ал салымшылар бірінші кезекте ағымдағы жоғары пайыздық мөлшерлемеге көңіл бөледі. Ал ол жарнама жарияланған уақытта немесе салымның шарты жасалған сәтте ғана өзекті болатыны рас. Дегенмен кейіннен өзгеруі мүмкін.
Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының және қаржы реттеушісінің бастамасы бойынша банктер үшін салымдарға қатысты арнайы талаптар енгізілді. Соған сәйкес банктер енді салымдар бойынша ең өзекті ақпараттарды түсінуге ыңғайлы етіп, кестелі нысанда және үлкен әріптермен беруге міндетті. Мұндай тәсіл салымшылардың назарын депозит бойынша максималды кепілдік сомаларына, салымның түрі мен валютасына, сыйақы мөлшерлемесі мен оның төлеу тәртібіне және депозиттің мерзімін ұзарту, сондай-ақ одан мерзімінен бұрын алу ақша алу талаптарына аударуға мүмкіндік береді.
Бұл ақпарат клиент банк салымы шартын немесе банк шоты шартын, оның ішінде электронды түрде жасасу барысында қол қоятын өтініште немесе басқа да құжатта бірінші беттен бастап көрсетіледі. Салымды онлайн түрінде немесе мобильді қосымшада ашқан жағдайда «депозиттің талаптарымен келістім» деп қанат белгіні қоя бергеннен көрі, сол қол қоятын құжатты жүктеп алып, мұқият танысып шықан жөн. Депозиттің талаптарын түсіну жинақ ақшаны орналастыру жайында саналы, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. ҚДКБҚ салымшыларға депозитті ашпастан бұрын, банк салымы шартының немесе жалпы оферта шарттың талаптарын мұқият оқып, зерделеуге табанды түрде кеңес береді.
Бұған дейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банк шоты немесе банк салымы шартына қол қоймас бұрын оның елеулі талаптары туралы біліп алу не үшін маңызды екендігін хабарлаған болатын.
Еске саламыз, ҚДКБҚ кепілдіктері сыйақы мөлшерлемесі құбылмалы салымдарды қосқанда, банк салымдарының барлық түрлеріне, сондай-ақ ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларына да қолданылады.
2024 жылғы 6 желтоқсан