КФГД - Казахстанский фонд гарантирования депозитов
Сақтандыру жағдайында банктің қарсы талабы деген не?
Сақтандыру жағдайында банктің қарсы талабы деген не?
Банкке ақша салған соң, аяқ астынан ақша керек болып қалатын кездер өмірде болып тұрады: үй/көлік сатып алу, алыс сапараға шығу деген секілді... Ал депозиттегі ақшаны алуға болмайды. Өйткені талабы солай. Сондықтан көп адам салымы бойынша сыйақыдан айырылмас үшін, сол банктен несие алуға тырысады.
Ал егер сол ақша салған және одан несие алған банкіңіз бір күні лицензиясынан айырылса қайтпек керек? Материалдан оқып біліңіз.
Бүгінде жеке тұлғалардың бір банкте әрі салымы әрі несиесі бар болатын жағдай таңсық дүние емес.
Лицензиясынан айырылған банктің салымшы алдында оның депозиттегі ақшасын қайтару бойынша міндеттемесі және сол салымшыға қатысты қарызы немесе берешегі бойынша талабы бар болса, бұл «қарсы талап» деп аталады. Мұндай жағдайда заң бойынша өзара есеп айырысу жасалады.
Бұл операцияны лицензиясынан айырылған банктің уақытша әкімшілігі жүзеге асырады.
Сонымен қатар «Банктің уақытша әкімшілігі деген не?» мақаласын оқыңыз.
Өзара есеп айырысу рәсімі депозиторлардың кепілді өтем сомасы есептеген тізілімін қалыптастыру барысында орындаладыы. Тек бір ескеретін нәрсе, есеп айырысу банкті лицензиясынан айыру күніне қарай қалыптасқан сомалар бойынша жасалады.
Өзара есеп айырысу операциясынан кейін салымшының берешегі мен жинақ ақшаларында не өзгереді?
Бұл жерде шешімнің бірнеше нұсқалары болуы мүмкін:
-
егер салымшының қарыз ақшасы оның депозитіндегі ақшадан да көп болатын болса, салымшы есеп айырысудан кейін кредитінің қалған бөлігін төлеуді жалғастыруы тиіс;
-
егер салымшының депозитіндегі ақшасының сомасы банк алдындағы қарыз ақшасынан асып түсетін болса, ҚДКБҚ есеп айырысудан кейін депозитте қалған ақшаны кепілдік сомасы шегінде салымшыға қайтарады
Мысалдар келтірейік:
Салымшының бір банкте есептелген сыйақысын есепке ала отырып, 10 млн теңге мөлшерінде мерзімді депозиті, валюталық депозитінде 20 мың доллары (бағамы: 1доллар/450 теңге), банк картасында 500 мың теңгесі бар және ол осы банктен 3,5 млн теңгелік тұтынушылық несие алған.
Сақтандыру жағдайы туындаған кезде әрбір салым түрі бойынша шекті кепілдік сомаларын және берешек соманы ескере отырып, салымшыға 15 млн теңге көлемінде кепілді өтем төленеді.
Кепілді өтем былай есептелді:
10 млн теңге + 9 млн теңге (20 мың доллар) + 500 тысяч теңге = 19,5 млн теңге. Бұл сомадан кредит бойынша 3,5 млн теңге мөлшерінде қарыз ақша шегерілді. Есеп айырысудан кейін қалған қалдық ақша 15 млн теңге болады. Бірақ бұл жағдайда салымшы 15 млн теңге мөлшерінде кепілді өтем алады (10 млн теңге – теңгелік салымдары бойынша, 5 млн теңге – валюталық депозиті бойынша).
Мына жайтқа назар аударыңыз, банк лицензиясынан айырылған кезде салымшы онда 3,5 млн теңгелік кредиті болсын-болмасын, бәрібір 15 млн теңге мөлшерінде кепілді өтем алар еді. Өйткені әрбір салым түрі бойынша кепілдік берілген шекті сомалар есепке алынар еді.
Тағы мысал, салымшыда бір банкте сақтандыру жағдайы туындаған күнге қарай 16 млн теңгеге жинақ салымы және 18 млн теңгеге ипотекалық кредиті бар болды. Мұндай жағдайда салымшыға кепілді өтем төленбейді. Өйткені есеп айырысу нәтижесі бойынша депозиттегі бүкіл ақша берешкті өтеуге жұмсалады.
Есебі былай:
Жинақ салым бойынша кепілдік берілген максималды сома 20 млн теңгені құрайды. Кепілдік сомасы салымшының барлық жинақ ашасын өтей алғанымен, банктің салымшыға қатысты қарсы талабын ескерсек, оған берілетін кепілді өтем сомасы 0 теңгені құрайды. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, оның депозитіндегі 16 млн теңге толығымен ипотекалық несиені төлеуге жұмсалды. Қалған 2 млн теңгені салымшы банк заңнамасының талабына сәйкес әрі қарай өтейтін болады.
Жеке тұлғаның банкте тек кредиті болса да осындай жағдай туындайды. Мұндай кезде салымшы/қарыз алушы мына қағидаларды есте сақтауы тиіс:
-
банк лицензиясынан айырылса да/таратылса да қарыз алушының банк алдындағы міндеттемесі сақталады;
-
берілген кредиттерді қайтаруды банктің уақытша әкімшілігі/тарату комиссиясы қадағалайтын болады.
Яғни банктің лицензиясынан айырылуы борышкерді кредит бойынша міндеттемесінен босатпайды. Ол белгіленген кесте бойынша кредитін одан әрі төлеуді жалғастыруы тиіс:
-
қарыздың талаптары банк лицензиясынан айырылғанға дейін жасалған кредиттік шартқа сәйкес толығымен сақталады;
-
қарыз шарты сол кредит/қарыз толығымен өтелгенше күшінде болады;
-
қарыз таратылатын банктің сайтында көрсетілген деректемелер бойынша төленеді. Егер деректемелер өзгеретін болса, тарату комиссиясы бұл туралы борышкерлерге алдын ала ескертеді.
Тағы да еске саламыз, банк лицензиясынан айырылған жағдайда ҚДКБҚ салымшыларға заңнамада белгіленген лимиттер шегінде кепілді өтем төлейді:
-
20 млн теңге – теңгелік жинақ салымдар (депозиттер) бойынша;
-
10 млн теңге – теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша;
-
5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша.
Егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы ашылса, банк лицензиясынан айырылған күнге қарай барлық шоттарда қалған ақшаға, әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып, өтем сомасы есептеледі, бірақ салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды. Кепілді өтем сомасы банк лицензиясынан айырылған күнге қарай қалыптасқан сыйақылармен қоса есептеледі. Салымшының бiр емес, бірнеше банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы, сондай-ақ ағымдағы және карточкалық шоттарында ақшалары бар болса, оларға қатысты өтем сомасы әрбір банк бойынша жеке-жеке төленеді.
Сондықтан Қор салымшыларға ақшаларын бір емес, бірнеше банкте әртүрлі салымдарда орналастыруға кеңес береді.
Егер осы материал бойынша сұрақтарыңыз болса, оларды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask telegram-чатына жолдауға болады немесе солар бойынша 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына хабарласа аласыз.