Егер банкіңіз лицензиясынан айырылса, ҚДКБҚ cізге қанша ақша төлейді? Өтемді есептеу туралы толығырақ

Егер банкіңіз лицензиясынан айырылса, ҚДКБҚ cізге қанша ақша төлейді? Өтемді есептеу туралы толығырақ

Банк салымы жинақ ақшаны қорғаудың ең сенімді құралдарының бірі. Салымға пайыздық сыйақы ретінде табыс түседі әрі салым пайызымен қоса Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) тарапынан сақтандырылады. Яғни егер банк лицензиясынан айырылатын болса, онда ҚДКБҚ салымшыларға заңнамада белгіленген мерзімде кепілді өтем төлейді.

   

Ислам банктерін қоспағанда, Қазақстандағы барлық екінші деңгейдегі банктер, олардың ішінде шетелдік банктердің еліміздегі филиалдары отандық депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады.

 

ҚДКБҚ жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттерінде (салымдарында, шоттарында төлем карточкаларында) жатқан ақшаларын өз қорғауына алған. Банктегі жинақ ақшаны сақтандыру үшін ҚДКБҚ-мен жеке шарт жасасу қажет емес. Банк салымы (шоты) ашылған сәттен бастап, ондағы қаражат автоматты түрде ҚДКБҚ қорғауына алынады.

 

Банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшы алатын кепілді өтем сомалары туралы тағы нені білу керек?

 

Біріншіден, кепілдік сомасы банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептеледі, мөлшері шектеулі және ол салымның түріне және қандай валютада ашылғандығына тікелей тәуелді.

 

  • 20 млн теңгеге дейін – теңгелік жинақ салымдар (депозиттер) бойынша;

  • 10 млн теңгеге дейін – теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша;

  • 5 млн теңгеге дейін – шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша.

 

Салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы ашылса, Қор банк лицензиясынан айырылған күнге қарай барлық шоттарда қалған ақшаға, әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып, өтем сомасын есептейді, бірақ салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды.


Атап өту керек, салымшыларға берілетін кепілді өтем сомасы банк лицензиясынан айырылған күнге қарай қалыптасқан сыйақылармен қоса есептеледі.


Екіншіден, кепілдік сомасынан банктің салымшыға қатысты барлық талаптарының сомасы (яғни салымшының берешегі) шегіреледі:

 

Мысалы, салымшының лицензиясынан айырылған банкте депозитімен қатар кредиті де бар болса, онда сақтандыру жағдайы туындаған күнге қарай кепілді өтем сомасы есептеледі және одан салымшының банк алдындағы қарыз ақшалары шегеріледі.


Үшіншіден, салымшы өзінің жинақ ақшасы бойынша кепілді өтем сомасын ұлттық валютада алады:


Егер салымшының шетел валютасында ашылған депозиті бар болса, ондағы қаражаты банк лицензиясынан айырылған күнге қарай қалыптасқан нарықтық валюта бағамы бойынша таңгелік баламада есептеледі және салымшыға кепілді өтем ретінде теңгемен төленеді.  

 

Егер сақтандыру жағдайы туындаса, салымшы қандай мөлшерде кепілді өтем алатындығын мысалдар арқылы түсіндіріп көрелік.

 

Салым теңгемен ашылса және төлем карточкасында да ақша болған жағдайда


Сіздің салымыңызда сыйақысын қоса есептегенде 8 миллион теңге, ал төлем карточкаңызда 2 миллион теңге бар.

Мұндай жағдайда сіздің салымыңыз бен төлем карточкаңыздағы қалдық ақшаларыңыздың жиынтық сомасына кепілдік беріледі – 10 миллион теңгеге.

 

Ұлттық валютада және шетел валютасында салым ашылған болса және ағымдағы теңгелік шотта да қаражат жатса.

 

Сізде:

 

  • ағымдағы шотыңызда – 500 мың теңге;

  • теңгелік мерзімді салымыңызда – 5 миллион теңге;

  • АҚШ долларында ашылған мерзімді салымыңызда 20 мың доллар (банк лицензиясынан айырылған күнге қарай шартты түрде 450 теңге болатын теңге бағамы бойынша 9 миллион теңге) бар.

 

Мұндай жағдайда жалпы кепілді өтем сомасы 10 миллион 500 мың теңгені құрайды (500 мың теңге – ағымдағы шотта, 5 миллион – теңгелік салым бойынша және 5 миллион – валюталық салым бойынша).

 

Теңгелік жинақ салым және шетел валютасындағы салым ашқан жағдайда

 

Сізде:

 

  • теңгелік жинақ салымыңызда – 15 миллион теңге;

  • АҚШ долларында ашылған салымыңызда – 13 мың доллар (банк лицензиясынан айырылған күнге қарай шартты түрде 450 теңге болатын теңге бағамы бойынша 5 миллион 850 мың теңге) бар.

 

Мұндай жағдайда кепілді өтем сомасы 20 миллион теңге шегінде қалыптасады (теңгелік жинақ депозит бойынша – 15 миллион теңге, 5 миллион теңге – валюталық депозит бойынша).

 

Теңгелік салымды ашқан жағдайда және кредиттің бар болуы

 

Сіздің теңгелік жинақ салымыңызда 8 миллион теңгеңіз бар. Бұл ретте кредит бойынша банк алдындағы берешегіңіз 6 миллион теңгеге тең. Бұл жағдайда кепілді өтем сомасы 2 миллион теңгені құрайды (8 миллион теңге – теңгелік салым бойынша, бұл жерде сіздің банк алдындағы қарызыңыз, яғни 6 миллион теңге кепілді өтем сомасынан шегеріледі).

 

Осылайша салымшының уайымдауына негіз жоқ: сақтандыру жағдайы туындаған шақта ҚДКБҚ оған жинақ ақшасын белгіленген лимит шегінде қайтарады.


Егер жинақ ақшалар максималды кепілді өтем сомасынан асып кететін болса, сол асатын ақшаны салымшы банктің тарату комиссиясынан банк заңнамасында айқындалған кезектілік тәртібі бойынша алады.


Сондықтан Қор салымшыларға ақшаларын әрбір салым бойынша сақталуына кепілдік берілген шекті соманы және сыйақы мөлшерін ескере отырып, бір емес, бірнеше банкте әртүрлі салымдарда орналастыруға кеңес береді.

 

ҚДКБҚ бастамасымен қазіргі уақытта барлық банктерде сақтандыру жағдайы туындаған кезде төленетін кепілді өтем сомалары және салымның (шоттың) негізгі талаптары туралы ақпаратты банк салымы (шоты) туралы шарт жасасқанға дейін толығымен танысып шығуға мүмкіндік бар. Бұл ретте салымшылар банкке қандай әдіспен жүгінгендігіне қарамастан (онлайн – мобильді қосымша/банк сайты, жазбаша – оның бөлімшелерінде), банктер олармен банк салымы (шоты) шартын жасасу барысында жоғарыда аталған ақпараттармен таныстыруға міндетті.

 

Депозиттер бойынша кепілдік беру жүйесі туралы толыққанды мағлұматтармен ҚДКБҚ kdif.kz сайтынан, сондай-ақ соған қатысты сұрақтарды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask telegram-чатына жолдауға немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына хабарласуға болады.


ҚДКБҚ өз сайтында «Депозиттер және кепілдік» бөлімінде калькулятор орналастырылған. Соның көмегімен салымшы өзінің депозиті бойынша кепілді өтемді оңай есептей алады.