КФГД - Казахстанский фонд гарантирования депозитов
ҚДКБҚ сақтандырушылардың кездесуінде банктердің дәрменсіздігін реттеу бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті
ҚДКБҚ сақтандырушылардың кездесуінде банктердің дәрменсіздігін реттеу бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының Еуропалық және Еуразиялық аймақтық комитеттерінің отырыстарына, сондай-ақ «Депозиттерді сақтандырушылар және банктердің дәрменсіздігін реттеу: қазіргі ахуал және болашақ сын-қатерлер» халықаралық конференциясына қатысты.
2024 жылдың шілде айының басында Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (ДСХҚ) Еуропалық және Еуразиялық аймақтық комитеттерінің кезекті отырыстары, сондай-ақ «Депозиттерді сақтандырушылар және банктердің дәрменсіздігін реттеу: қазіргі ахуал және болашақ сын-қатерлер» атты халықаралық конференция болып өтті. Шараға Еуропа мен Еуразияның депозиттерді сақтандырушыларының, ұлттық банктердің, Банктерді реттеу бойынша Еуропалық органның өкілдері, сондай-ақ Еуропалық институт пен Дүниежүзілік банктің сарапшылары қатысты.
Конференцияның күн тақырыбында банктің дағдарысына ерте араласу және дағдарыстық басқаруға дайын болу, депозиттерді сақтандырушылар мен реттеу органдарының жұмыстарының аймақтық ерекшеліктері, сондай-ақ банктердің дәрменсіздігін реттеудің маңызды тетіктерін қарастыру мәселелері талқыланды. «Тәжірибе және сабақ алу» панельдік сессиясында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) Төрағасының орынбасары Бота Ақбаева сөз сөйлеп, ерте бастан араласу үдерісі барысында ҚДКБҚ іс-әрекеттері жайында әңгімеледі. Ол тіпті мандаты шектеулі сақтандырушылардың өзі дағдарыстық басқару құралдарын енгізу керектігін алға тартты.
Спикер 2021 жылы енгізілген, сынақтардан сәтті өткен және алда атқаратын істерге жетелейтін қозғаушы күштерді тудыратын банктерді бағалау моделін таныстырды. Модель айнымалы шама ретінде банктердің кредиттік рейтингтерін, қадағалау бағасын (SREP) және аудиторлық компаниялардың қорытындыларын пайдаланады. Жалпы модель қаржылық қызметті бағалауға келгенде консервативтік (сақтанымпаздық) тәсілді қолданады және оның нәтижелері ҚДКБҚ үшін әлеуетті жағымсыз салдарға дайындықтың, яғни банктің лицензиясын қайтарып алуға дайындықтың басталғанын білдіретін индикатор болып табылады. Айта кетелік, банктердің қаржылық ахуалына баға беру үш ай сайын жүргізіліп тұрады.
ҚДКБҚ тағы бір құралы – банктердің кепілдік берілген депозиттерді есепке алуын бақылау.
- Банктер өз бетімен депозиторлардың тізіліміне тоқсан сайын мониторинг жүргізіп отырады. Мақсат – тізілімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру. Ал ҚДКБҚ оған талдау жүргізе отырып, сәйкессіздіктерді жою және болашақта оған жол бермеу үшін арнайы ұсынымдар әзірлейді. Қор банктерге барып, кезең-кезеңмен тексеру жүргізіп тұрады, - деді Бота Ақбаева. Оның айтуынша банктердің депозиторлар тізіліміне қатысты дайындаған мәліметтерінің дұрыстығын тексеру бойынша алдын алу шаралары, ҚДКБҚ-ның қаржылық тұрақтылық органдарымен өзара тығыз қарым-қатынасы, сондай-ақ дағдарыстық жағдайда іс-әрекеттерді жоспармен жүзеге асыру – кепілді өтемді төлеуді тез бастауға мүмкіндік береді.
Төлемдерді тездету – дағдарысты тоқтатудың құралы болып табылады. Бұған дейін ҚДКБҚ бұл үдерісті банктерді мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастайтын. Соның салдарынан салымшылар өздерінің қаражаттарын алу үшін банк лицензиясынан[1] айырылған күннен бастап, 79-278 күндей күтуге мәжбүр болатын. Қазір заңнамаға сәйкес өтем төлеу банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде басталады. Ал шын мәнісінде, іс жүзінде банктер лицензиясынан айырылған соңғы жылдардағы жағдйларда салымшыларға өтем төлеу 6-8 жұмыс күні ішінде басталды.
Сөз соңында Бота Ақбаева ҚДКБҚ-ның халықты хабардар ету жұмыстарын қарқынды жүргізуді одан әрі жалғастырып жатқандығын атап өтті. Өйткені халыққа депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы ақпарат беру жұмыстарын күшейту – дағдарыс кезінде салымшылардың банктерден кетуін азайтудың маңызды құралы болып табылады.
ҚДКБҚ ДСХҚ және оның аймақтық комиттерінің жұмыстарына белсене қатысып келеді және үздік әлемдік тәжірибелер мен стандарттарды енгізуге ұмтылады. Қатысушылар ДСХҚ Еуропалық аймақтық комитетінің отырысында 2024-2026 жылдарға арналған іс-әрекет жоспарын талқылады және ДСХҚ-ның депозиттерді сақтандырудың тиімділігін арттыру үшін 2009 жылы әзірлеген Негіз қалаушы қағидаттарын қайта қарады. Бұл қағидаттар депозиттерді сақтандырушылар үшін бағыт-бағдар қызметін атқарады және депозиттерге кепілдік беру жүйесін жасау немесе реформалау барысында оны ескерген жөн.
Еуразиялық аймақтық комитет аясында символды тапсыру шарасы өткізілді: 2025 жылы Комитеттің отырысын ұйымдастыру құрметі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына ұсынылды.
[1] Соңғы 10 жылдың деректері бойынша