ҚДКБҚ қазақстандықтардың банктердегі жинақтарын сақтауды қалай қамтамасыз етеді?

ҚДКБҚ қазақстандықтардың банктердегі жинақтарын сақтауды қалай қамтамасыз етеді?

Қазіргі өмір сүру жағдайында адамдарға жүктелген қам-қарекеттер жетіп артылады: денсаулық, отбасы, жұмыс, жинақ ақшалар дегендей... Шыны керек, соңғысы көпшілігімізді жиі уайымдатады. Егер отандастарымыз ақшаларын банктерде сақтайтын болса, уайымдауға негіз жоқ деуге болады. Өйткені Қазақстанда депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі (ДКБЖ, Жүйе) жұмыс істейді. Бұл хабарламада біз ДКБЖ қалай жұмыс істейтіндігін және ол үшін кім жауап беретіндігі туралы әңгімелемекпіз.


Біздің елімізде егер қандай да бір банк барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылатын болса, салымшылардың жинақ ақшаларын қорғау мақсатында кепілді өтем төлеу шарасы қарастырылған. Осылайша мұндай банктің депозиттерінде, шоттарында, төлем карточкаларында жатқан ақшалар заңнама жүзінде бекітілген мына шекті мөлшерде иелеріне шұғыл түрде қайтарылады:


  • 20 млн теңге – теңгелік жинақ депозиттер бойынша;
  • 10 млн теңге – теңгедегі өзге депозиттер, шоттар, карточкалар бойынша;
  • 5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер, шоттар, карточкалар бойынша.


Бекітілген максималды (шекті) кепілдік сомалары жеке тұлғалардың қатысушы банктердегі шоттарының 99,8%-ын толық көлемде қорғауға мүмкіндік береді.


Кепілді өтемді төлеу шарасын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) жүзеге асырады.


Жүйеге қатысушы банктердің тізілімін Қор жүргізеді. Бұл тізілімге Қазақстандағы ислам банктерінен басқа, барлық екінші деңгейдегі банктер кіреді.


Сақтандыру жағдайы туындағын кезде салымшыларға өтем төлеуді қамтамасыз ету үшін ҚДКБҚ жинақтау негізінде арнайы резерв қалыптастырады. Ол негізінен қатысушы банктердің тоқсан сайынғы жарналары есебінен толығып отырады. Дәлірек айтар болсақ, арнайы резервтің жартысынан астамы қатысушы банктердің жарналары есебінен қалыптасса, қалған бөлігін арнайы резервті инвестициялаудан түскен табыстар құрайды.


Қазіргі уақытта арнайы резервтің көлемі, Қордың Жарғылық капиталының 70%-ын қоса есептегенде халықтың қатысушы банктердегі бүкіл депозиттерінің 5,7%-ына жетеді. Ал бұл заңнама жүзінде бекітілген 5%-дық деңгейден жоғары.


Банк лицензиясынан айырылған жағдайда ҚДКБҚ кепілді өтемді төлеу шарасын жүзеге асырады. Сөйтіп, 35 жұмыс күні ішінде салымшылардан өзі және агент банктердің бөлімшелері арқылы өтем төлеуге өтініштер қабылдай бастайды.


ҚДКБҚ міндетті түрде өзінің ресми сайты және республикалық баспасөз басылымдары, сондай-ақ басқа да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлама таратады. Онда өтем төлеудің басталу күні, тәртібі, төлем мерзімі, агент банктердің тізімі және өтем төлеу орындары көрсетіледі.     


Өтем төлеуге өтініштер бір жыл бойы қабылданады. Кейін ҚДКБҚ салымшылардың талап етпеген өтем ақшаларын олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады.


Бірақ салымшылар өтем төлеу мерзімін дәлелді себептерге байланысты өткізіп алған болса, өтем ақшалары БЖЗҚ-ға аударылып кеткен күннің өзінде, Қорға сол өтем ақшаларын алуға жазбаша өтініш беруге құқылы.


Депозиттер бойынша кепілдіктер және өтініш беру тәсілдері туралы толық ақпарат, сонымен қатар қажетті құжаттар тізімі Қор сайтында орналастырылған.  


Сондай-ақ қосымша сұрақтар бойынша 1460 нөміріне хабарласуға немесе тиісті сауалды info@kdif.kz немесе @kdif_ask telegram-чатына жолдауға болады.