КФГД - Казахстанский фонд гарантирования депозитов
Депозиттерді сақтандыру: ғаламдық стандарттар және қаржы жүйесінің сын-қатерлері
Депозиттерді сақтандыру: ғаламдық стандарттар және қаржы жүйесінің сын-қатерлері
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығымен (IADI) белсенді түрде ынтымақтасып келеді. Бұл ұйымға 95 елдің депозиттерді сақтандыру ұйымдары мүше болып қабылданған. Биыл қыркүйек айының соңында IADI-дің ұйымдастыруымен АҚШ-тың Бостон қаласында жалпы жылдық жиналыс және жыл сайынғы конференция өткізілді. Бүкіл әлем елдерінен келген 250 делегаттың арасында Қор өкілдері де болды.
Конференция барысында биыл көктемде АҚШ-та, Ұлыбританияда және Швейцарияда орын алған банк дағдарысы мәселесі және оның депозиттерді сақтандыру ісіне әсері талқыланды.
IADI Президенті Алехандро Лопес осы бойынша мынадай пікір білдірді:
«Таяуда банк саласында орын алған дағдарыс біз үшін үлкен сабақ. Бұл өзекті мәселені терең талқылауымыз қажет. Бұл ретте депозиттерді сақтандырушылар қаржы қауіпсіздігі жүйесінің маңызды қатысушысы бола отырып, салымшыларды қорғау және қаржы тұрақтылығына қолдау көрсету мақсатында қажетті өкілеттіктер мен ықпал ету құралдарына, оның ішінде саяси құралдарға ие болулары керек деп санаймын».
Делегаттар дағдарыстық құбылыстарды және олардың салдарын терең талқылау қажеттігін және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиімді шаралар әзірлеудің маңыздылығын бірауыздан мойындады. Сонымен қатар қатысушылар дағдарыстық жағдайларға тиімді түрде ден қою үшін депозиттерді сақтандыру бойынша ұйымдардың рөлін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Өйткені олардың пікірінше сонда ғана қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға болады.
Жалпы жылдық жиналыста қатысушылар IADI жарғысына өзгеріс енгізуді қолдады. Бұл өзгеріс оның рөлін нығайтуға бағытталған – IADI депозиттерді сақтандыру саласындағы ғаламдық стандарттар мен қаңғидаттарды нығайтатын болады. IADI-дің Негіз қалаушы қағидаттарын қайта қарау жұмыстары 2024 жылы басталады. Онда биылғы банк дағдарысы салдарынан қалыптасқан тұжырымдар ескеріледі. Айта кетелік, бұл тұжырымдар IADI-дің 2023 жылғы есебінде жарық көреді.
Сондай-ақ жылдық жиналыс аясында IADI-дің Атқарушы комитетінің жаңа мүшелері сайланды. Атқарушы комитет – Қауымдастықтың басқару органы және үздіксіз жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етеді, сондай-ақ бюджетке, ұйымға жаңа мүшелерді қабылдау ісіне, комитеттердің жұмыс жоспарларына және т.б. жауап береді. Атқарушы комитеттің құрамына 24 ұйым кіреді. Бұл Қауымдастықтың өңірлік алуандығын білдіреді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы Әділ Өтембаев 2022 жылдың қазан айынан бері осы комитеттің мүшесі.
Бұдан басқа, IADI-дің жаңа мүшелері қабылданды. Олар – Намибияның Депозиттерге кепілдік беру бойынша басқармасы (NDGA), Исландияның қаржы мекемелеріне кепілдік беру корпорациясы (IcelandicFIF) және Оңтүстік Африканың салымдарды сақтандыру бойынша корпорациясы. Ал Сингапурдың Валюталық кредиттік басқармасы мен Эсватианидің Орталық Банкі ұйымның жаңа серектестері атанды.
Қазақстанға келер болсақ, конференцияға қатысушылар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қызметін, оның салымшылар алдындағы өз міндеттемелерін абыроймен атқарып келе жатқандығын жоғары бағалады.
Қор салымшылар алдындағы өз міндеттемелерін тиімді орындап келеді. Өзінің Pay-box Plus мандаты аясында ҚДКБҚ салымшыларға сақтандыру өтемін қатысушы банк барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде төлейді және IADI-дің ұсынысына сәйкес бұл мерзімді 7 жұмыс күніне дейін қысқартуға ұмтылуда. Сонымен қатар Қор қатысушы банктерді есепке алады, сақтандыру сыйлықақыларын жинайды және есептейді, банктердің қаржылық ахуалын бағалауға арналған өз моделінің негізінде сақтандыру жарналарының сараланған мөлшерлемелері жүйесін қолданады. Күтілетін және күтілмейтін залалдардың мөлшерін анықтау жолымен арнайы резерв қаражатының жеткіліктілігін бағалайды.
2023 жылдың 1 шілдесіне қарай арнайы резервтің көлемі 1,1 трлн теңгеге жетті. Сәйкесінше оның деңгейі (арнайы резервтің жеткіліктілігі) жеке тұлғалардың жиынтық депозиттік базасының 6,2%-ын құрайды. Бұл заңнамада белгіленген 5%-дық деңгейден әлдеқайда жоғары.
Қазіргі уақытта Қор барлық таратылатын банктердің салымшыларына кепілді өтем сомаларын төлеуді жүзеге асырған. Сондай-ақ депозиттерге кепілдік берудің ұлттық жүйесі тарихында тұңғыш рет салымшылардың талап етпеген өтем сомалары олардың жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылды. Бұл Қазақстан ғана емес, әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бірегей механизм.
«Келешекте Қор салымшылармен де, қатысушы банктермен де өзара іс-қимыл жасаудың сапасы мен ыңғайлылығын арттыру мақсатында негізгі бизнес-үдерістерді жетілдіру және автоматтандыру мәселесіне ден қоятын болады. Бұл ретте Қор халық депозиттерінің сақталуының кепілгері болып қала береді және барша азаматтарды біздің сайтымыздағы депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы анықтамалық материалдарды оқып, зерделеуге шақырады, - деді «ҚДКБҚ» АҚ Төрағасы Әділ Өтембаев.
Анықтамалық*
Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығы (International Association of Deposit Insurers, IADI) депозиттерді сақтандырушылардың ғаламдық форумы болып табыады. Оның мақсаты - ұсыныстар тарату және халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы салымдарды сақтандыру тиімділігін арттыру. IADI қауымдастығы 2002 жылы коммерциялық емес қауымдастық ретінде құрылған. Штаб-пәтері Швейцарияның Базель қаласындағы Халықаралық есеп айырысу банкінде орналасқан.
IADI-дің миссиясы – озық тәжірибелерді тарату және халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы депозиттерді сақтандырудың тиімділігін арттыру.
Қазіргі уақытта IADI-ге қатысушылар: депозиттерді сақтандырушы 95 ұйым оның толық құқықты мүшесі, 11 Орталық Банк - қауымдастырылған мүшесі, сондай-ақ 17 халықаралық ұйым - ресми серіктесі болып табылады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры IADI құрамына 2003 жылы енген.
Қауымдастық өзінің мүшелеріне оқыту бағдарламаларын ұйымдастырады, зерттеу жобаларын жүзеге асырады және қаржы қызметінің депозиттерді сақтандыруға ықпал ететін әртүрлі мәселелері бойынша нұсқаулықтар әзірлейді.
IADI-де Атқарушы кеңестің төрт комитеті және сегіз аймақтық комитет құрылған және жұмыс істейді. Қор өкілдері Атқарушы кеңестің, Атқарушы кеңестің комитеттерінің және IADI-дің үш аймақтық (Еуропалық, Еуразиялық және Азия-Тынық мұхит) комитеттерінің құрамына кіреді.
2022 жылдың қазан айында IADI-дің жалпы жылдық жиналысы аясында Қор Төрағасы үш жыл мерзімге IADI Атқарушы кеңесінің мүшесі болып сайланды. IADI-дің 24 мүшеден тұратын Атқарушы кеңесі IADI-дің басқарушы органы болып табылады және оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.