Банкті лицензиясынан айыру: уақытша әкімшілік дегеніміз не?

Банкті лицензиясынан айыру: уақытша әкімшілік дегеніміз не?

Лицензиясынан айырылған банкті тарату процесінде оның уақытша әкімшілігі үлкен рөл атарады. Ол банктің мүліктерін сақтауды қамтамасыз етеді және қаржылық тұрақсыздық жағдайында оның қызметін басқарады. Басқа сөзбен айтқанда, тағайындалатын уақытша әкімшілік банкті төлемге қабілетсіз деп тану немесе оны лицензиясынан айыру кезеңінде басқарады. Енді уақытша әкімшіліктің нақты қандай қызметтер атқаратындығына мұқият тақталайық.

Заң жүзінде банкте уақытша әкімшілік тағайындауға мынадай негіздер болуы керек:

  • банкті төлемге қабілетсіз деп тану;

  • барлық банктік немесе жекелеген операцияларды жүргізу лицензиясынан айыру.

 

Атап өту керек, уақытша әкімшілік банктің басшылығынан құралмайды. Оның құрамын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) тағайындайды.  

Уақытша әкімшілік банкті лицензиясынан айырғаннан кейін ғана емес, оған дейін де тағайындала береді. Орын алған жағдайға байланысты уақытша әкімшіліктің атқарымдары мен міндеттері өзгеше болуы мүмкін.

 

Банкті лицензиясынан айырғанға дейін

Бұл жағдайда ҚНРДА банкті лицензиясынан айырғанға дейін онда бір жылдық мерзімге уақытша әкімшілікті енгізуі мүмкін. Ондағы мақсат – банктің қызметін оңалту, төлемге қабілеттілігі көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік жасау. Банктің мұндай жағдайдағы жұмыс режімі консервациялаудың арнайы режімі деп аталады.

Уақытша әкімшілік консервациялау аясында мынадай атқарымдарды жүзеге асырады:

  • банкті басқарады;

  • төлемге қабілетсіздігін реттеу бойынша шараларды жүзеге асырады;

  • қажет жағдайда банктің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін уақытша тоқтатады;

  • банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке өткізеді.

 

Уақытша әкімшіліктің консервациялау кезеңіндегі мақсаты – банктің қаржылық ахуалын сауықтыру. Бұл үшін қажет болса қаржылық сауықтыру жоспарын өзгерту бойынша ұсыныстар да енгізуі мүмкін. Әдетте іс жүзінде консервациялау бойынша мұндай опция сирек қолданылады    

 

Банкті лицензиясынан айырғаннан кейін

Егер консервациялау еш нәтиже бермесе немесе төлемге қабілетсіз банктің қаржылық ахуалын оңалту мүмкін еместігіне байланысты мұндай режім қолданылмаса, ҚНРДА оны лицензиясынан айырады.  

Бұл жағдайда уақытша әкімшілік қайта тағайындалады және тарату комиссиясын құрғанған дейін жұмыс істейді. Банкті лицензиясынан айырғаннан кейін тағайындалған уақытша әкімшілік:  

  • банкті басқарады;

  • банктің активтері мен міндеттемелерін түгендейді;

  • банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке өткізуді жүзеге асырады;

  • мүліктердің сақталуын қадағалайды;

  • берешектердің өтелуін реттейді;

  • сотта банктің мүдделерін қорғайды;

  • депозиторлардың тізімі мен кепілді өтем сомаларының есебін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ, Қор) тапсырады.

 

Уақытша әкімшіліктің құрамына ҚНРДА мен ҚДКБҚ өкілдері енуі мүмкін. Бұл ретте Қор өкілдерінің қатысуы депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер үшін міндетті болып саналады.  

 

Қиын қаржылық жағдайға тап болған банкті басқаруда уақытша әкімшілік өте маңызды рөл атқарады. Ол осындай күрделі жағдайда салымшылар мен кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайды, банктің мүліктерін сақтайды және маңызды қаржылық операцияларды жүзеге асырады. Осылайша уақытша әкімшіліктің жұмыс істеу механизмін білу салымшылар үшін қаржы мәселесінде дұрыс жол табуға және қаражатты лайықты қорғауға септігін тигізері анық. Банкті лицензиясынан айырған соң, оның уақытша әкімшілігі ҚДКБҚ-ға салымшыларға төленетін кепілді өтем сомалары туралы мәліметтер ұсынады.


Өтем сомалары теңгемен төленеді және олардың көлемі шектеулі:

  • 20 млн теңге – теңгелік жинақ салымдар (депозиттер) бойынша;

  • 10 млн теңге – теңгедегі өзге депозиттер, шоттар және карточкалар бойынша;

  • 5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша (банкті лицензиясынан айырған күнге қарай нарықта белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша)

 

Егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы бар болса, сақтандыру жағдайы туындаған кезде әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасы ескеріле отырып, салымшыға жиынтық өтем сомасы төленеді, бірақ ол 20 млн теңгеден асырылмайды. Ал егер салымшының депозитіндегі ақшасы белгіленген шекті мөлшерден асатын болса, сол асқан бөлігін ол тарату комиссиясынан кезектілік тәртібімен ғана алады. Ал тарату комиссиясын ҚНРДА уақытша әкімшіліктен кейін тағайындайды. Бұл комиссия банкті тарату жұмыстарын, оның ішінде кредиторлармен есеп айырысу операцияларын жүзеге асырады. Кредиторлар арасында әрине, сол банкте депозит ашқан және ақшалары максималды кепілді өтем сомаларынан асатын салымшылар да болады.

   

Егер осы материал бойынша сұрақтарыңыз болса, Сіз 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына хабарласуыңызға болады немесе сұрақтарды info@kdif.kz поштасына не @kdif_ask Telegram-чатына жолдауға мүмкіндігіңіз бар.