Банкті лицензиясынан айырған жағдайда депозит бойынша кепілді өтемнің мөлшерін қалай есептеуге болады?

Банкті лицензиясынан айырған жағдайда депозит бойынша кепілді өтемнің мөлшерін қалай есептеуге болады?

Қазақстанда халықтың жинақ ақшасының сақталуын қамтамасыз ету және қаржылық қызметті тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында депозиттерге кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді. «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында нақты белгіленген, яғни кепілдік жеке тұлғалардың депозиттеріне, (ислам банктері мен олардың филиалдарын қоспағанда) барлық қазақстандық банктер мен шетелдік банктердің филиалдарының ағымдағы және карточкалық шоттарындағы қаражаттарға қолданылады.


Демек, сақтандару жағдайы туындаған кезде (банкті барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айыру) Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) заңнамада бекітілген лимиттер шегінде кепілді өтем төлеуді жүзеге асырады:      


·            ұлттық валютадағы жинақ депозиттер (салымдар) бойынша – 20 миллион теңге;

·            ұлттық валютадағы өзге депозиттер және карточкалар, шоттар бойынша – 10 миллион теңге;

·            шетел валютасындағы депозиттер, карточкалар және шоттар бойынша – 5 миллион теңге.


Келтірілген шәкілден көрініп тұрғанындай, максималды (шекті) кепілдік сомасы депозиттің түрі мен валютасына тікелей байланысты.


Кепілдіктің максималды деңгейі белгілі бір мерзімге салынатын жинақ салым бойынша қарастырылған. Мұндай салымнан ішінара ақша алуға болмайды. Тек толығымен алуға болады. Бұл үшін банкке алдын ала өтінім беру қажет. Банк өтінім келіп түскен сәттен бастап, күнтізбелік 30 күннен кейін беруге міндетті. Бұл ретте салымшы жинақталған сыйақыдан толығымен дерлік айырылады.


Депозиттердің қалған түрлеріне мына салымдар жатады: (1) салымшының алғашқы талабы бойынша ішінара немесе толық алуға болатын талап етілмелі салым; (2) жинақ салымдар секілді белгілі бір мерзімге ашылатын мерзімді салымдар, бірақ олар бойынша мерзімі аяқталғанға дейін ішінара немесе толығымен ақша алуға болады, бұл ретте сыйақы ішінара жойылады; (3) мерзімсіз салымдар, олар бойынша кез келген уақытта азайтылмайтын қалдық шегінде ақша алуға және үстінен ақша салуға болады; (4) шартты салымдар, олар бойынша ақша шотқа банк салымы шартында белгіленген мән-жай туындағанға дейін салынады; (5) сондай-ақ ағымдағы және карточкалық шоттардағы қаражаттар.


«Осылайша ақшаны мерзімінен бұрын алу шарты жинақ салымның маңызды ерекшелігі болып табылады – Азаматтық кодекске сәйкес банк жинақ салымды салымшының талабы келіп түскен сәттен бастап, күнтізбелік 30 күннен ерте емес мерзімде беруге міндетті. Жинақ салымды мерзімінен бұрын алуға қатысты қатал талаптар қарастырылғандықтан, ақшалай қор жинаудың бұл түрі банктерге жоғары сыйақы мөлшерлемелерін ұсынуға мүмкіндік береді, ал Қор тарапынан жинақ салымдар бойынша ең жоғары кепілдік мөлшері белгіленген», – дейді ҚДКБҚ Төлемдерді автоматтандырылған есепке алу және талдау басқармасының бастығы Алуа Нұртөлеуова.


   Бұл ретте халықаралық тәжірибеге сәйкес сақтандыру өтемінің мөлшері сомасы бойынша шектеулі болып, салымшылардың басым бөлігін қамтуы тиіс, сонымен қатар депозиттердің елеулі бөлігі нарықтық тәртіп факторларының ықпалына қалдырылады. Айталық, Қазақстанда салымшы-жеке тұлғалардың шоттарының 99,8%-ы кепілдікпен толық көлемде қамтылған. Бұл елімізде халықтың басым бөлігінің жинақ ақшаларының сақталуын қамтамасыз етеді.   

 

Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің тиімділігін арттыру үшін салымшылар заңнама жүзінде бекітілген кепілдік мөлшерін біліп қана қоймай, өздерінің жинақ ақшалары бойынша кепілдік мөлшері қалай есептелетіндігін, сәйкесінше банк барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда кепілді өтем сомасы қалай қалыптасатындығын түсінулері тиіс.


Осыған байланысты, депозиттердің түрі мен валютасына қарай заңнамада бекітілген максималды (шекті) кепілдік мөлшеріне қарамастан, егер банкте жинақ салыммен қатар түрі мен валютасына қарай әртүрлі бірнеше депозит орналастырылған болса, онда барлық депозиттер бойынша жиынтық қалдық сомаға кепілдік берілетіндігін және ол 20 млн теңгеден асырылмайтындығын ұмытпау қажет. Бұл ретте жинақталған пайыздық сыйақы мөлшерлемелері және әрбір депозит түрі бойынша кепілдік сомасы ескеріледі.   

 

Мысалдар келтіреміз:


Теңгелік шот және мерзімді депозит. Банкте салымшының ағымдағы шоты ашылған. Оған карточка байланыстырылған. Сондай-ақ жинақ салымға жатпайтын, қарапайым депозиті де бар. Барлық ақша ұлттық валютада сақталады. Бұл жағдайда ағымдағы шот пен депозиттегі ақшаға және сыйақыға 10 млн теңгеден асырылмайтын көлемде кепілдік беріледі.


Теңгелік және шетел валютасындағы депозиттер. Егер жоғарыда аталған салымшы теңгемен ашылған ағымдағы шоты мен депозитіне қоса шетел валютасында қосымша шот ашатын болса, онда кепілдік берілген максималды өтем сомасы 15 млн теңгеден асырылмайды: 10 млн теңге теңгелік жинақтары, ал 5 млн теңге валюталық шоты бойынша төленеді. Мысалы, депозиттегі жинақ ақша – 1,5 млн теңгені, ағымдағы шоттағы ақша – 500 мың теңгені, ал ағымдағы валюталық шоттағы салым – 40 мың долларды құрайды. Нәтижесінде ағымдағы шот пен депозиттегі ақшаға 2 млн теңге мөлшерінде кепілдік беріледі, себебі ол 10 млн теңгені құрайтын максималды өтем сомасынан аспайды, ал долларлық шоттағы ақшаға 5 млн теңге көлемінде кепілдік беріледі (банкті лицензиясынан айырған күнге қарай белгіленген нарықтық айырбас бағамы). Осылайша жалпы кепілдік сомасы 7 млн теңгені құрайды.  

 

Жинақ салымды қосқанда, теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттер. Салымшы қарапайым теңгелік депозитпен қатар, 15 млн теңгеге жинақ салым ашты. Ал оның валюталық шотында 10 мың доллары тағы бар. Мұндай жағдайда теңгелік жинақ слымдағы ақшаға 15 млн теңге мөлшерінде кепілдік беріледі, долларлық шоттағы ақша да толығымен қорғалған (мысалы, айырбас бағамы 450 теңге болса, 4,5 млн теңге мөлшерінде), ал келтірілген мысалдағы жалпы өтем сомасы 19,5 млн теңгені құрайды, яғни салымшының жинақ ақшалары ҚДКБҚ кепілдігімен 100% мөлшерінде қорғалады.


Егер салымшының лицензиясынан айырылған банктегі жинақ ақшасы кепілдік берілген максималды (шекті) өтем сомасынан асатын болса, салымшы сол банктің тарату комиссиясына жүгінуі тиіс. Тарату комиссиясы өз кезегінде банк кредиторларының талаптарын (кепілдік берілген мөлшерден артық ақшалары бар салымшыларды қосқанда) Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында белгіленген кезектілік тәртібіне сәйкес өтейді.  

  

Алайда мұндай жағдайды болдырмас үшін, салымшылар мына қағиданы есте сақтаулары тиіс: әртүрлі банкте орналастырылған салымдарға әрбір банк бойынша жеке-жеке кепілдік беріледі. Осыған байланысты тәуекелдерді әртараптандыру мақсатында ҚДКБҚ салымшыларға қаражаттарын әр түрлі банкте кепілдік берілген максималды өтем сомалары шегінде сақтауға кеңес береді.   


Мысал:


Банктердің бірінде салымшының 15 млн теңгеге жинақ салымы орналастырылған. Депозиті бойынша кепілдік мөлшері 20 млн теңгені құрайды. Бұл депозитте 3 жыл ішінде жинақ сома есептелген сыйақыны ескере отырып, қалдық ақша 22 млн теңгеге жетті. Яғни, максималды кепілдік мөлшерінен асып кетті. Бұл жағдайда салымшы жинақ ақшаларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында басқа банкте тағы да жинақ салым ашып, артық ақшаны соған салуына болады. Осылайша оның жинақ ақшалары бойынша екі банкте берілетін кепілдік мөлшері 40 млн теңгеге дейін барады.

Салымшылар білуі тиіс, тағы бір маңызды жайт, салымшыға депозиттері бойынша кепілдік берілген өтемді төлеу барысында оның банк алдындағы берешектері, мысалы кредиті ескеріледі. Бұл ретте елімізде банктің клиентке қатысты қарсы талабы банкті лицензиясынан айыру күніне қарай кепілді өтемді есептеу барысында есепке алынады.


Мысал:


Банктен қарыз алу. Салымшының банкте 20 млн теңгеге жинақ салымы бар делік. Сонымен қатар ол осы банкте жылжымайтын мүлік алуға кредит рәсімдеді. Нәтижесінде банкті лицензиясынан айыру күніне қарай, кредит сомасы пайызымен бірге 5,1 млн теңгені құрады. Кепілдік мөлшері салымшының бүкіл жинақ ақшасын өтей алатындығына қарамастан, банктің клиентке қатысты қарсы талабын ескере отырып, 14,9 млн теңгені құрайды.   

Осылайша кепілді өтем мөлшері депозиттегі қалдық соманы, оған есептелген пайыздық сыйақыны және банктің лицензиясынан айырылған күніне қарай, оның клиентке қатысты қарсы талабын ескере отырып, есептеледі.

ҚДКБҚ кепілді өтемі ұлттық валюта – теңгеде жүзеге асырады. Сондықтан шетел валютасындағы депозит бойынша кепілді өтем төлеу барысында банк лицензиясынан айырылған күнге қарай белгіленген нарықтық валюта айырбастау бағамы қолданылады.


Мысал:


Шетел валютасындағы депозит бойынша кепілді өтем төлеу. Банкте салымшының шетел валютасында депозиті ашылған. Онда 10 мың АҚШ доллары орналастырылған. Банкті лицензиясынан айыру күніне қарай айырбас бағамы 450 теңгені құрады. Осылайша салымшыға төленетін кепілді өтем сомасы 4,5 млн теңге болады. Осы ретте банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, кепілді өтемді төлеу мерзімі басталғанға дейін нарықтық валюта айырбастау бағамы өзгеріп, 1 доллар үшін 430 теңгені құрады, ал салымшы кепілді өтемді алуға өтініш берген күнге қарай 435 теңге болды. Бұл жағдайда айырбас бағамы өзгерігеніне қарамастан, кепілді өтем сомасы бәрібір 4,5 млн теңге көлемінде сақталады.     


Атап өту керек, халыққа ыңғайлы болуы үшін ҚДКБҚ сайтының «Депозиттер және кепілдік» бөлімінде калькулятор орналастырылған. Соның көмегімен салымшы мына келтірілген жағдайларды ескере отырып, өзінің депозиті бойынша кепілді өтемді оңай есептей алады:   


- жинақталған пайыздық сыйақының болуы;

- депозиттің түрі мен валютасы;

- валюта айырбастау бағамы;

- банкте депозиттердің барлық түрі бойынша, оның ішінде карточкалық және ағымдағы шоттарда жинақ ақшаның болуы;

- банкте кредиттер бойынша берешектің болуы.


Айта кету керек, депозиттер бойынша халықтың хабардар болуын қамтамасыз ету мақсатында депозиттерге кепілді беру жүйесіне қатысушы банктер заң бойынша 2021 жылдан бастап, ҚДКБҚ бекіткен нысанда салымшылармен, оның ішінде электронды түрде банк шоты және (немесе) банк салымы шартын жасасу барысында оларға кепілді өтемнің мөлшері, төлеу тәртібі және мерзімі туралы хабардар етуге міндетті.  

  

Жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейту мақсатында ҚДКБҚ банк салымшыларын хабардар ету тәртібін жетілдіруді жалғастыруда. Айталық, ағымдағы жылдың наурызында ҚДКБҚ осы хабардар ету нысанын заңнамада бекітілген максималды кепілдік сомалары, сондай-ақ қатысушы банк барлық банктік операцияларды жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда кепілді өтем сомасын есептеу ерекшеліктері туралы ақпаратпен толықтырды.  


«Депозит нарығында өнімдердің сан алуан түрлеріне байланысты депозиттің нақты түрі мен оған қатысты кепілдік берілген максималды өтем сомасын анықтауда салымшылар үшін қиындықтар туындауы мүмкін. ҚДКБҚ осы жайтты ескере отырып, хабарлама нысанына заңнамада бекітілген кепілдік сомалары және оларды есептеу тәртібі туралы жалпы ақпаратты, сондай-ақ клиент шот немесе депозит ашу барысында қол қоятын өтініш немесе басқа да құжаттың сілтемесін енгізді. Хабарлау нысанында нақты депозит өнімінің сипаттамасы, түрі, мерзімінен бұрын алу шарты және шекті кепілдік мөлшері көрсетіледі, - деді Алуа Нұртөлеуова.


Айталық, биылғы жылдың шілде айынан бастап, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер клиенттер шот немесе депозит ашу барысында қол қоятын өтініштің немесе өзге де құжаттың бірінші бетінде салымның түрін, валютасын және оған тиесілі кепілдік берілген максималды өтем сомасын көрсетеді.


Қатысушы банктердің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл шара халықтың депозиттер бойынша берілген кепілдіктер туралы хабардарлығын және түсінігін арттырады деп күтілуде. Сондай-ақ аталмыш шара салымшыларға жинақ ақшаларының сақталуын қамтамасыз ету үшін саналы, дұрыс шешім қабылдауларына септігін тигізері анық. 

  

Қорытындылай келе еске саламыз, депозиттер бойынша кепілдік беру және банк лицензиясынан айырылған жағдайда өтем төлеу тәртібі туралы толыққанды мағлұматтармен ҚДКБҚ kdif.kz сайтынан, сондай-ақ соған қатысты сұрақтарды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask telegram-чатына жолдауға немесе 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына хабарласуға болады.