Қазақстандықтар депозиттерге қатысты кепілдіктер туралы қаншалықты жақсы біледі? ҚДКБҚ анықтап көрген еді

Қазақстандықтар депозиттерге қатысты кепілдіктер туралы қаншалықты жақсы біледі? ҚДКБҚ анықтап көрген еді

Қазақстандықтардың көпшілігі кепілді өтемнің ең жоғары мөлшері туралы жақсы біледі. Бұған Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жүргізген сауалнамасының көрсеткіштері (ҚДКБҚ, Қор) дәлел.


Бұл зерттеу 2023 жылы ҚДКБҚ әлеуметтік желілердегі алаңшаларында ұйымдастырылған болатын. Мақсат – халықтың банк салымдарының қорғанысы туралы хабардарлық деңгейін зерттеу және оған баға беру. Сауалнамаға барлық ниет білдірушілер жасына, біліміне және тұрғылықты жеріне қарамастан қатысуға мүмкіндік алды. Қор әлеуметтік платформада сұхбат алуды тұңғыш рет тәжірибе ретінде жүргізді.


Сауалнама 2023 жылдың наурызынан желтоқсанға дейінгі мерзімде өткізілді. Нәтижелер ай сайын Instagram және Telegram әлеуметтік желілерінде қазақ және орыс тілдерінде жарияланып отырды. Әлеуметтік желілер 376 507 адамды қамтығанымен, әрбір термесауалға (оны орналастыру ерекшелегі мен уақытты және контенттің кезеңділігін ескерсек), орта есеппен 30-дан 100 адамға дейін қатысты.


Аталмыш зерттеу депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы пікірлерді топтастыруға және салымшылармен кері байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Одан басқа, бұл әдіс Қорға әлеуметтік желілердегі өз аудиториясын жақсы ұғынуға және қоғаммен дұрыс, нәтижелі байланыс орнату үшін қандай құралдарды пайдалану керектігін анықтауға көмектесті.

    

Сауалнама нені көрсетті?


Кепілдіктің максималды мөлшері туралы термесауалға 109 адам қатысты. Бұл сома 20 млн теңгені құрайтындығын жауап берушілердің 70%-ы біледі екен. Ал 14%-ы депозиттер бойынша өтем лимиті 15 млн теңгеге жететіндігін мәлімдеген. Өз кезегінде респонденттердің 5%-ы кепілдіктің шекті сомасы 25 млн теңгені құрайтындығына сенімді болыпты. Бұл термесауалда қатысушылардың тек 11%-ы ғана бұл тақырып бойынша ештеңе білмейтіндігін көрсеткен. Сұрақтарға жауап берушілердің 59%-ы жинақ салымнан басқа, теңгедегі ағымдағы шоттар мен депозиттер бойынша максималды кепілдік сомасының қандай екендігін жақсы біледі.


Максималды кепілдік мөлшері туралы оң жауаптарға қарамастан, Қор мынаны еске салады: депозитті ашу барысында банктер клиенттерді кепілді өтемді төлеу тәртібі, әрбір депозит түрі бойынша максималды кепілдік мөлшері қандай екендігі, сондай-ақ ҚДКБҚ арнайы нысаны арқылы кепілді өтем сомасын есептеу ерекшеліктері туралы міндетті түрде хабардар етеді. Яғни салымшылар, өздерінің ашатын депозиттері бойынша кепілдік беру талаптарын алдын ала біле отырып, банк лицензиясынан айырылған жағдайда мүмкін болатын қауіп-қатерлерді ескеріп, дұрыс шешім қабылдай алады. Мысалы, жинақ ақшаларын заңнама бекіткен максималды мөлшерлер шегінде бірнеше банкке орналастыруларына болады. Өйткені Қор өтем сомаларын әрбір банк бойынша жеке-жеке төлейді.


Тағы да еске саламыз, салымшыларға төленетін кепілді өтем сомалары салымның түрі мен валютасына қарай: ұлттық валютадағы жинақ салымдар (депозиттер) бойынша – 20 миллион теңгеден; ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша – 10 миллион теңгеден; шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңгеден асырылмайды. Егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы ашылған болса, сақтандыру жағдайы туындаған кезде өтем сомасы әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып есептеледі, бірақ салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды.


Сұрақтарға жауап берген 97 адамның 27%-ы банктердегі жинақ ақшалар Қордың қорғауына алынғандықтарынан хабардар. Нақты айтар болсақ, бұлар – жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің әртүрлі банк салымдары және олар бойынша есептелген сыйақылар, сондай-ақ ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшалар. Осылайша Қордың кепілдіктері жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің барлық депозиттік шоттарына қолданылады, ал кепілдік берілген барлық шоттардың 99,8%-ын толық көлемде өтейді. Сауалнама нәтижелерін назарға ала отырып, Қор халықты қандай қаржы құралдары кепілдік беру объектісі бола алатындығы туралы хабардар етуді одан әрі жалғастырады.


«ҚДКБҚ кепілдіктері шетел валютасыдағы салымдарға қолданылады ма?» Бұл сұрақ 199 адамның қызығушылығын тудырды. Респонденттердің 64%-ы шетел валютасындағы салымдардың ҚДКБҚ қорғауына алындғандығын жақсы біледі, дегенмен дауыс берушілердің 4%-ы бұл сұрақтың жауабын білмейтін болып шықты. Термесауалға қатысқандардың 24%-ы тек теңгедегі салымдарға ғана кепілдік берілетіндігіне сенімді. Өз кезегінде респонденттердің 8%-ы «Иә, бірақ тек доллармен» деген нұсқаны таңдаған. Шын мәнісінде шетел валютасындағы депозиттерге ҚДКБҚ кепілдіктері қолданылады, бірақ төлемдер тек банк лицензиясынан айырылған күнге қарасты валюта бағамы бойынша теңгелік баламада – 5 млн теңгеге дейінгі көлемде жүзеге асырылады.

   

Белгілі болғанындай, терме сауалға жауап бергендердің көпшілігі ҚДКБҚ-ның кепілді өтемді қашан төлейтіндігін жақсы біледі – 51%-ы дұрыс жауап берген, яғни, әрине, бұл банк лицензиясынан айырылған жағдайда жүзеге асырылады. Өз кезегінде 32%-ы өтем ақша банк таратылып болған соң ғана төленетіндігін атап өткен. Ал жауап берушілердің 8%-ы депозит бойынша өтем сомасы банктің бас кеңсесі жабылғаннан кейін барып төленеді деп санайды.


Деректер көрсеткеніндей, кепілді өтемді төлеу мерзімінің басталуы туралы термесауалда респонденттердің 41%-ы төлем рәсімі 35 жұмыс күнінен кейін басталуы мүмкін деп көрсеткен, 8%-ы ҚДКБҚ өтем ақшаларды бір аптадан кейін-ақ бере бастайтындығына сенімді. Қатысушылардың 29%-ы бұл шара 6 айдан кейін басталады деп мәлімдеген.

     

Еске саламыз, өтем төлеу банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде басталады. Ал іс жүзінде тезірек болады. Мысалы 2020-2021 жылдардағы сақтандыру жағдайлары бойынша таратылатын банктердің салымшылары өздерінің қаражаттарына 6-8 жұмыс күні ішінде қол жеткізді.

  

Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктер (ДКБЖ) туралы термесауал да жауап берушілер арасында оған деген қызығушылықтың, сәйкесінше хабардарлықтың жоғары екендігін көрсетті. Онда 286 адам дауыс берді. Айталық, олардың 54%-ы Қазақстанда ислам банктерінен басқа банктердің барлығы ДКБЖ-ға қатысатындығын біледі. 36%-ы жүйеге банктердің барлығы кіреді деп жауап берген. Ал респонденттердің 9%-ы ДКБЖ шетелдік банктердің филиалдарынан басқа банктердің барлығын қамтиды деп мәлімдеген. Қазіргі уақытта елімізде екінші деңгейдегі 19 банк депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысады. Олардың қатарына ислам банктері кірмейді. Бұл ретте ДКБЖ-ға шетелдік банктердің Қазақстандағы филиалдары да қатыса алады. Қордың ресми www.kdif.kz сайтының «Депозиттер және кепілдіктер» бөлімінде ДКБЖ-ға қатысушы банктердің тізбесі берілген.

        

Термесауал аясында Қор сондай-ақ салымшылардың депозитті таңдау барысында қандай жайттарға назар аударатындығын анықтауды ұйғарды. Зерттеу қорытындысы бойынша қазақстандықтардың жинақ ақшаларды орналастыру үшін депозит таңдау барысында сыйақы мөлшерлемесіне (32%) және банктің сенімділігіне (38%) көп көңіл бөлетіндігі анықталды. Өз кезегінде респонденттердің 24%-ы олар үшін бірінші кезекте қаражатты шоттан мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі маңызды екендігін атап өткен. Жауап берушілердің 6%-ы депозит бойынша кепілді өтемнің мөлшері маңызды екендігін мәлімдесе, тек 1%-ы ғана ыңғайлы банкинг үшін дауыс берген. Бұл термесауалға 160 адам қатысты.


Алынған жауаптар салымшылардың өз қаражаттарын банкке орналастыру барысына барынша саналы түрде қарайтындықтарын және депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесінің депозит таңдауда жалғыз өлшемшарт еместігін көрсетті.


Көңіл қалайтын ақпараттық тақырыптар бойынша ҚДКБҚ-ға 119 адамнан жауап келді. Олардың 59%-ы «Депозиттердің түрлері» тақырыбы бойынша көбірек материалдар жариялауды өтінген. Бұл салымшылардың ақшаны жинау және молайту мәселесіне барынша жауапкершілікпен қарауға тырысатындығын білдіреді.


Жалпы аталмыш зерттеу шарасы қазақстандық салымшылардың депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы хабардарлығы жеткілікті деңгейде екендігін көрсетті. Мұны цифрлармен де растауға болады: халық депозиттеріндегі қаражат көлемі 20 трлн теңгеден асты.


Қаржылық сауаттылықты арттыру және халықтың хабардарлық деңгейін анықтау мәселесі банк жүйесінің тұрақтылығын нығайту және қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Егер адам өзінің жинақ ақшаларын сауатты түрде орналастыратын болса, банкті таңдау барысында оның сенімділігіне көңіл бөлсе және жинақ ақшаларды қорғау жүйесі туралы жақсы білсе, бұл банк жүйесіне деген сенімді арттыра түседі. Бұл үрдіс болашақта салымшыларға дағдарыстық жағдайларда үрейге бой алдырудан құтқарады. Халықтың хабардарлығы мен қаржылық сауаттылығы артқан сайын елдің қаржы жүйесі де тұрақты бола түседі. Сондықтан ҚДКБҚ халықтың банк салымдарының қорғанысы туралы хабардарлық деңгейін зерттеу және оған баға беру мақсатында 2024 жылы бүкіл Қазақстан бойынша кең көлемді сауалнама жүргізуде. Қор зерттеу қорытындыларын өзінің ресми www.kdif.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жариялайтын болады.


Еске саламыз, депозиттер бойынша кепілдік беру жүйесі туралы толыққанды мағлұматтарды ҚДКБҚ kdif.kz сайтынан оқып білуге, сондай-ақ сұрақтарды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask telegram-чатына жолдауға болады немесе жауап алу үшін 1460 тегін нөмірі арқылы ҚДКБҚ байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндік бар.