Қазақстандық банктердің қаражатпен қамтамасыз етілуі қалай өзгеруде – ҚДКБҚ шолуы

Қазақстандық банктердің қаражатпен қамтамасыз етілуі қалай өзгеруде – ҚДКБҚ шолуы

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) дағдарыстар, пандемия және отандық экономиканың ішкі факторлары нәтижесінде отандық банктердің операцияларын қаржыландыру көздерінің қалай ауысқаны туралы әңгімелейді және банктер өздерінің ұзақ мерзімді белсенді операциялары үшін тұрақты ресурс ретінде қандай қаржы көздеріне иек арта алатындығына баға береді.   

          

2008 жылғы ғаламдық қаржы дағдарысына дейін қазақстандық банктер негізінен сыртқы қарыздардың есебінен қаржылындырылып отырды. Ол кезде банктер үшін қорландыру құрылымының жартысынан астамын осы сыртқы қарыздар құрады. Банктер кредиттер мен еурооблигациялар есебінен белсенді түрде қаржыландырылды. 2007 жылдың басына қарай, банктердің сыртқы берешегі 33 млрд АҚШ долларынан асып кетті. Бұл олардың міндеттемелерінің 53%-ын құрады. Банктер тек валютада ғана қаржы алып қоймай, сол валютада халыққа кредит берді. Мұндай жағдайдың қауіптілігі сол, банктер валюталық қауіп-қатерлерді отандық несие алушылардың мойнына іліп қойды. Ал олар табыстарын әрине, негізінен теңгемен алатын. Орын алған жағдай көптеген банктердің қаржылық ахуалына кері әсер етті және кредиттік қатердің артуына себеп болды. Көп ұзамай дағдарыс та басталды. Сол қиын-қыстау кезеңде банктер тағы бір қиындыққа душар болды – әлемдік қаржы нарықтарында өтімділік (қолма-қол ақшалар мен тез сатылатын активтер) күрт төмендеп кетті, сәйкесінше пайыздық мөлшерлемелер де күрт жоғарылады. Бұл қарыз алудың қымбаттауына әкеп соқты. Міне, сол кезде ақшалай қор жинау құрылымын қайта қарау және оны өзгерту керектігі айқындалды.    


Соңғы жылдары Қазақстанның банк секторында жағдай айтарлықтай өзгерді. Дағдарыс үлкен сабақ болды. Кейін валюталық тәуекелдерді барынша азайту мақсатында 2016 жылы валютада табыс алмайтындарға валютада ипотекалық несие беруге тыйым салатын шара енгізілді. Бұл банктерге сырттан қарыз алу көлемін қысқартуға мүмкіндік берді: олар ішкі қаржы көздеріне ден қоя бастады. Бұл бірінші кезекте – халықтың депозиттері еді. 


Қазіргі уақытта салымшылардың салымдары қазақстандық банктер үшін негізгі және анағұрлым қолжетімді қаржыландыру көзі болып табылады. Жүргізілген реформалардың арқасында қазақстандық банктердің депозиттік базасы 2007 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта 33,8 трлн теңгеге (7 еседен астамға) өсті. Депозиттердің жыл сайынғы өсімі 20%-ға дейін барады. 2024 жылдың тамыз айының басына қарай, банктердің клиенттері – жеке және заңды тұлғалардың салымдары 38,5 трлн теңгеге жетті. Бұл Қазақстанның банк секторын қорландырудың 68%-ына тең.


Рисунок2.png


Банк секторы осылайша өзінің қаржы көзіне деген қажеттілігін ішкі ресурстардың есебінен толтыра бастады. Демек олар бақылауға, ырыққа көне бермейтін ғаламдық күйзелістерге төтеп бере алады деген сөз.    


Қазақстандық банктердің депозиттік базасының ішкі құрылымы да уақыт өте келе өзгеріске ұшырады. Долларлану деңгейінің төмендеуі соңғы жылдары депозиттердің құрылымында орын алған негізгі өзгерістердің біріне айналды. Банктер қорландырудың ішкі нарығына өте бастаған соң, ұлттық валютадағы депозиттер де өсуі тиіс еді. Алайда ұзақ жылдар бойы барлық салымдардың жартысынан астамы әлі де шетел валютасында сақталып келді. Мұны мынадай факторлармен түсіндіруге болады: экономиканың долларлануы жоғары деңгейге жетті, жылжитын-жылжымайтын мүлік нарығы АҚШ долларымен есептелді. Барлық ірі мәмілелер осы валютада жүргізілді. Одан басқа, тиянақталған валюта бағамының саясаты барысында күрт орын алған бірқатар құнсызданулар ұлттық валютаны әлсіздендіріп жіберді. 2016 жылы үкімет экономиканы долларсыздандыру бойынша кешенді шараларды белсенді түрде енгізе бастады. Соның арқасында бағаларды шетел валютасында көрсетуге тыйым салынды және резиденттер арасындағы мәмілелер теңгемен жасалатын болды. Осы ретте теңгелік салымдардың табыстылығын арттыру шешуші рөл атқарды. Сонымен қатар теңгелік депозиттер бойынша кепілдіктердің сомасы ұлғайтылып, валюталық депозиттер бойынша керісінше азайтылды. Нәтижесінде депозиттердің долларлануы біртіндеп төмендей бастады. Егер сонау 2015 жылы жеке және заңды тұлғалардың шетел валютасындағы салымдарының үлесі 72%-ды құраса, 2024 жылдың тамыз айының соңына қарай, бұл көрсеткіш барлық депозиттік базаның 26%-ын ғана құрады. Банк секторының реттеушілерінің қолданған шаралары депозит нарығының барлық сегменттерінде: салымшылардың түрі бойынша да, салымдардың түрі бойынша да долларлану деңгейінің төмендеуіне әкелді.


Қазақстанның банк секторындағы қорландыру құрылымының өзгерісі көп жағдайда мемлекеттің ықпалымен жүзеге асырылды. Мақсат – қаржы нарығының тұрақтылығын сақтау еді. Ал кейіннен оның даму барысы нарықтық жағдаяттың әсерімен түзетіліп отырды. Айталық, ұзақ уақыт депозиттік базаның өсуі жеке тұлғалар мен корпоративтік клиенттердің салымдарының тең дәрежеде ұлғаюымен түсіндіріліп келді. Алайда пандемия кезеңінен бастап, депозиттердің құрылымы салымшылар бөлінісінде аздап өзгеріске ұшырады. Қазіргі уақытта корпоративтік сектордың үлесі азайып, жеке тұлғалардың салымдарының үлесі артып келеді.   


Рисунок3.png


Бүгінде қазақстандық банк секторын қорландыру қаншалықты тұрақты?  

Банктердің ақшалай қор жинауының тұрақты болуы депозиттердің ұзақ мерзімді сегменттеріне (мерзімді және жинақ салымдар) тікелей байланысты. Банктер өздерінің ұзақ мерзімді белсенді операциялары үшін қаржы көзі ретінде осы сегметтерге арқа сүйейді. Қазақстанда соңғы жылдары депозиттік базаның өсуін барлық сегменттердегі салымдардың өсуімен түсіндіруге болады. Бұл ретте әсіресе мерзімсіз салымдардың өсуі ерекше. Қазақстандық банктердің бөлшек саудалық депозиттік базасының құрылымында мерзімсіз салымдар мен ағымдағы шоттардың алар үлесі 80%-дай болады.        


Рисунок1.png


Ақшалай қор жинауда мерзімсіз депозиттердің басым болуы: бұл жақсы ма әлде жаман ба – әрине, әрбір банктің жеке бизнес-моделіне қарай айқындалады. Бөлшек саудалық нарыққа және қысқа мерзімді тұтынушылық несие беруге икемделген, соған бейімделген банктер үшін қысқа мерзімді қорландырудың басымдыққа болуы заңды құбылыс: қысқа мерзімге қаржы алады, оны қысқа мерзімге несиеге береді. Одан басқа, мерзімсіз депозиттер, оларды мерзімінен бұрын алу бойынша шектеудің жоқтығына қарамастан, белгілі бір тұрақтылық дәрежесіне ие. Неге десеңіз, мерзімсіз депозиттер бір емес, көптеген клиенттердің қаражаттарынан құралған. Олар ақшаларын банктен бір күнде алмасы анық. Нәтижесінде, ақшалардың күн сайынғы ағыл-тегіл қозғалысына қарамастан, бұл сегментте ірі салымшылар аз шоғырланған. Сәйкесінше белгілі бір тұрақтылыққа ие деген сөз. Дейтұрғанмен ұзақ мерзімді несие беруге мүдделі банктер үшін әрине, нағыз, тұрақты қорландыру көзі керек-ақ. Сонда өтімділіктің жетіспеушілігін және активтер мен пассивтерге тиесілі мерзімдердің сәйкессіздігін жоюға мүмкіндік болады. Жалпы Қазақстанның банк секторынан біз ұзақ мерзімді несие беру жағының басымдыққа ие бола бастағанын байқаймыз. 


Рисунок4.png


Активтердің құрылымында ұзақ мерзімді кредит берудің басымдықа ие болуы – бұл өте жағымды құбылыс. Ол экономикамызда жағдайдың тұрақталып келе жатқандығын білдіреді. Бірақ енді бұл үрдісті сақтап қалу үшін банктерді ұзақ мерзімді қорландыру көзімен қамтамасыз етуді одан әрі дамыту қажет. Сол үшін банктер өз кезегінде тұрақты ақшалай қор жинау мақсатында әсіресе жинақ депозиттер үшін өте қолайлы жағдайлар әзірлеуге күш салуда. Яғни олар бойынша басқа депозиттерге қарағанда барынша жоғары пайыздық сыйақылар ұсынады. Мысалы, биылғы жылдың шілдесінде жинақ депозиттер бойынша орташа өлшемді мөлшерлемелер мерзімсіз депозиттерге қарағанда 2-4 пайыздық тармаққа жоғары болды.  


ҚДКБҚ да өз тарапынан тұрақты қор жинауды дамытуға үлес қосып келеді: қазіргі қолданыстағы депозиттерге кепілдік беру жүйесі теңгелік жинақ салымдарды сақтауға бағытталған – өйткені салымның дәл осы түрі бойынша максималды кепілдік мөлшері белгіленген. Нәтижесінде, мерзімсіз депозиттердің бұқаралық сипатқа ие екендігіне қарамастан, жинақ салымдардың өсу қарқыны басқа сегменттерге қарағанда жоғары болды және 2023 жылдың ортасынан бері бұл көрсеткіш 60%-дан асты.


Осылайша, отандық банк секторын ақша қорымен қамтамасыз ету әртүрлі факторлардың әсерімен біртіндеп тұрақты қор жинау көздеріне бет бұра бастады. ҚДКБҚ үрдістерге және олардың қандай бағыт алатындығына тұрақты негізде бақылау жасап келеді және мерзімді депозит нарығын одан әрі дамыту жұмыстарын жалғастыруда. 


Банктерді ақшалай қор жинаумен қамтамасыз етуде халық депозиттерінің қандай рөл ойнайтындығын бұған дейін ҚДКБҚ басшысы түсіндіріп өткен болатын


2024 жылдың 26 қыркүйегі, Алматы.